ДИНАРА ҚОЖАНБЕРДИНА: МАҚСАТЫМ — ЕЛДІҢ НАМЫСЫН АБЫРОЙМЕН ҚОРҒАУ

Соңғы жылдары елімізде сары ала допты серік еткен қара көз қыздарымыз өсіп, деңгейі жағынан жоғарлап келеді. Белгілі волейболшы, 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында ұлттық командамыздың капитаны болған Елена Павлованың жаттықтыруымен 19 жасқа дейінгі Қазақстан құрамасы Тайландтағы Азия чемпионатын жетінші орынмен аяқтады. Ойынға қан жүгіртіп, волейболшыларға пас шығарып беретін «Алтай» волейбол клубының және Қазақстан жасөспірімдер құрамасының байланыстырушы ойыншысы Динара Қожанбердинамен сұхбаттасудың сәті түсті.

Динара Қожанбердина

Динара Қожанбердина 1998 жылдың 1-желтоқсанында Павлодар облысы, Екібастұз қаласында дүниеге келген. Ең алғаш жалпы спортпен 12 жасында айналысқан. Бірінші бапкері – Геннадий Нам. Намның жетекшілігімен Қазақстан чемпионаттарында ойнап жүргенде Ирина Қадырбекқызы жаттықтыратын «Спорт туризм академиясының» командасына шақырту алып, аталған клубта үш жыл ойнады. Одан кейін Олег Сычевті алмастырып жатқан Бурхан Қанболат талантты қызды өзі жаттықтыратын «Алтай» клубына шақыртып, өз командасынаның қатарына қосты. Динара Қожанбердина ойнаған ағашқы маусымда «Алтай» финалда «Жетісуды» жеңіп, Ұлттық лиганың жеңімпаздары болды.

-Спортпен айналысуға әке-шешең қарсы болған жоқ па, отбасыларыңда спортпен кәсіби түрде айналысқандар бар ма?.
-Бастапқыда анам қарсы болған, бірақ бапкерім хабарласып мән-жайды түсіндіргеннен кейін рұқсат етті. Ал отбасымызда менен басқа ешкім спортпен айналыспайды. Тіпті өзім де спортшы боламын деп ойламадым (күліп). Волейболдан бұрын би үйірмесіне қатысқанмын.
— Волейболды таңдауға не түрткі болды, биді неге жалғастырмадың?.
— Басында би қызық болған, уақыт өте келе қызығушылығым төмендеп, спортқа деген махаббатым оянды. Допты таңдауым қызық, волейболдан мектепшілік жарыс өтіп жатты, тек көрермен үшін барып қатты қызықтым. Алдыма мақсаттар мен міндеттер қойдым. Ақырын-ақырын ойнай бастадым, аз уақытта нәтижелер көрсеттім. Ойнаған бастапқы екі жылдың ішінде Қазақстан чемпионатында ойнадым. Жетістікке жеткен сайын адамда мақсаттар саны көбейеді екен. Одан кейін Алматыға келдім, ал ол жердегі діттегенім- жасөспірімдерден Қазақстан құрамасының қатарына қосылу болды. Ол мақсатым жүзеге асып, қазір Қазақстан жастар құрамасында ойнаймын. Ендігі арманым Қазақстанның негізгі құрамасына қабылданып, еліміздің намысын қорғау.
— Күніне неше уақыт жаттығасыңдар, демалыс жиі бола ма?.
— Күніне екі уақыт жаттығамыз. Ал бейсенбі және жексенбі күндері демалыс береді.

Динарааа01
Динара Қожанбердина (16) Қазақстан жастар құрамасының қатарында Азия чемпионатында

-Қазақстан жастар құрамасында екінші жыл Азия біріншілігіне қатыстың. Не түйдің? Біздің құрамамыздың несі артық, несі кем болды?.
— Шыны керек, волейболға өзге елде спорт деп емес өмірім деп қарайды. Мәселен Тайланд, Корея, Жапония және Қытай елдерінде ұлттық құрамаға іріктеу балажастан жүргізіледі. Ол елдермен волейболы енді дамып келе жатқан біздің мемлекетті салыстыруға келмейді. Біздің құрамаға осы жолы сенімділік, ұстанымдылық жетпеді. Мен келешекте құрамамыздың биік жетістіктерге жетіп, үлкен белестерді бағындыратынына сенемін. Біз әлі бірінші боламыз!.

Ел ішіндегі волейбол жыл өткен сайын қарқынды түрде дамып келеді. Клубтар арасында ғана емес ойыншылардың ішінде де бәсекелестік өте жоғары. Динара бақталастықтан қорықпайды. Күнделікті еңбек пен жаттығудың арқасында жетістіктерге жететініне сенеді. Спорттың өзі бәсекеден тұратынын түсінеді, сол үшін қорықпай осы жолды таңдады.

Жастар құрамасындасың, негізгі ұлттық құрама сапынан қашан көреміз? Ол тізімге ену үшін қандай ерліктерге барып  жатырсың?.
— Көп ұзамай қосылатын шығармын деп үміттенемін. Әрине, мақсаттарымның бәріне қолымнан келгенін жасаймын. Ол үшін бапкерлеріміз де, өзім де аянбай еңбек етеміз.
— Павлова қандай бапкер, нені талап етеді және жұмыс жасау барысы ұнады ма?.
— Шынын айтсам бапкер жағынан біздің жолымыз болды. Елена Павлова біздің еліміздегі ең танымал, шеберлігі жағынан деңгейі жоғары волейболшы. Өз кезегінде ұлттық құрамамызды тек алға сүйрегендердің бірі болды. Бар білгендерін енді бізге үйретіп жатыр. Сондай-ақ жаттықтырушының көмекшілері Сергей Трикоз, Антон Рубцов, Бикрам Тахпа мен Виктор Левин сынды дәрігерлердің ұлттық құрамамызға бергені мол. Осындай жандармен жұмыс жасау өте жақсы және әр ойынға сенімді қимылдауға септігін тигізеді.

Динара Қожанбердина (12) "Алтай" волейбол клубының сапында
Динара Қожанбердина (12) “Алтай” волейбол клубының сапында

Динара волейболшылардың ішінде Қазақстан ұлттық құрамасының және «Жетісу» волейбол клубының байланыстырушы ойыншысы Коринна Ишимцеваны үлгі тұтады. Кориннадан үйренетін сәттердің көп екенін айтады. Тәжірибе мен біліктілікті бойына молынан сіңірген Ишимцеваның ізін жалғауды ойлайды.

 Сұхбаттасқан: Серік ҚАНТАЕВ