Дұрыс жолдан тайдурушы «адам»

— Сізге псиxолог емес, псиxиатр қажет,-деді дәрігер сөзімді бөліп. Сөйтті де, сыртқы есікті меңзеді.

Рас айтам, мұндай жағдай бұрын соңды басымнан өтпепті. Не нәрсеге зарын тартқанын, сайтан алғырдың. 21-ші қарашадан бері өмірімде көрініс тауып жатқан жағдайларды бастан аяқ боямасыз баяндап берген адамдарымның барлығы не теріс айналады, не жымиып құтылады. Тіпті, олардың арасында бейнетаспаға түсіріп мазақ қылғандар да бар. Не дейін? Сөзімнің құны  кетті. Зейініңіз жетіп ұғынам деп уәде етсеңіз, сізге де басымда болып жатқан жәйттарды ақтара отырайын. Ара-тұра астапыраллалап отыруды да ұмыт қалдырмаңыз.

Бәрі сол күні басталды. Мені жындыкеш еткен 21-ші қарашаны ешқашан қаперімнен шығармаспын. Әдеттегідей жұмысқа таңертең ерте оянуым қажет болатын. Бірақ олай болмады. Кібіртіктеніп қалған кірпіктерім әсте құлықсыз ашылды. Әйтеуір, меңіреу тыныштықта көзімді ашқаным есімде. Сізге де таныс жағдай ма, білмедім. Жоғарыға қарап өткенім мен бүгінімді таразылап жатқанымда ауырсынып қана есімді жидым.Сөйттім де, төбемнен жай түскендей төсегімді қолыммен қармай бастадым.

— Ұялы телефоным қайда? Сағат неше болды? Оятқыш неге ойнамаған?

Минутқа жуық уақыт ішінде он шақты осы сыпаттас сұрақтардың жауабын іздеуге тырыстым. Өзімді екі рет еріксіз боқтадым да. Керует астында шырамытып жатқан телефонымды тапқаннан кейін ғана сабама түскендей болмыс білдірдім. Кешігіппін. Сағат тілшесі түстенетін уақытты көрсетіп әжуалап тұр екен. Сол сәтте орнымнан ытқып тұрдым да жуынатын бөлмеге бір-ақ беттедім. Бастағы ауырсыну қолдарымды қалтыратып, денеме дегбір тапқызбады. Дәлізден құтылған бойы жуынатын бөлменің есігін ашқанымда түсініксіз жағдай алдымнан тосты.

— Ә, ояндың ба, ұйқыбас?-деді бейтаныс бір жігіт тісін шайып жатып. (Бейтаныс дегенім дұрыс па, бұрыс па білмедім. Оны кейінірек түсінерсіз)

Орнымда тапжылмай қатқан күйі тұра беріппін. Сенесіз бе? Бет әлпеті менікінен аумайды. Аумағаны былай тұрсын, шеттен көрген адам дәл мен деп ойлап қалар еді. Егізімнің сыңары секілді.. Бәлкім, фильмдердегі кейіпкерлер мұндай жағдайда есінен танып жатар ма еді?! Бірақ, өзімнің неге шалқалап құламағанымды сол бойы түсіне алмадым. Сілекей қатқан аузым ашылды да қалды.

— Не? Танымадың ба? Бұл мен ғой,- деп аузын менің ілулі тұрған орамалыма сүртті де, жанымнан өте шықты.
— Менің кім?-дедім әлсіз,баяу шыққан үнімнен кейін әзер жұтынып.
— Эx, сайтан алғыр! Сендей ақымақты алғашқы рет көруім. Айтпақшы, — деді де, кері бұрылып — Оятқышты  мен өшірдім. Аздап ұйықтап алсын дегенім. Әлі екеумізге тиесілі бітірілмеген біраз шаруа бар. Сен әуелі жуынып ал,- деп жатын бөлменің терезесін ашып, ішке ауа босатты.
-Түсінсем бұйырмасын, сен кімсің? Қандай шаруа? Саған не керек? — деген сипаттағы сұрақтарыма жауап қатуға ниет те білдірмеді. Тек ишаратпен кейін түсінесің дегенге келтірді.

Оның кім екенін, не мақсатпен жүргенін, ең маңыздысы — неліктен маған ұқсайтындығын мен де алғашында сіз секілді түсінбедім. Мүмкін, түсім бе екен деген оймен бетімді жудым да, мұздай ваннаның астында мүлгіп тұра бердім. Кенет, есікті қағып жатқан әлгінің дауысынан селк ете қалдым.

— Болдың бе ей? Тездет. Кетуіміз керек,- деп жатыр екен. Қайда,не үшін, не мақсатпен кететінімізді де түсінбей дал болдым. Шала-шарпы киіндім де, ұры көзбен есіктің саңылауынан ішкі бөлмеге көз тастадым. Қызық. Ешкім жоқ. Ақырын тұтқадан ұстадым да, аяқтарымның ұшымен алға сүйретіле бердім. Сенесіз бе? Мені әнтек қылған әлгі ізім-қайым жоғалып кетті. Есік болса кілттеулі қалпынан таймаған. Бөлмелердің барлығын тіміскілеп алғаннан кейін ұйқылы-ояу көрген түсім екен ғой деген ойға тоқтадым. Сөйттім де, асыққан күйі жұмысқа тарттым.

Жол бойы жаңағы оқиға көз алдымнан кетпей-ақ қойды. Тек кешіккен қызметкер ретінде кеңседе басшымнан сөгіс алуым ғана көріністі уақытша ұмыттырды.

Мен біреудің компаниясында ілініп-шалынып жүрген жай қызметкермін. Негізгі мамандығым — заңгер. Ал мен мұнда ұйымдастырушының жұмысын атқарамын. Жалақысы тәуір болғаннан кейін ойланбастан кірісіп кеттім, амал не? Жарайды, тақырыптан ауытқымайын..

