«Біздің елдің жігіттері – жігіттердің төресі»

1990 жылдардың басында ұлтымызды келімсектер таптап, қыздарымызды зорлап, намысымызды аяққа басып жүрген кезде қазақ азаматтары дүр сілкініп, атқа қонып, үлкен толқу болған еді. Сөйтіп ұры-қары, келімсектер елден аластатылды. Осы тұста көкірегі ояу, көзінде ұшқын бар ақын Есенқұл Жақыпбек Жәкен Омаровпен бірлесіп «Біздің елдің жігіттері…» өлеңін жазды.

Сол жылдары әнші-композитор Жәкен Омаровтың басына бір қиын іс түсіп, Жамбыл ауданының Қаныбек, Кеңес, Қапан, Есмахан,Тілектес, Әбен, Орынтай сынды рухы биік, бірлігі мықты жігіттері көмек қолын созып, тығырықтан алып шығады.Күрмеуі қиын іс жоғарыда атын атап өткен жігіттердің арқасында шешіліп, жаны қиналғаннан әрі ризашылықтан алай-дүлей күй кешкен Жәкен Омаров Есенқұл Жақыпбектің үйінің ауласында отырып, «Еса­ға, егер мен басқа жерде болсам, тағдырымның не болатынын бір Құдай біледі. Сіздің елдің жігіттерінің шарапатын көрдім. Сіздің елдің жігіттеріне деген алғысымды қалай жеткізсем екен, жақсылығын қалай қайтарамын?» деп сұрайды. Сонда ақын «Сенің «Сіздің елдің жігіттері» деген сөзің әдемі екен. Мен «Біздің елдің жігіттері» деген өлең шығарайын, сен соған ән жаз» дейді. Сөйтіп, жарты сағаттың ішінде жаңа туындының тұсауы кесіледі.   

Нұрлан ҚАЗИҰЛЫ