Бос жерлердi тиiмдi пайдалану – уақыт талабы

Мұрат ТАҒАЕВ, 

«Ордабасы құс» ЖШС-нің директоры

– Соңғы күндері осы уақытқа дейін жалға беріліп келе жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін Қазақстан азаматтарына сату қоғамдағы қызу талқыға түсіп отырған мәселе болып тұр. Мұның негізгі себебі, енді екі айдан кейін күшіне енгелі отырған Заңдағы өзгерістерді кейбір азаматтарымыздың оқып таныспауынан, толық түсінбеуінен туындап отыр. Бұл ретте жердің шетелдіктерге 25 жылға дейінгі мерзімге жалға берілуі азаматтарымызды алаңдатып отырғанын атап өткен орынды. Әрине, тұрғындарымыз, әсіресе, Қытайға жердің жалға берілуі оның түрлі химиялық тың-айтқыштарды қолдану салдарынан құнарын төмендетіп, 2-3 жылдан кейін жарамсыз болып қалуына түрткі болады деп санайтындығын түсінуге де болады. Бірақ, еліміздің Заңында пестицидтер тізіміне ресми енгізілмеген химикаттарды пайдалануға тыйым салынған. Яғни, Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты агрохимия қызметі мен жергілікті әкімдіктерге қарасты жер инспекциялары жер қыртысы мен оның жағдайын үнемі бақылауда ұстайтын болады және еліміздің заңнамасы бұзылып, тыйым салынған химиялық тыңайтқыштар пайдалану деректері анықталатын болса, жерді мемлекет меншігіне қайтарып алуға дейінгі қатаң шара қолданылады. Мәселен, өткен жылдың өзінде ғана 187 меншік иесі мен жерді пайдаланушыларға жер заңнамасын бұзғандығы үшін ескертулер берілді. Оның ішінде 171 субъекті 169,5 млн теңге көлемінде айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылған еді. Ауылда жермен тікелей айналысып жүрген кәсіпкер болғандықтан жалға алу мен меншігіңе сатып алудың ара-жігін жақсы білемін деп айта аламын. Айталық, жерді сатып алғаннан кейін ол өзіңнің жеке мүлкің болып саналады. Сондықтан оны барынша бағалай отырып, сол жерден өндірілетін өнімнің көлемі мен сапасын арттыруға күш жұмсайсың. Жердің тозып кетпеуін және де оның бос жатпауын қатаң қадағалайсың. Кепілдікке қойып, банктен несие алғанда да құнарлы жердің құны күнделікті өнім алып отырған жердің бағасынан жоғары болатыны дәлелденген.
2012-2014 жылдары еліміздің ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалға берілген жерлеріне түгендеу жүргізу барысында 7,4 млн гектарды құрайтын 19,2 мың учаскенің бос жатқандығы анықталды. Бұған қоса, сол жерлердің топырақ құнарының деңгейі де біршама төмендеп кеткен. Демек, жалға алушылар жердің құнарлы бөлігін ғана кәдеге жаратып отыр әрі жерді өңдеу кезінде заманауи технология мүмкіншіліктерін мүлдем пайдаланбайды деген сөз. Ал енді мен басқарып отырған компанияның үлесінде 49 жылға жалға алынған 2000 гектардан астам ауыл шаруашылығы жерлері бар. 1 шілдеден бастап күшіне енетін Заңдағы мүмкіндікті пайдалана отырып, енді сол жерімізді 10 жылдық мерзімге 50 пайыздық жеңілдікпен сатып алмақ ойымыз бар. Қорыта айтқанда, ұлтарақтай жер де шетелдікке сатылмайды. Ұлтымыздың баға жетпес байлығы жеріміздің қадірін біліп, оны тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығы саласында үздік әлемдік технологияларды қолдану арқылы оның құнарын арттыра отырып, сапалы өнім алуымыз керек. Ол үшін бос, пайдаланылмай жатқан жерімізге күтім жасайтын, құнарсыздануына жол бермейтін меншік иесі керек.