Дүние, қызмет қолдың кірі

Бірде хан аң аулап жүріп, бір кедей қойшы жігітке жолыққан екен. Араласа келе ол жігіттің өте ақылды, сабырлы, данышпан екеніне көзі жетіп сарайына алып келіпті.
Сөйтіп жігіттің әр ісіне риза болған сайын қызметін жоғарлата беріпті. Аз ғана уақыттың ішінде жігіт хан қазынасының бастығы болып шыға келіпті. Оның тез жоғары көтерілгенін басқа уәзірлер көре алмай, жатса тұрса жігітті аңдып, бәле іздеген екен. Еш кірбің таба алмай жынданыпты.
♦ Ақыры бір тапқаны-жігіт күнде таң ертемен қызметке кіріседі екен.
Уәзірлер ханға барып: Ана жігіт күнде қазынаға кіріп, біртіндеп алтын ұрлап жүр деп шағым айтыпты. Оны естіген хан ашуланып, таң ата қазынаға кіріп, тығылып жігітті аңдыған екен.
♦ Бір кезде жігіт кіріп келіп, тығып қойған түйіншегін алыпты. Үстіндегі қымбат киімін шешіп, түйіншегінен өзінің кедей кезіндегі жұлым-жұлымы шыққан киімін, жаман жыртық шапанын киіп алып, айнаның алдына барып ұзақ қарап тұрып, өзіне-өзі айтқан екен.
Дүние, қызмет қолдың кірі. Кім болсаң да, қайда жүрсең де, кім болғаныңды, қайдан шыққаныңды ұмытпа. Ақылыңды ат теппесін! Алла түзу жолдан тайдырма!-деп дұға жасайды екен.
♦ Сосын киімін шешіп, түйіншегіне тығып, қымбат киімін қайта киіп, тірлігімен шығып кетеді. Күнде осылай қайталана беріпті. Ақыры жігітке риза болған хан оны өзінен кейінгі бас уәзір етіп сайлап, қара жапқан уәзірлерді жазалаған екен.
Бұл бір жақсы айтылған әңгімені әркім санасына қарай пайымдай жатар.