Демалғың келсе, Қараталға кел!

Талдықорған қаласының солтүстік жағында сан ғасырлар оқиғасының куәсі болған қарт Қаратал өзені күндіз күміс, түнде алтын болып ағады. Соңғы бес-алты жылда осы өзеннің жағалауында қаланың шағын Қаратал ауданы бой көтерді. Биік қабатты зәулім үйлер, Достық сарайы, Тіл сарайы, «Нұр Отан» партиясының жаңа ғимараты, теннис орталығы, Нұрсұлтан Назарбаев атындағы зияткерлік мектеп, балабақша және тағы басқа сәулетті әлеуметтікмәдени ошақтары көз тартады.

Енді міне, бір кезде тас-қиыршық болып бос жататын Қаратал өзенінің жағалауында Талдықорған қаласының тұрғындарын қуантып, жаңа көрнекті демалыс орны салынып, пайдалануға берілді. Бұл идеяның авторы — облыс әкімі Амандық Баталов қала тұрғындарының тынығып, демалуына арналған орынды аралап, жиналғандардың салтанатты жиынына қатысты.

Еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерейлі мерекесі қарсаңында ашылған бұл жағалаудағы демалыс орнында «Талдықорған: кеше, бүгін» деген фотокөрме жұртшылықтың назарын аударды. Шынында да, соңғы жылдары жасыл желекті Талдықорған қаласы құлпырып, жасарып, жайнап келеді. Жетісулықтарды тамаша жаңа демалыс орнының ашылуымен құттықтаған өңір басшысы Амандық Баталов:

Астанада Есіл өзені жағалауын көріп, Қаратал жағалауын көпшіліктің демалыс орнына айналдыру туралы тамаша идея туындады. Енді міне, өзеннен салқын самал соққан жағалауда жүздеген жастар мен қала тұрғындары демалатын аймақ ашылды. Мұнда үлкендер серуендеп, жастар пайдалы істермен айналысатын, жас құлыншақтар асыр салып ойнайтын орындар жетерлік, — деді.

Шынында да, жағалаудың жобасы бүгінгі күннің талабына сай жасалған. Адамдар отырып, әңгіме-дүкен құратын жайлы орындықтар, кішкентай балаларға арналған әткеншектер, скейт пен роллердром ойын алаңдары, велоспортпен айналысатындар үшін арнайы жол да жасалған. Жан-жағыңа қарасаң, жасыл желекпен көмкерілген орындар мен ертегілер әлемінен келген кейіпкерлердің мүсіндерін көресің.

Мыңдаған қалалықтардың қатысуымен күн ұясына жасырынғанда демалыс аллеясының шамы салтанатты жағдайда жағылып, аспанға от шашулар шашылды. Аллеяның моншақтай тізілген сансыз шамдары самаладай жарқырап, демалыс аймағының тамаша түнгі көрінісі жиналған жұртшылықты тамсандырды.

Бүгінгі қуанышқа арнайы шақырылған әншілер Мәдина Садуақасова, «Ринго» тобы, «Алатау әуендері», «Үш қоңыр» ансамбльдері концерттік бағдарламаларын көрсетті. Танылмал цирк әртісі Мұрат Мұтырғанов жас балаларды өзінің өнерімен мәз қылды. Демалыс алаңының ашылуына орай көркемөнер галареясының суретшілері мен қолөнер шеберлерінің туындыларынан ұйымдастырылған көрме де назардан тыс қалған жоқ. Жас жеткіншектер дойбы, шахмат, асық ойындарынан жарысты. Бұл мерекеге жиналған жұртшылық түннің бір уағына шейін көз тартар гүлзарларды, жасыл ағаштарды, сәулеттік мүсіндерді тамашалады. Қаратал жағалауында әсем ән мен күй шарықтады.

Нұрила Бектемірова