Бозымбаев мырза, «ердің екі сөйлегені – өлгені», уәдеңде тұр!

Әкем марқұм: «Алапат соғыс аяқталды, елде тыныштық орнады. Сонда деймін-ау, Сталиннің темірдей тәртібі ғой, заттар, азық-түлік ай өткен сайын арзандай беретін», — деп, ризашылықпен айтып отыратын. Тәуелсіздік алғалы, өздеріңіз білесіздер, «бір зат арзандапты» деген жақсы, жылы сөз естімеппіз. Тек қымбаттау, қымбаттау. Қымбатшылықтан халықтың иығы әбден жауыр болды. «Біз бағаны ұстап тұрамыз!» деп үкімет мың мәрте уәде берді. Жиырма бес жыл бойы осылай айтып келеді. Халық алдында ұятқа белшеден батты. Бұл қауқарсыздық па, дәрменсіздік пе, әлде капитализмнің заңы солай ма, түсінбедік.

Жақында тұңғыш рет Энергетика министрі Бозымбаев мырза «арзандатамыз» деген сөзді айтып қалды. Министр электр қуатының неге қымбаттай беретінінің құпиясын ашқан секілді. «Бәрекелді!» дестік бәріміз қуанып. Мейлі, арзандамаса, арзандамасын. Ең болмаса басқалар қымбатшылықтың себептерін ашуға бір тырыспайды ғой. Соған күйесің, күйінесің. Электр қуатының еселеп қымбаттауына арадағы делдалдар кінәлі екен. Бозымбаевтың алдындағы сан-сан министрлердің бұған қалай ақылы жетпеген-а? «Сол делдалдардың бәрін құртсақ, электр қуаты өзінен-өзі арзандайды», — деді ол. «Аузыңа май, астыңа тай». Бірақ өтіріктен аузы әбден күйген бұқара «Әй, қайдам…» десіп отыр. Біз Бозымбаевқа «Ердің екі сөйлеген — өлгені» деген мақалды көлденең тартып, сеніп отырмыз. Өткен аптада тағы бір жылы хабар жылт етті. «Ақтөбеде газ арзандапты». Шынында да арзандаған екен. Енді қалған облыстар Ақтөбеден үлгі алсын!

ЕРТАЙ АЙҒАЛИҰЛЫ,

Халықаралық «Қазақстан-ZAMAN»

қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы