Чо Ёнг-чон: …Қазақстанның тәжірибесін ескеруге шақырамыз

Жақында Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері университеті жанындағы Орталық Азиядағы Корейтануорталығы және Корея Республикасының Қазақстандағы елшілігінің  ұйымдастыруымен  аталмыш оқу орны студенттері мен ұстаздары Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чо Ёнг-чонмен кездесіп, «Кореяның бірігуі және Қазақстан» тақырыбындағы дәрісін тыңдады. Елші мырза Оңтүстік Корея мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 1992 жылдан бастап, саяси, экономикалық және мәдениет саласында да өзара ынтымақтастық арта түскендігіне, ал, 2009 жылдан бастап, қарымқатынасымыз стратегиялық әріптестіктің жаңа деңгейіне көтерілгеніне тоқталды. 2014 жылы екі мемлекет арасындағы тауар айналым мөлшері – 1,5 млрд. АҚШ долларына жетсе, Оңтүстік Кореяның Қазақстанға салған инвестиция мөлшері – 3,6млрд. долларды құраған. Бүгінде 2500-ге жуық корейлік азамат Қазақстанда тұрып, еңбек етіп жатыр десек, 200-дей корейлік кәсіпорын тұрақты жұмыс жасап жатыр. Мұндай мүмкіншіліктерге жетуде: Оңтүстік Корея мен Қазақстан арасында уақытша еңбек ету туралы Келісім мен визалық режимді алып тастау туралы келісімнің жасалуы, 2015 жылдың маусымында екі ел астаналары арасында «Сеул-Астана» рейсінің ашылғандығының зор ықпал еткендігін айта кеткен жөн. Бұлар өз кезегінде, көптеген істерде біздің мемлекеттеріміздің өзара ықпалдастығын арттыра түсті. Оңтүстік Корея үшін  Қазақстан – Корей түбегіндегі бейбітшілікті нығайтуға үлес қосушы ғана емес, сауда-экономикалық салада тиімді серіктес саналады. Мысалы: энергетика, құрылыс, денсаулық сақтау, ақпараттық технология салаларында бірлесе жұмыс істеп келетінімізді айтты. Корея Республикасының Қазақстандағы елшілігі мәдени салада да көптеген түрлі іс-шаралар өткізіп, екі мемлекет азаматтарының өзара түсіністігін арттыруға бар күш-жігерін жұмсап  жатқандығын атап көрсетті.

      Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чо Ёнг-чон: «1991 жылы Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алған шақта елбасы Н.Ә.Назарбаевтың елді дамытуда өзінің жоспарлары болды. Қазіргі таңда Қазақстанның осындай керемет жағдайға жетуі ҚР Президентінің жүргізіп отырған салихалы саясатының арқасы деп білемін. Сондай-ақ, ҚР Президентінің бастамасымен қабылданған дұрыс шешімдерінің бірі – ядролық қарудан бас тартып, атом полигонын жабу болды. Бұл қадам Қазақстанның экономикасының дамуына үлкен рөл атқарғандығына сенімдімін. Әрине, Қазақстан кемшіліксіз мемлекет емес. Ешқандай ел кемшіліксіз болмайды. Бірақ кез-келген елдің дамуы үшін ең маңыздысы – бұл дұрыс бағытта жылжу және осы бағытта азаматтардың қосып жатқан үлесі»- деп елші дәрісін жалғастырды.

    Қазақстан бастамасының Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жерде, ядролық қарудан бас тарту керектігін айтып, елдегі сынақ полигондарын жабуы бүкіл әлемге үлгі боларлық шара болатын. Оны жуырда Вашингтонда өткен ғаламдық саммит барысында бүкіл әлем мойындап, Н.Ә.Назарбаевтың «Манифест. Әлем. ХХІ ғасыр» бағдарламасын қызу талқылап жатыр.

Дәріс соңында елші студенттер тарапынан қойылған көптеген сұрақтарға түйінді жауап берді. Солардың бірнешеуін төменде назарларыңызға ұсынамыз:

-Біздің білуімізше, қазіргі таңда Солтүстік Корея ядролық қаруды дамыту бағытын ұстанады. Бұл жақын орналасқан елдерге қауіп төндіріп тұрғандығын білдіреді. Сіздің көзқарасыңыз қалай?

-Бұл сұраққа шешімді жауап беру қиын. Бәріміз білетіндей, Иран Қазақстаннан алшақ орналаспаған. Иран 1978 жылдарға дейін бақуатты ел болып келіп, 78 жылы елдің саяси бағытының өзгеруіне әкелген төңкеріліс орын алды. Иран ядролық сынақтар өткізуі мүмкін деген қауіптердің кесірінен АҚШ, Еуропа және Қиыр Шығыс елдері Иранмен экономикалық байланыстарын тоқтатты. Қазіргі таңда, халықаралық күш қосуларының арқасында Иран дұрыс жолды таңдап,басқа елдермен байланысын жандандыра алды.

