Дәрігерлер қан тамыры кесілген баланы аман алып қалды

Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасының хирургтері аяғының қан тамыры кесілген 5 жасар балаға тың әдіспен күрделі ота жасады.

21 тамыз күні жедел жәрдем қызметімен науқас бала ауыр жағдайда қалалық клиникалық балалар ауруханасына жеткізіліп, оң тізе астынан қан кету, аяқтың тізеден төмен бөлігінің көгеруі, мұздауы сынды белгілермен жансақтау бөліміне жатқызылған.

Мамандар оң тізе асты артериясы мен венасының толықтай кесілгенін анықтады. Балаға шұғыл түрде ота жасалмаса, аяғындағы жарақаты асқынып мүгедек болып қалу қаупі басым еді. Осыны ескерген тәжірибелі ангиохирург, анестезиолог дәрігерлер жедел ота жасады.

Хирургтар науқас баладағы тамырларының диаметрінің кішкентай болуына байланысты, микроскопиялық LEICA ONX аппаратының көмегімен ота жасаған. Операция кезінде мамандар үзілген тізе асты артериясын ұшпа-ұш жалғап тігіп берді.

«Отадан кейін аяқтың төменгі бөлігіне қан барып, жылып, тобық аймағында пульс пайда болды. Баланың қазіргі жағдайы қанағаттанарлық, үйге шығуға дайындалып жатыр. Тамырдың жарақатына дер кезінде жоғарғы медициналық көмекті дұрыс көрсетпеген жағдайда, көбіне дистальды бөлігі ампутациямен аяқталуы мүмкін. Ата-аналарға балаларына көңіл бөліп, қауіпсіздік шараларын сақтап жүруге шақырамыз», – дейді бөлім меңгерушісі Олжас Шынтасов.

turkystan.kz Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап…