Дінді құбыжық етіп көрсететін сәләфиттерге тыйым салу керек

Қазақ қоғамында үлкен талас тудыруға себеп болып жатқан дін мәселесі әлі күнге күн тәртібіндегі күйіп тұрған мәселе. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы дін, дәстүрлі Ислам мен қазақы діни таным төңірегінде туындаған сауалдарға қатысты пікір білдірді.

“Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын! Имам тек мешіттің ішінде отыра бермей, елді бірлікке, татулыққа шақыратын тұлға екенін халық бірте-бірте мойындап келеді. Имамдар жақсылықта да, жамандықта да халықтың арасында жүретінін еліміз ақырындап түсініп келеді”, – дейді Бас мүфти.

Бұл ретте соңғы кезде дәстүрді жоққа шығарушы ағым өкілдеріне қатысты да бірқатар сауалдардың қордаланып қалғаны рас.

“Шариғатымыз бен дәстүрімізді бөлежара қарауға болмайды. «Дін мен дәстүр» кітабына адамның дүниеге келуінен өмірден өткеніне дейінгі салттарымыздың бәрін енгіздік. Мәселен, тұсаукесер – шариғатта мақұлданатын амал. Ол дұғаның бір түрі. Әдетте тұсауды кімге кестіреміз – беделді, кемеңгер адамды таңдаймыз. Бұл – бала болашақта сол адамға ұқсаса екен дейтін амали дұға, ол шариғатқа қайшы емес. Біз шын мұсылманды мынау – діндар, мынау – дәстүршіл деп бөлмейміз. Дінімізді дәстүрлі дін деп айтатынымыз да сондықтан”, – деді ол.

“Біздің ата-бабамыз дінді білмеген. Дін бізге 1990 жылдары келген” дегенді айтатындар да бар. Олар дәстүрлі дінімізді мойындамайтын, басқа ағымда жүргендер. Бұлар қазақтың беташарын харам дейді. Келіннің ата-енесіне сәлем салуын құптамайды. Шынтуайтына келсек, салт-дәстүр деген тәрбие ғой. Ал Ислам қоғамды тәрбиелеу үшін келген дін. Келін түскен сәттен кімді сыйлау керек – беташарда тәлім ретінде айтады. Сәлем салу – үлгенге құрмет, кішіге – ізеттің бір түрі. Қазақтың отбасы институты осындай салт-дәстүр, жөн-жоралғыларды сақтағандығынан ғана аман сақталған. Біздің оны “дінге қайшы, ұстанымға жат”» деп айтуға қақымыз жоқ. Қайталап айтайын, дәстүр – шариғатқа қайшы емес. Қайшы дейтіндер дәстүрлі дінді түсінбейтіндер. Әрине, дәстүрдің озығы бар, тозығы бар”, – деп атап өтті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшысы.

Сондай-ақ, бас мүфти бөтен жолға кеткен жастарды түзу жолға бағыттауда да орасан іс атқарылып жатқанын жеткізді.

“Ондай топтардың жетегінде кеткен жастармен жеке-жеке кездесеміз. Былтыр 500-ден астам адам райынан қайтты. Аты-жөндері, телефондарына дейін көрсетіп, “біздің бағыт дұрыс емес екен” деді”, – дейді Ержан қажы Малғажыұлы.

Ал еліміздегі өршіген салафизм бағыты соңғы уақытта қатты белең алып, қоғамның бас ауруына айналғанын да бас мүфти мойындап, онымен күрес жүргізіліп жатқанын айтты.

“Қазақстанда дәстүрлі дін – Ислам, Әбу Ханифа мәзһабы, Матуриди ақидасы. Міне, біз осыны ұстануымыз керек. Осыны ұстанбаса – радикалды немесе жат ағым болып есептелуі тиіс. Қолына бейбіт күнде қару алып, бейбіт адамды мақсатсыз болсын, мақ­сатпен болсын, қандай да бір талап-тілексіз болсын, талап-тілекпен болсын өлтіру – мұсылманға тән қылық емес. Оларды ештеңемен ақтай алмайсыз. Оны бөліп-жарудың қажеті жоқ, олар – лаңкестер. Мүмкін жас болғандықтан, көбінің мақсаты жоқ шығар. Бейбіт адамды өлтіру – харам екені Құранда айтылған. Олар адамдар арасындағы мейірімге сенбейді, ізгілікке ұмтылмайды. Сөйте тұра шейіт болып, жәннаттық болуды аңсайды. Бұл ауытқу емес деп кім айта алады? Осыдан бірнеше жыл бұрын «Таблиғ жамағатқа» қарсы заң шықты. Олар бірден тыйылды. Әйтпегенде, мешіттерде ертеден кешке дейін дөңгеленіп алып, имамның айтқанын тыңдамай, құлақтарына құлаққаптарын киіп алып, өз ұстаздарының айтқанын тыңдап отыратын. Мешіттен шығарып жіберсең – біраз уақыттан соң қайта жиналып алады. Солар туралы заң қалай шықты, өздері жоқ болды”, – дейді Бас мүфти.

Алдағы уақытта діни басқарманың тікелей бұйрығымен имамдар уағыздарына қазақ жазушы, ақындарының шығармаларынан мысалдар мен түрлі қазақи ғибратты сөздерді де қосып түсіндірмек. Олардың арасында жыраулар поэзиясының өкілдері, Алтын Орда дәуірі әдебиеті, Қазақ хандығы дәуірінің қайраткерлері, Абайдан бері, Алаш қайраткерлері қамтылмақ екен.

Дереккөз: Stan.kz