ДІН МЕН ТІЛДІҢ ИЕСІ

 

 

«Мәшһүр Жүсіп» мешітінен бесін намазын оқып шыққан бала Арман Кереку қаласының кең даңғылдарының бірімен асықпай аяңдап келе жатты. Арманшыл Арманның ойы он саққа жүгіріп, санасы сан сақты кезеді.

Биылғы көктемде  Ертіс те  жылдағыдай тасымаған еді. Елдің айтуынша шығыстағы қысық көз көрші Ертістің басын өз пайдасына бола  бұрып алып бізге суды өте аз жіберген. Әуелде  Жаратушы Алланың  құдіретімен пайда болып, әлемдегі үш алып  елдің жерін басып өтуі арқылы Азияны көктей тіліп, сонау Қиыр Шығыстан  Солтүстік мұзды мұхитқа барып құятын бұл ұлы  дарияның зәмзам шырынына таласып Қазақ, Қытай, Орыс елдерінің тізгінін ұстаушылар  жыл сайын болмаса да ара-тұра кикілжіңдесіп  қалысатындары да бар.

VL06ADVp36ohFCHPSBJQTo9rYphe5rСонымен шілденің ортасы бола бере Арқада алапат ыстық басталып, құрғақшылықтың лебі сезіле бастады. Жерге дым тамбады. Өсімдіктер күйіп кетті. Малы барлар шөп іздеуде. Аптап ыстық құрғақшылықтан болып орман тоғайларда да жиі-жиі өрттер шықты. Таяуда біраз күн бойы қашсаң құтыла алмайтын Құдай қосқан көрші Ресейдің жерінде болған орман өртінен шыққан түтін Кереку қаласының үстінен баса тұншықтырып, бірнеше күн бойы әуеде қалқып тұрып алған  қап- қара  ыс  қолқаны қауып, онсыз да аптап ыстыққа зәрезап болған пенделердің ығырын шығарды.

Қала көшесі у-шу, зырылдаған машина, дырылдаған трамвайға қосылып жол жөндеген ауыр техникалардың ыңырана гүрілдеген,  ышқына пысылдаған дауысымен қосылып жұмысшылардың да даң –дұң айқай-шуы құлақ тұндырарлық.

Ертістің Кереку өңірінің осынау шағын ғана  келбетті қаласының іргесінде  ел экономикасының түпсіз зор  өңешіне дем беріп, жем тастап тұратын  тыныс мүшелері  іспетті  бірнеше алып өндіріс-заводтар орналасқан. Олардан шыққан  қара, көкшіл, және кейде іңірде  батып бара жатқан күн сәулесімен бозғылданып қызғылтым тартатын қою қошқыл түтіндерге адамдардың бойы үйренгені сондай, оны әдеттегідей көріп, аңғармайды да.

Осының бәрін ой елегінен өткізіп келе жатқан Арман  бүгін өзінің есейгенін  сезді.

«Иә, иә демекші… «өлмеген құлға құдай-ау, болып та қалды-ау міне жаз!», -деп «Қыз Жібек» жырында жырланғандай, міне қасиетті Рамазан айы ертең басталады. Аптап ыстықта  иманы кәміл адамдар ғана ораза ұстап Алланың сынағынан өте алады», -деп ойлады Арман.

Зырылдаған техникамен шапқылап жүріп  зуылдаған уақыттың қадірін білмей қаламыз-ау, кейде!

Уа, дүние деген…  Арман өткен жылы жұма күндердің бірінде  досы  Ермекке  еріп   қаланың ең көрікті жеріне орналасқан зәулім мешітке  өмірінде алғаш рет кірген еді. Сол жолы жанынан әрі- бері  қаншама өтіп, сыртынан құр тамсанып  көз салып  жүргені болмаса  ғұлама Мәшекеңнің атындағы бұл Алланың үйіне  бас сұғып, құлшылық жасап тұру  әлі күнге дейін ойына да кіріп шықпағанына іштей ұялса да, осы кіруі арқылы бұл мешітке  енді үнемі келіп тұратынына тәуба еткен- ді.

Алдымен  шырқай созылған азан дауысын тыңдай отырып, көмейіне өксік тығылып, желбезегіне ащы жас кептеліп, жылағысы келгендей болды. Содан соң жұма уағызын тыңдап отырып мешіттің биік күмбезінің соншалықты кең тыныс беретінін, ондағы құлшылық жасауға келген мыңдаған адамның әншейіндегі далада жүргендей жамырасып, айқайласып, жаға жыртыспай бір-біріне ізетпен «Ассалаумағаликум!» деп сәлемдесіп, Ұлы Жаратушыға деген ғибадатын соншалықты беріліп орындап, сол ғибадат –құлшылықтан соншалықты бір рахаттанып, жандары жай тауып жатқанын көрді. Өзінің де тынысы  біртүрлі кеңіп, сәждеден басын алмай жата бергісі келді…19926455_15086239_a001

Аллаға шүкір, сол күннен бастап мешіттен қолын үзген жоқ.

