ЕҢБЕКТОРЫ ҚҰРДАС

Жалпы, бізде мемлекеттік қызметте жүрген азаматтар атына жақсы сөздер айтыла бермейтіні өтірік емес. Сірә, бұл — совет кезеңінде қалыптасқан жадағайлау ғадет, жазылмаған қағида болса керек. Ал, шындығында, олардың ішінде жеке өнегесімен де, тұлғалық қасиетімен де, отбасы берекесімен де көпке үлгі бола алатын азаматтар аз емес. Тіпті басшы хақында жөнді, орынды сөз айтудың өзін, өкінішке қарай, кейде жағымпаздыққа, жарамсақтыққа жоритындар табылады. Кісінің кемшілігін тіміскіленіп теруден кім пайда көріпті? Жаласы әшкереленіп, өтірігі үшін жазаланғаны болмаса, одан өзге бақытқа кенелгенін әзірге ешкім көрген жоқ шығар. Кім біледі, ондай пенделер Шәкәрім қажының:
“Біреудің мінін көргенше,
Жамандығын тергенше,
Өз ойыңды мазалап,
Өз бойыңды тазалап,
Өзіңмен күрес өлгенше!”- деген даналығын ескерсе, басқаша өмір сүрген болар ма еді?..
Біздіңше, мұндай құлық — ескіліктің сарқыншағы, сарсаң сананың қалдығы. Әйтпесе, қоғамдағы орнына, шен-шекпеніне, атқарған қызметіне қарамастан, жақсының жақсылығын жария етудің, барды бар деп айтудың несі айып?
Атап айтар болсақ, танымал азамат, салиқалы қайраткер, мінезге бай құрдасымыз — Ерлан Қошанов туралы бірауыз пікір білдіргенді жөн деп таптық.
Биыл ел болып 125 жылдығын атап өтіп жатқан Мұқаң — академик-жазушы Мұхтар Әуезовіміз өз саласының ауыр жүгін нардай мойымай көтеріп жүрген құрдастарын, замандастарын «еңбекторы» деп атаған екен. Бұл қарымы мықты жылқыға, қазанатқа теңегені ғой. Біз Ерекеңді мемлекетшіл қызметтің еңбекторысы деуге пейілдіміз. Себебі, ісі де, болмысы да соған лайық.
Іс барысында жіті білген жұрт құрдасымызды “сегіз қырлы, бір сырлы” жігіт деп бағалайды. Бұл абыройлы атақты ол дәл қазіргі жоғары лауазымына дейін иеленгені белгілі.
Ол білігі мен азаматтығын жас шағынан, сонау 80-жылдары Қарағанды политехника институтында оқыған, кейін Жезқазған металлургия комбинатында, кен байыту фабрикасында қарапайым слесардан бастаған жолында, еңбекпен жетіліп, Қазақстан ЛКЖО Жезқазған облыстық комитеті жұмысшы және ауыл жастары, әлеуметтік-экономикалық проблемалар бөлімінде істеген кезінде танытқан. Ол шақта да жастардың көңілінен шығу үшін жетекшіге жарасып тұратын қарым-қабілет, белсенділік, сондай-ақ жан-жақтылық, әсіресе өнер мен білікті үйлестіру қажет болатын. Сонымен бірге оның қалыптасу, есею жолы елдің көз алдында — азаматтық қадірімен, достыққа адал қасиетімен, тапқырлығымен, өткірлігімен биіктей түсті.
Замандастарымыз секілді біздің орда тұрғызар отызымыз еліміздің тәуелсіздік алған жылдарымен тұспа-тұс келді. Қаулап өскен құрақтай өңірлерден астанаға ұмтылған жастар өз тағдырының жаңа парағын бастаған еді. Аралас-құралас қатар жүрдік. Өз кәсібін, біліктілігін, тәжірибесін ел қажетіне жұмсаған орта буын биліктің әр тармағында адал еңбек етуге тырысты. Жетістікке мастанбадық, қиын міндеттерді орындау жолында тер төгуден қашпадық.
Ерлан Жақанұлы өзеуреп оза шаппады, кес-кестеп, әр істің басын шалмады. Қайта қай істе де оның ұстамдылық қасиеті отаншылдығын, ұлтжандылығын әдіптеп, толықтырып отырды. Оған қоса тумысынан адамгершілік құндылықтарға басымдық беріп, өзгенің пікірімен санасуды ар санамады.
Осы жылдарда құрдасымыздың мемлекеттік биік лауазымдарға ие болуы зор сенім мен терең жауапкершіліктің үдесінен шыға білуінен деп білеміз. Қарағанды облысының әкімі қызметінде жүріп өткізген Қаз дауысты Қазыбек бидің 350 жылдық мерейтойы,
“Сарыарқа кітапханасы” аясында мұрындық болған 100 томдық қазына, Әлихан Бөкейханның 15 томдығын шығаруға жәрдемдесуі, үш құрлық өкілін жинаған “Жезкиік” І халықаралық музыка фестивалі сияқты тағылымды іс-шаралары әлі күнге елдің есінде.
Ерлан Қошановтың мінезіндегі мемлекетшілдік қасиет, ұйымдастырушылық іскерлік қабілет ескерілмей қалмады. Бұған дейін абыроймен атқарған Президент Әкімшілігінің басшысы қызметі де оның тәжірибе мектебін айрықша бір асуға, шынайы биікке шығарды. Ал бүгінгі Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов туралы айтқанда, тәжірибелі мемлекет қайраткері ретінде депутаттардың заң шығарушылық жұмысын үйлестіріп қана отыр деп айту аздық етеді. Кезінде Сенаттың ең жас депутаты, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі басшысының орынбасары – Үкіметтің Парламенттегі өкілі ретінде жұмыстың қыр-сырын жақсы меңгеріп, әріптестерін де, Үкімет мүшелерін де абыройлы бастамаға жұмылдырғанына тарих куә. “Аманат” партиясының төрағасы Ерлан Қошанов — Президент айқындап берген жаңа Қазақстанды құруға атсалысып, саяси, экономикалық реформаларды жүзеге асырушылардың бел ортасында жүрген мемлекет қайраткері.
Мәжіліс төрағасы болудың жүгі ауыр екенін халқымыз көріп-біліп отыр. Қайда болсын сенімді ақтайтын адамға жауапкершілік артады. Ең бастысы — Мәжіліс төрағасы ең жоғары заң шығару органында қазір де және болашақта да өркендеуге бет алған көппартиялық үдерісті әріптестікпен, сабырмен, құрметпен, сыйластықпен қалыптастыруға еңбек сіңіріп келеді. Бұл да — өсу мен есеюдің белгісі, елдегі парламенттік мәдениеттің көрінісі.
Бүгін мерейлі жасқа көтерілген тұлғаны шын жүректен құттықтаймыз. 60 жас — адам ғұмырының елеулі өткелі десек те, алда — қоғам дамуымен, мемлекет өрісімен өзектес асқаралы асулары тұр. Асуда бірге болуға, өмір өткелдерінен бірге өтуге жазсын!

Дархан МЫҢБАЙ
фб парақшасынан