Кешіккен себебімнен, сол күнгі жұмысым да түнге дейін созылатын болды. Директордан дұрыстап өтініп сұрасам, ерте қайтуға да мүмкіндік бар болатын. Тек танытқан жауапсыздығым үшін кешірім сұрауға менің зауқым соқпады. Намыс деймін-ау, бірақ ол кедейдің кербездігіне көбірек ұқсайтын. Ал жанымдағылардың бәрі келесі кездескенге дейін деп қоштасып жатты..

Құжаттарды реттеп жатып бір сәтке қалғып кетіппін. Мазасыз дабыл қаққан қалта телефонымның дыбысынан ғана үстелге жантайған басымды көтердім. Қоңырау Асыр досымнан екен. Азан шақырып қойған есімі — Атымтай. Біз оны неге екені белгісіз солай атап кетіппіз. Ол көбіне көңіл көтеру үшін кешкі уақытта ғана xабарласады. Тұтқаны алсам, тағы сол әңгімесіне баса ма деп көтермедім. Оның үстіне жиылып қалған шаруа да көп. Бірақ қоңырау сол күйі тоқтаған жоқ.

— Көтерсеңші телефонды,- деген дауыстан кенет шошып кеттім. Арқа тұсымнан өктем дауыспен шыққан сол сөз таңертеңгі жағдайды қайта есіме түсірді. Бісмілләмді айтып кері бұрыла бергенде, әлгі бейтаныс біреу сөзін жалғай түсті: -Досыңа көмек қажет болар. Біле тұра тұтқаны көтермегенің не?

Осы сәттегі таңданысымды жасырмаймын. Тілім тұтығып, мылқаудың күнін кешкендей болдым ба, білмеймін.

— Сен кімсің? Менен саған не керек? Шайтанбысың өзің? — дегенім есімде. Әрі қарай не болғанын Құдай біледі.

Көзімді ашсам, өз төсегімде жатыр екенмін. Асығып-аптығып киіндім де үйден шыға жөнелдім. Такси тоқтатып қойғаннан кейін ғана қалта телефонымды ұмытып кеткенім есіме түсті. Қай бағытқа баратынымды да шала түсіндірсем керек, жүргізушінің маған тесіліп қарап тұрғанын кейін білдім. Жұмысқа десем ол әсте түсіне қоймас. Оған нақты мекен-жай қажет емес пе? Сенбейсіз-ау, жұмысымның қайда екенін де ұмытып қалыппын. Әлде тілімнің ұшында тұрды ма, білмедім. Әйтеуір түсініксіз күйде көліктің есігін жаптым да, өзіме өзім уақыт бөлдім. Бәрін бағамдап алуға. Ол кезде мен ес білмейтіндей мас болмасам керек. Әлде? Алдыңғы түні жұмыстан кеш қайтқаннан кейін ештеңеге ұрынбап едім ғой деп өзімді ақтай бастадым. Жоқ. Мен өзі жұмыстан оралдым ба? Оралғаным анық қой, таңертең өз төсегімде ояндым. Онда неге мұның бәрі менің есімде жоқ? Осы секілді сұрақтар онсызда мазасызданып тұрған күйімді нашарлатып жіберді. Не де болса, үйге барып, аздап демалып, ұялы телефонымнан өткен күннің мән-жайын анықтайын деп ойладым. Және солай істедім де.

Білесіз бе, өткен түні Асыр досымның қоңырауын қабылдамаған едім ғой. Оның артынан әлгі бейтаныс тағы көрінді. Түнгі 3-те Атымтай досымның нөміріне өзім xабарласып, онымен жарты минуттай сөйлесіппін. Одан кейін тағы да тілдескен екенмін. Бір қызығы, үйге келгенімде керуеттің астынан босап қалған бір шөлмек сыраның бөтелкесін тауып алдым. Демек, Атымтай дегеніне көндіріпті. Әзірше, сізге түсінікті болу үшін барлығына Атымтайды жазықты ете тұрайын.

Бүгін қоңырау шалғандардың дені жұмыстағылардан екен. 17 қабылданбаған қоңыраудан кейін директорым жұмыстан кететінім туралы да xабарлама қалдырыпты. Бұл да бір аяғыма тұсау болды ғой деген оймен тездетіп киіндім де, сыртқа бет алдым. Аздап сергіп, содан кейін басқа жұмыс қарастырармын дедім өзімді жұбатқандай.

Білесіз бе, соңғы күндері өмірімде не болып жатқандығын түсінбей әлек болдым. Қол сілтей салуға да бір табан жақын тұратынды шығардым. Оның үстіне, ашулана беретін де қылығым пайда бола бастады. Басқасын қойшы, әлгі бейтаныс сол бойы көрінбей кетті. Кейде, ішімде өзге біреу отырғандай сезінемін. Есімді адастыратын секілді. Ішімдікке жаным құмартады да тұрады. Әрбір істе ішкі дауысым бұрын дұрыс емес санаған әрекеттерге бағыттайды. Бұл неден екен?

Ал өткен аптада мүшкіл xалімді көрген Әбіш есімді намазxан досым сүйреп жүріп мешітке кіргізді. Аздап ащыдан жұтып алып едім дегеніме қарамастан ертіп апарды. Шынымды айтайын, молданың сол кездегі уағызының жартысын тыңдап, жартысын тыңдай алмадым. Дегенмен, жүрегім жақсылықты қалады. Содан да болар, ептеп өзгеруге шешім қабылдадым. Солай дұрыс-ау..

Кешкісін имам берген оюлы кітапты бастап оқығаным сол еді, сыртқы есік қатты қағылды.

— Бұл кім болды екен?