Қанша айтқанмен, бала кезден бір аулада өскен сыралғы дос қой, Ермек те мәз. Өз білгенінше бұған намаз оқу, дәрет алуды үйретті, арықарай «Бейнелі намаз» кітабы арқылы өзіде намаз оқуды  аз уақытта меңгеріп  алды.  Қыс бойы мешіттегі  «діни сауат ашу курсына» сабақтан тыс уақыттарда  қатыса жүріп  Жаратушы Ұлы Алланың шексіз хикметі мен нығметтеріне қанықты. Дәрістер тыңдап, ғұламалар еңбектерін оқыған сайын өзінің   талай күндерінің босқа өтіп жатқанын бағамдады.

Хазреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Адам баласы 3 нәрсенің қадірін білмейді, денсаулықтың, бос уақыттың және жастық шақтың»- деген екен.  Алла  Елшісінің (с.а.у.) мүбарак лебімен шыққан хадистерін зерделеп көрсе, ел билігіндегілердің ерекше назарында болатын экологиялық  өңірде сүріп, жасанды химикаттармен өңделген азық- түлікпен қоректеніп, табиғи тағамның не екенін білмей қалада өскен өзіндей балалардың денсаулығы туралы денсаулық министрлігі де пәтуа жасай алмайтынын түсінді.

Ал, бос уақыт пен жастық шақ ше! Ойнап- күліп жүріп он бес жасқа келіп қалыппын, осы уақытқа дейін ата- анама еркелегеннен  басқа не бітірдім, балалық  шағым қалай өтті десе ойына  көңіліне медеу етер ешбір дерек ілінбеді. Абай атамыз айтқандай  «құр босқа ыржақ- қылжақпен» зу етіп өте шыққан секілді.

«Сонда… сонда менің, өткен өмірімнен өзімді қанағаттандыратын жалғыз ғана нәрсе – кәлима шаһадат айтып, қасиетті Исламға бет бұруым ғана екен. Одан басқа іліп алар мардымды өзгеріс өмірімде болмаған екен- ау»,- деп ойлаған Арман өзін тура жолға бастаған Алла тағалаға мың да бір шүкіршілік айтты.

imgpreview (8)

Ол дала данасы болған Мәшһүр Жүсіптің атындағы мешітке  әр жұма сайын намазға  келіп жүріп мешіт кітапханасынан Ислам діні туралы кітаптармен қатар ұлы ойшыл Абай мен Шәкәрімнің, Мұхтар мен Ғабиттің мұраларын да көріп құныға оқи  бастаған еді.

Сонда бағамдағаны, өзі қазақ бола тұра өзгенің тілінде сөйлеп, «біреудің қаңсығы біреуге таңсық» деген күйді кешіп келгенін түсінді. «Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» дегендейін қайран да менің бабаларым өзінің  шұрайлы да бай  тілімен батыстың айтқыштарының талайының ойы түгілі түсіне кірмейтін сөз сараларын кестелеген екен- ау деп ойлады. Әлем елдері ішінде кеңдігімен алдыңғы ондыққа кіретін осы қасиетті  қазақ жерін ата-бабалары ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен ғана емес Алла Тағалаға иман келтіріп, бір тудың астында жиналған береке –бірлігімен анталаған жаудан қорғап келгенін пайымдады.  Арғысы «ақтабан шұбырындыдан» бастап кешегі «желтоқсан оқиғасына» дейін қазақтың жері үшін тек қазақтың ғана қаны төгілгенін ұқты.

«Тәуелсіздік алғанына 20 жыл енді ғана толған жас мемлекеттің болашақ тағдыры да оңай болатын түрі көрінбейді.  Алыстағы Америкадан бастап іргедегі Ресей мен Қытайға да «күлшелі баладай  сүйкімді» болып, аузының сілекейін құртқан мына менің елімді, Менің қазағымның көшін  тек Мен ғана  дұрыс жолмен алып жүруге тиіс екенмін. Ол үшін  Өзім дұрыс жол таңдай білуім керек.  Ол жол – қасиетті Ислам жолы»,- деп қорытындылады  15 жасар Арман өз ойын.

«Ертең  жыл он екі айдың төресі – қасиетті Рамазан айы басталады. Мен ендеше бүгін түнде тарауиқ намазына қатысып, таңсәріден ниет етіп Ораза ұстаймын», — деп шешті Арман.

Иә, Арман енді ораза ұстай жүріп Жерінің бүтіндігі, Елінің тыныштығы үшін Аллаға дұға жасайды, себебі қасиетті Рамазан айында, қасиетті  Қадыр түнінде тілеген дұға қайтарылмайды,   қабыл болады деп сенеді.

Өйткені Арман «он бесте отау иесі» жасына жеткендіктен   Алла Тағаланың Қазақ етіп   жаратқан  Елінің киелі қара шаңырағының Иесі!  Оның діні, ділі, тілінің Иесі!

                                                                                                                  Дайындаған: Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