-Екі елдің саяси, экономикалық бағыттары мен болашаққа көзқарастары әртүрлі. Сіздің ойыңызша, Біріккен Корея қай жолды таңдамақ және ол әлемдік аренаға қалай әсер етпек? Солтүстік Корея соншама жылдар бойы ядролық қаруды жасаудағы еңбектерін оңайшылықпен бас тарта ала  ма?

-Әрине, бұл көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақ. Корей түбегін біртұтас мемлекет ретінде қарайтын болсақ, 1500 жылдық тарихы бар екенін көреміз. Өкінішке қарай, 1950ж. ж. Корей түбегі екіге бөлінді. Оңтүстік Корея мен КХДР-дің бірігуі мәселесіне сіздердің де бейтарап көзқараста  емес  екендіктеріңізді осыған дейін ұйымдастырған эссе жазу байқауынан аңғардым. Сендер оны өздеріңнің диплом жұмыстарыңның тақырыбы етіп алып зерттеулеріңе әбден болады. Өйткені, тіпті екі мемлекет, Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея арасында татулық орнап, біріккен күннің өзінде қалыптасып қалған ұстаным мен өздерінің қол жеткізген жетістіктерінен бас тарта салу да оңай шаруа емес екендігі белгілі. Сондықтан, бұл сұраққа нақты жауапты ешкім де бере алмайды. Егер мен қандай да бір сәуегейлік ой айтсам, ол менің жеке пікірім болып қана есептеледі.

Эссе жеңімпаздарыОсы орайда жоғарыда елші мырза атап өткен эссе туралы айтып өтсек, Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ корей тілін оқып жүрген студенттердің арасында «Корей түбегінің бірігуі» тақырыбында эссе жазу байқауы өткен болатын. Бұл байқауға Корея Республикасының Қазақстандағы елшілігінен тағайындалған жүлде қоры да қомақты. Байқау нәтижесіне сай: 1-орын 3 курс студенті Изат Аида (500$), 2-орынды  3 курс студенті Мухаметкан Салтанат пен 2 курс студенті Лим Илона (әрқайсысы 300$-дан) бөлісті. Ал 3-орын 10 студент (100$-дан) иеленді.

Чо Енг-чон мырза кездесу барысында Оңтүстік Корея мен Қазақстанның өзара ықпалдастығы мен ынтымақтастығы турасында, Қазақстанның жарқын келешегі жайлы көптеген ойларын айтты «Әрине, мен көріпкел емеспін, бірақ Қазақстанның бүгінгі дамуына, сіздердің талапшыл, жаңашыл жүздеріңізге қарап, оның болашағының жарқын болатынына сенімім зор»,-деді ол өз сөзінде. Иә, еліміздің келешегі туралы игі ойлары мен мақсаттары жайлы Корея Республикасының қазіргі Президенті Пак Кын Хе де осыдан екі жылдай бұрын елімізге келген сапары барысында айтқан болатын. Онда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың антиядролық бастамалары, сонымен қатар, Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы Балқаш ЖЭС-і, Атырау мұнай-химия кешенін салу сияқты жобалар жайы да сөз болған еді. Корея Республикасының президенті: «Қазақстан географиялық тұрғыдан Еуразия құрлығының нақ кіндігінде орналасқан. Сондықтан да мен Қазақстанмен арадағы экономикалық ынтымақтастығымызды өзекті әріптестікке айналады деп үміттенемін»- деген болатын. Сонымен бірге «…мен адамдардың бәрі үйлесімді түрде өмір сүріп, ынтымақты еңбек ететін жаңа Жібек жолын құру тұжырымдамасын жасадым. Соның аясында Жібек жолы экспресін қалыптастыруды ұсындым. Бұл үшін алдымен логистикалық жүйелерді біріктіру керек. Бұл экспресс Оңтүстік Кореядан Солтүстікке, одан кейін Қытайға, Қазақстан мен Еуропаға аттана алады. Мұны теміржол арқылы жасау жөн. Қазақстан осы құрлықтың ортасында орналасқандықтан да басымдыққа ие. Біз сіздермен осы идеяны жүзеге асыру жолында тығыз ынтымақтасатын боламыз деп ойлаймын»- деген еді.

Міне, содан кейінгі уақыттың өзінде Қазақстан-Оңтүстік Корея арасында біршама істердің жүзеге асып жатқандығының куәсіміз. Сол кездесу барысында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев та Оңтүстік Кореяның тарихи қысқа мерзім ішінде аграрлық елден экономикасы дамыған жиырма елдің ішіне енгендігін ерекше ықыласпен атап өтті. Біз Оңтүстік Корея тарапының Еуразиялық экономикалық одақ идеямызбен сәйкесетін «Еуразиялық бастамасын» қолдаймыз. Солтүстік Кореяның ядролық қарусыз мәртебесі туралы Корея Республикасының идеясы мен ұсынысын, сондай-ақ, түбекті бейбіт негізде біріктіру мәселесін шешуді қолдаймыз. Біз солтүстіккореялық серіктестестерді ядролық арсеналдан бас тартып, полигонды жапқан Қазақстанның тәжірибесін ескеруге шақырамыз,деді.

Фариза Борантаева