Бурылда «Әділет» аллеясы ашылып, Хас батырға ескерткіш-тақта орнатылды

Бурыл ауылдық округінде «Әділет» аллеясы ашылды. Аллея ішіне өткен жылдың 26 тамызында Қайнар ауылы маңындағы №28349 әскери бөлімде орын алған жарылыс салдарынан туындаған алапат өтті сөндіру барысында ерлікпен қаза тапқан Құмжота ауылының тумасы, өрт сөндіру бөлімінің қызметкері, ІІІ-дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Әділет Әділбекке орнатылған ескерткіш-тақтаның ашылу рәсімі өтті.

Ескерткіш-тақтаның ашылу салтанатына жиналғандар алдымен боздақты бір минут үнсіздікпен еске алды. Аллеяның лентасы қиылды, батырға қойылған ескерткіш–тақтаның жамылғысы түсірілді. Батыр ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, ерлікке тағзым етілді.

Батырдың ерлігі өсіп келе жатқан жастарға үлгі екендігін айтты. Әділеттің сынып жетекшісі Төреғыз Қожахметова естелігімен бөлісті. Хас батырға арналған жырлар оқылды.

Айрықша атап өтетін жайт, «Әділет» аллеясы мен батырға ескерткіш-тақтаны кәсіпкер Саят Бекбосынның демеушілігімен 6 млн. теңгеге тұрғызылған екен. Аллея ішін көріктендіру жұмыстары жергілікті бюджет есебінен атқарылған. Атап айтқанда, аллея ішіне түрлі шырша ағаштары мен гүлдер отырғызылып, орындықтар, аспалы шам орнатылған.

Байзақ ауданы