Дәстүрлі Астана экономикалық форумы басталады

Бүгін елордада жыл сайынғы Астана экономикалық форумы шымылдығын түреді. Форум екі күн, 25-26 мамырда өтеді.

Әлемге танымал сарапшылар, саясаткерлер, ірі қаржы құрылымдарының жетекшілері, халықаралық ұйымдардың басшылары, Нобель сыйлығының лауреаттары мен ғалымдар биылғы экономикалық форумның басты тақырыбын талқылау үшін Қазақстан астанасына жиналады. Астана экономикалық форумына «Жаңа экономикалық ахуал: әртараптандыру, инновациялар және білім экономикасы» тақырыбы арқау болған. Жаһанды жайлаған қаржы дағдарысы Орта Азия мен Кавказ елдерінің осал тұстарын көрсетіп, экономикасын шайқалтты. Бүгінде бұл топтағы бірқатар мемлекет әлемдік дағдарыстың зардабын тартып отыр. АЭФ-2016 сессияларының бірқатары қаржы және банк секторын дамыту перспективаларына, монетарлық саясат пен капиталды бақылау режиміне қайта оралу мүмкіндігіне арналмақ.
Форум алаңында талқыға салынатын маңызды тақырыптардың бірі –«Жаңа қаржы технологиялары».
Сондай-ақ форумда тұрақты даму мен экологиялық сын-қатер мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінеді.
Форумның құрметті меймандарының арасында Нобель сыйлығының түрлі саладағы лауреаттары бар. Биыл Астана экономикалық форумына Эдвард Прескотт, Кристофер Писсаридес пен Томас Сарджент, экономика бойынша Нобель сыйлығының лауреаттары мен басқа да ғалымдар шақырылған.