Еңбегі елдің есінде

Ынтымағы жарасқан ырысты мекен Мәдімар ауылының тұрғындары шаруашылығымыздың іргелі ел болып қалыптасуы жолында тер төккен алдыңғы буын ата, әкелеріміз, ардақты ағаларымызды әрдайым жылы ықыласпен еске алып отырады. Сондай-ақ, бірнеше жыл колхозымыздың басшылық қызметінде болып, ауыл ахуалының көтерілуіне өзіндік елеулі үлес қосқан Тойқара Наржанов ағамыздың дүниеге келгеніне биылғы мамыр айында мерейлі 100 жыл толып отыр.
«Жақсының жақсылығын айт-нұры тасысын» демекші, бұл кісінің игі істері жайлы көп айтуға болатын, артында аңызға бергісіз айшықты із қалдырған азамат.
Ол 1923 жылдың мамыр айында «Қарақұм» ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Жағдайына қарай тәрбиеленіп, заманына қарай білім алған талантты жастың еңбек жолы Отан соғысы басталған отты жылдарға тұстас келіп, 1941 жылы «Сарыбарақ» ауылындағы орталау мектепке мұғалім етіп жіберіледі. Келер жылы «Қарақұм» ауылына сүт фермасына меңгеруші болып ауысқан. Сол елден майданға алынып, қырғын соғыстың қайнаған ортасында талай елді мекенді жаудан азат етуге қатысады. Сондай ұрыстардың бірінде ауыр жарақат алып, соғысқа жарамсыз болып елге оралады. Елге келген соң «мен жаралы жауынгермін» деп қарап отырмай, еңбек майданына араласып кетеді.Жалпы кейіпкеріміздің соғыстан кейінгі еңбек жолдары ұйымдастыру,басшылық жұмыстарына байланысты болып нәтижелі қызмет еткен. Мысалы соғыстан оралған жылы «Қарақұм» колхозында бас бухгалтер, кейінірек осы шаруашылықтың басқарма төрағасы болып істеді. Бұдан кейін аудандық партия комитетінде бөлім басшысы, 1952 жылдан бастап Ленин атындағы колхозға партия хатшысы етіп жіберілді, кейінірек Кеңес колхозының басқарма төрағасы болып сайланды. Сонау алпысыншы жылдардың соңында «Октябрьдің 40 жылдығы» колхозына (қазіргі Мәдімар ауылы) бас агроном болып келіп, 1969 жылдың жазында осы шаруашылықтың басқарма төрағасы болып сайланды.
Т.Наржанов басшылық жасаған ұзақ жылдар барысында (1969-1983 жылдар) көпсалалы колхоз шаруашылығы көптеген жетістіктерге жетіп, толағай табыстарға ие болды. Қант қызылшасынан 500 центнерге дейін тұрақты түрде өнім алынып отырды. Ондаған қызылшашылар мен механизаторлар мемлекеттік ордендер мен медальдарға ие болды, звено жетекшісі Нұрмаш Түйтебаева Социалистік Еңбек Ері атағын алып, КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. Аты аңызға айналған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев шаруашылығымызға атбасын бұрып жақсы баға беріп кетті.
1976 жылы колхоз құс (үйрек) өсірумен айналыса бастады. Алғаш 5600 бас қана аналық үйрекпен жұмысын бастаған құс фермасы жылма-жыл мемлекетке құс етін өткізу жоспарын артығымен орындап, ауыл тұрғындарының қажетін өтей отырып, 1980 жылдың қорытындысында 21 000 басқа жеткізді. (Уағында қалыптасқан жағдайға байланысты үйрек ферма жұмысы 1988 жылы тоқтатылды).
Тойқара Наржанов шаруашылықта еңбек еткен жылдары ұйымдастыру қабілеті мол, білікті басшы ретінде көзге түсіп, ел сүйіспеншілігіне бөленді. Омырауына таққан мемлекеттік орден-медальдары өз алдына, ауыл тұрғындары жалпы жиналысының шешімімен орталықтағы ескерткіштер кешеніндегі тақтаға елге еңбегі сіңген ардагерлер қатарында портреті қойылып, ауыл ішіндегі бір көшеге есімі берілді. Қазіргі уақытта ауылдың өркендеп өсуіне еңбегі сіңген ерлер атындағы көшелер түгел жарықпен, сумен және газбен қамтамасыз етілген. Көшелерді абаттандыруға ерлердің ұрпақтары да — оның ішінде Наржановтың ұрпақтары да атсалысуда.
Ел игілігі жолында иманды іс атқарған осындай ерлеріміздің есімі мәңгі ел есінде дей отырып, бүгінгі таңда мерейлі ғасыр жасы аталып өткелі отырған ел ардақтысы Тойқара Наржановтың ұрпақтарына берекелі, аталарының атына лайық ғұмыр тілейміз!

Асан Әлмахашов,
Мәдімар ауылы Алқа билер алқасының төрағасы.