Бокс серкесі бақилық болды

Бүгін төрткүл дүние атақты боксшы Мұхаммед Алидің (Кассиус Клей) қайтыс болғанынан хабардар болды. 75 жасына қараған шағында дүниеден өткен аңыз адамның ұзақ жылдан бері Паркинсон ауруымен алысып келе жатқаны белгілі. Десе де, Финикс ауруханаларының біріне жеткізілген М.Алиге дем жетпей қалғаны туралы ресми ақпарат бар.

мухаммед

«Менің ең үлкен жетістігім – бокстағы чемпиондық емес, Алланы танып, исламға келуім» деген бір ауыз сөзбен әлемді өзіне қаратқан К.Клей спорттың серкесі болғаны өз алдына, рацизмге ашық қарсылық танытқан батыр, мұсылмандықты бәрінен жоғары қойған қайырлы үммет еді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у)-нің есімін иеленген бокс королі есімін «Атақтылар аллеясының» қабырғасына ғана қоюға рұқсат бергені естеріңізде болар.

мухаммед111

1960 жылы Римде өткен Жазғы Олимпиадада 81 келіде алтыннан алқа таққан даңқты боксшы сол жылы күзде кәсіпқой боксқа ауысып, алғашқы кездесуін өткізеді. Жиырма бір жыл кәсіпқой рингте тер төккен Мұхаммед Али 61 кездесу өткізіп, оның 56-сында жеңіске жеткен. Отыз жеті қарсыласын нокаутпен ұтқан шаршы алаңның сайыпқыраны спортпен қош айтысқаннан кейін араға үш жыл салып «Паркинсон» ауруына шалдығады. Ауыр дертіне қарамастан, құлшылығына бекем болған арда азамат өмірінің соңына дейін Алланы бір деп, Пайғамбар (с.а.у)-ді Алланың соңғы Елшісі әрі құлы деп мойындап өтті. Дін қабылдағанын жақтырмағандарға кешіріммен қарап, Алла жолында күллі адамзат баласына исламды насихаттауда атқарған қызметі ұшан-теңіз. «Мен Исламға келмегенімде әлем Мұхаммед Әли деген адамды танымай өтуші еді» деген боксшының афоризмге айналып кеткен әңгімелері өте көп.

75

Бүгінгі күні әлі жер қойнына тапсырыла қоймаған бокс майталманын бүкіл әлем жоқтауда десек артық айтпаған болар едік. Өйткені, Құранды ұлықтаған, ислам дінін жанынан да артық көрген азаматты Алла Тағала дүниежүзіне ыстық азамат етіп, дәрежесін көтерді. Рамазан айы есік қаққан тұста, Шағбанның соңғы күндерінің бірінде бақилық болған мұсылманды Алла рақымына алғай! Әмин!

«ЕлАна»