Діни әдебиет ғылыми айналымға енуі керек

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Қазақстан қауымы үшін 2016 жылды «Дін және тарих тағлымы» жылы деп жариялағаны белгілі. Осындай игі бастама аясында өткен дөңгелек үстелге тек қазақстандық емес, Иран Ислам Республикасы мен Мысыр Араб Республикаларының да ғалымдары қатысты. Шарада сөз алған ҚМДБ наиб имамы Серікбай қажы Оразов Қазақстандағы Ислам діні кешегі 90-жылдардан бастау алмайтынын, оның тамыры сонау VII-VIII ғасырларда жатқанын тілге тиек етті. Осыған байланысты жақында Діни Басқарма тарихи тұлғаларымыздың діни мазмұндағы жырларын жинақтап «Дәстүрлі Ислам жауһарлары» атты кітап шығарды.

Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғылыми қызметкері Ғалия Қамбарбекова «Ғылыми кітапхана қорында сақталған парсы тіліндегі қолжазбалардың тарихи және рухани мәні» тақырыбында баяндама жасай келе бүгінгі үштілділіктің жаңалық емес екенін, кезінде ата-бабамыз үш тіл (араб, парсы, қазақ) еркін меңгергенін жеткізді. ҚазҰУ Шығыстану факультетінің қызметкері, филология ғ.к., доцент Төрәлі Қыдыр: «Бүгінде 30-дан астам Фараби бар дейміз. Соның қайсысы қазақшаға аударылып жатыр? Тек Клара Тәжікова ғана бір Фарабиді түпнұсқадан аударды. Қалғандары сол орысшамен жұмыс істеуде. Өйткені куфа, насх, талик, насталик сынды қолжазбаларда жазылған әдебиеттерді оқуға араб тілі, парсы тілі бөлімдерін бітірген кез келген адам қабілетті емес. Осыған байланысты қазір Шығыстану факультетінде арнайы «Шығыс қолжазбаларын оқыту методикасы» атты пәнді енгізіп отырмыз. Шетелден діни әдебиеттер келіп жатыр, соның қайсысы ғылыми айналымға енуде? Өзімізде де сандықтарда айналымға енбей қаншама діни әдебиет жатыр. Ғылыми айналымға енбеген соң, шетелдегі әдебиет не, сандықтағы әдебиет не, екеуі де бірдей. Қолдағы бармен мақтана бермей, оны халыққа жеткізу керек», — деді.

Дөңгелек үстелден соң сирек кітаптар көрмесін тамашалауға бардық. Қызметші қордағы сирек кітаптарды таныстыра келе Түркістанның маңынан тарихшылар тапқан бірнеше әдебиеттің мазмұнын білмейтінімізді, өйткені ешкім аудармағанын айтып өтті. Тіпті екі жыл бұрын тұсауы кесілген «Бабалар сөзі» 100 томдық жинағының тек жетеуі ғана діни әдебиет екен. Бастапқыда бұл көрсеткіш үш-ақ томды құраған. Расында да ойлантарлық жайт.

Пердәлі Рақым