Ділдә апаның «Бір шымшым ойынан».

 

«Апа» деп құлыншақтың еміренгені қандай ! Бауыр-ет – балаңның аузынан шыққан осы «апа» сөзінің жалғыз өзі-ақ сүтіңмен барған мейірімнің  құлындаған  даусы-ау, шіркін , – дейді Ділдә апамыз.

Баяғыда тарихтың күре жолында күлдір-күлдір ат кісінетіп,кіреукеге тон киген кіл жақсының қайсысы «апаламаған»?! Ана-апаны кімдер әулие көрмеген?! Сол аруаққа айналып кеткен әйел затының кейбір тұлғаларын ауызға алып, ұлы жарықтықтарды орындарынан бір аунатып алу да ұлы парыз-ау, – дей келе  ежелгі тарихымызға көз жүгірте отырып мына төмендегі деректермен бөліседі :

Қазақтың ежелгі тарихында әулие атанған  Ұмай ене түсер әуелі ауызға. Бабаларымыз  Үш күмбез тауының  жартасына оның екіқабат кезіндегі бейнесін қашап қалдырған.

Арыстанбаб әулиені Құддыс пайғамбардың ұлы деседі. Оны тапқан – Әймен ана. Осы жарықтықтан қазақ, түрік туғандығы айтылады.  Француз жазушысы Анкетил Допоргінің деректерінде  солай айтылған деседі.

Дін мұсылманда Бекір ана,Қаранас ана есімдері ерекше құрметпен айтылады. Қаранас анадан арабтардың атасы – Ар-Сат, Бекір анадан парсылардың атасы – Пар-Сат туған деседі.

Еділ патшаны дүниеге әкелген – Бану ана.Qwh2BLVJ

Түрік халықтарын Қытайдан азат етіп, Еуразияны билеген Тоныкөк Білге қаған төсек тартып,ем қонбай жатқанда: «Сіз елге керексіз, ем сізге керек», – деп емдеп жазған жас қыз – кейін қағанның әйелі болған Есбике емші-әулие еді.

Төлебиден туған Мекіреде қырық бала болған деседі. 37 жасында,яғни үйленбей тұрғанда, айттырған қалыңдығы : «  Мен әлі жаспын. Қатынас жасап тұрыңыз. Енді он жылда  жиырма беске толамын. Пәктігімді сақтайық. Сосын өзіңізге қосыламын. Оған дейін он әйел алыңыз. Тұқымыңыз өсе тұрсын», -депті. Уәделі күні Мекіреге қосылады. Дана әйел  бәйбішелікті осылай ақыл-парасатымен  жеңіп алады. Мекіренің алдыңғы әйелдерінен туған көп баласын жиып алып, Үлкен Ана болады!  Қайсыбірде Алай хан одан сөзден жеңіліп,қырық баласымен қонаққа шақырып,халқын жинап : « Алай тауын бұдан былай Жұпар тауы  деп атаңдар», – депті. Жарықтық Жұпар бәйбішенің есімі осылай  халық жадында қалған.

Алатау батырдың анасы – Баһара шашты Дүр ана.

Ханбас батырдың анасы – он екі ата Байұлының қызы –Айпара ана.

Төрт құлақ әулиенің анасы – Дүния.

Қытай жансыздары у беріп өлтірген  әкесі Жомарт Қосай Садықтың қызы   Ағанай ана   Қытай елінің шаңын қаққан ержүректілігімен ел есінде қалған.

Жағалбайды билеген Есаманың әйелі – Алпыс ана  «Ақтабан шұбырындыда» , қалмақтармен соғыста күйеуі мен төрт баласы мерт болады. Ашынған ана 53 жасында мұздай темір құрсанып, бесіктегі сәбиін түйеге артып жетектеп, алты мың қазақ сарбазын жауға қарсы бастап шыққан. Содан жиырма екі жыл басқарған сарбаздарды.

Бұқар жыраудың :

Шешең сенің Баяулы,

Кісі еді аяулы.

Сусындатпай жібермес,

Жалғыз – жарым жаяуды , – деп жырға қосқан Баяулы ана – Бөгенбай батырдың анасы еді.

Әр-әр жерден оқып,керегін түртіп алып жүрген асыл аналар – аруақты әулие,ержүрек ,ақылман аналарды тірнектей берсек,тізіліп кете берері анық. Бұдан да көп шығар. Осындай аналарымыздың атын ардақ тұтып,келер ұрпағымызға мұра етіп қалдыруды парыз санағанымыз жөн, – деп  сыр шертеді Ділда Матайқызы апамыз.

Ұлт тарихындағы  ұлы аналарымыздың ұлағатын  ұлттық құндылық ретінде дерек көздерінен жинастырып ұрпақ игілігіне  ұсынған Ділдә апамызға Алла қуат берсін !

 «Бір шымшым ойдың» жалғасы бар . Сайтымызға көз сала отырыңыз оқырман қауым!