ДАРХАН САТЫБАЛДЫ СТРАТЕГИЯЛЫҚ МАҢЫЗДЫ ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫН АРАЛАДЫ

Жедел басқару орталығы Ішкі істер органдарындағы алдыңғы қатарлы құрылым болып есептеледі. Түркістан қаласында салынған облыстық полиция департаментінің жаңа ғимаратының жанында орналасқан орталық еліміздегі ең ірі кешеннің біріне айналмақ. Соңғы үлгідегі 126 монитор орнатылған орталық бүкіл облысты қамтуға қауқарлы. Барлық білім ұяларын да қадағалайды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бүгін құрылысы аяқталған жаңа ғимараттың жұмысымен танысты.
– Түркістанды Түркі әлемінің орталығына айналдыру бағытында жұмыс жүріп жатыр. Саяхатшылар көп келіп, туристік орталыққа айналсын десек, қалада қауіпсіз орта қалыптасуы тиіс. Бұл үшін осы ғимараттың маңызы зор. Тәртіп сақшылары соңғы технологияларды меңгеріп, Түркістанда қоғамдық тәртіп, қауіпсіздік жоғары деңгейде болуы қажет, – деді Дархан Сатыбалды.
Техникалық қамтамасыз етілген құрылымда полицияның қызметі басталып, маңызды міндеттер атқарылады. Жұмыстың қайнар көзі саналатын орталықта «102» желісіне соғылатын қоңыраулар қабылданады. Әрбір қоңыраудың артында үлкен командалық қызмет атқарылады. Ғимараттың жалпы ауданы – 3 га.
Дархан Сатыбалды Түркістандағы бірқатар стратегиялық маңызды құрылыс алаңдарындағы жұмыс барысымен танысты. Облыстық полиция департаменті ғимараттары кешенінің құрылысы аяқталды. Техникамен жабдықталып, жиһаздары орнатылуда. Жақын күндері пайдалануға беріледі. 4 қабатты ғимараттың ауданы – 15 365 м2.
470 адамға арналған Полиция департаменті ғимаратының жалпы жер ауданы – 4000 м2. Ғимарат бірнеше блоктан тұрады. Мәжіліс залы, спорт аумағы, 30 көлікке арналған арнайы тұрақпен қамтылған.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі