«Дулати» университеті қызметкерлерінің жалақысы толық төленеді

Бүгін М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің шаруашылық-техникалық қызметкерлері қаңтар айындағы қосымша ақылары бойынша өз арыздарын айтып, талап-тілектерін жеткізуге жиналды, деп хабарлайды университеттің медиа орталығы.

– Келіспеушіліктің туындауына қызметкерлердің 2023 жылға есептелетін қосымша ақыларының айлық жалақыларымен бірге түспегені себеп болып отыр. Ұжымдық шартқа сәйкес еңбекақы мен қосымша ақылар келесі айдың 10-на дейін жіберілуі тиіс.

Университет ректоры Мұхтар Байжұманов қызметкерлердің талап-тілегін тыңдап, сұрақтарына жауап берді.

Еден жуушылардың қосымша ақысы бүгін (31.01.2023) сағат 12.00-де түсті, ал басқа жұмысшылардың қосымша ақылары ертең (01.02.2023) 12.00-ге дейін есеп-шоттарына жіберіледі, – делінген жазбада.