Біз бастысы нені түсінуіміз тиіс?

Қытайдың ежелгі құпия шежіресінде: «Қазақ халқы Жоңғар шапты дегенді естігенде батысы мен шығысы «аттан» деп өре түрегеліп, ғұсыл мен дәретін алып, жүзін құбылаға қаратып, екі бас намаз оқып, өлсек шаһитпіз, өлмесек куәгерміз ұрпақ үшін, ел үшін «Аллаһу акбар» деп жауға аттанады», – деп жазған екен. Міне, шығыстағы қас дұшпанымыздың өзі қазақтың ауызбіршілігі туралы осындай құнды мәлімет беріп отыр. Қандай қиын кезеңдерде де қарға тамырлы қазақ бөлінген емес, бір-біріне арқа сүйегендіктен аман қалып, дінін, тілін сақтап қалды. Сондықтан қазақ қай тұста болмасын «бірлік болмай тірлік болмас», «бірлік түбі – береке», «алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп түйіндеп отырады. Данышпан Абай: «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», – деп адамды, ұлттың қадірін, елінің қасиетін тануға үндеді. Себебі бірлігі кеткен елден береке қашатынын түсінді.

Рухани бірлігі мен дініне берік елді ешқандай қитұрқы уағыздар да, сыртқы мүдделер де ала алмайтынын тарихтан білеміз. Еліміздің бірлігі жолында Ислам дінінің ықпалы ерекше болды. Өткен ғасырларға назар салсақ, қазақ жерінде дініне берік рулар мен тайпалар «Қазақ» деген ұлт болып қалыптасты да, ал Ислам дінін ұстанбағандары «алтайлықтар», «ойраттар» ұлыс болып бөлініп, өміршеңдігінен айрылды. Ал, «Қазақ» діннің арқасында біріге отырып, ұлт болып қалыптасып, мемлекеттігін құрды.

Ислам – бейбітшілік, бірлік, татулық діні. Бұл туралы қасиетті Құранда айқын көрініс тапқан. Яғни ол «сәләм» деген ұлы ұғымнан шыққан, тыныштық және бейбітшілік тілеу болып табылады. Оған қоса Ислам дінінің бірлікке, тұтастыққа деген талпынысы белгілі бір ру, тайпаның, ұлттың немесе халықтың ғана емес, Жаратқанның барша адам баласының бір-бірімен жақындасуы үшін, бауырласуы үшін, өзара табысуы және сүйіспеншілігі үшін жіберілген дін.

Қазақ жеріне Ислам осыдан он екі ғасырдан астам уақыт бұрын келді. Содан бері біздің халқымыз Ханафи мазһабын (жол, мектеп) ұстанады. Исламның бір мазһабын ұс­та­нуға деген ынта халықтар үшін  бірлікті, тү­сі­ніс­тікті, ұйымшылдықты қалыптастырды. Оған бірнеше ғасырлар бойы Орталық Азияда діни негізде ешқандай қақтығыстардың, тартыс­тардың және өзара жауласушылықтың болма­ған­дығы дәлел болады. Діни танымдағы біртектілік бас­қа теріс ұғымдардың белең алуына жол бермеді.

Бүгінгі күні екі жолдың айрығында тұрған сындарлы сәтте дін қызметкерлерінің мақсаты – менталитетімізге сәйкес келмейтін бөтен бағыттағы ағымдардың алдына тосқауыл қою бір мәселе, адасушылықта жүрген бауырларымызды өзекке теппей мейірімділік таныту екінші мәселе. Біз дәстүрлі дініміз туралы жастарға қажетті білім берумен қоса, олардың осы ағымдарға деген көзқарасын қалыптастыру бағытында тұрақты түрде жүйелі жұмыс жүргізе отырып, халықты бөлінушілікке, бүлік тудыруға себеп болатын бір қатар мәселелерден сақтанғанымыз жөн сияқты. Мәселен: теріс жолдағылар деп сипатталатын кейбір діни ағым өкілдерінің соңынан шам алып түсіп, оның теріс жолда жүргенін бетіне басып, көзін шұқи бермей, арамыздағы айырмашылықтарды уағыз-насихат айтқанда, құлшылық кезінде бөлінушілікке еш себеп қалдырмастан барынша бауырға басу жетіспейтін сияқты. Өйткені біздің айырмашылықтарымызға қарағанда ұқсастықтарымыз басым. Алланы бір деп білеміз, Пайғамбарымыз бір, Құранымыз бір, Құбыламыз бір мұндай ұқсастықтарымызды жалғастыра берудің өзі артық етеді. Сондықтан дін қызметкерлері біздер қоғамдық пікірталас алаңында олардың кемшіліктерін бетіне баса бермей, бір-бірімізді бауырға басып сыйлауды, өркениетті түрде пікір таластыруды үйренуден басқа амалымыз жоқ. Ол үшін ең бастысы, уағыз-насихат жүргізе отырып, жамағаттың бауырмалдығын нығайтатын әлеуметтік, мәдени іс-шараларды жүйелі түрде жоспарлап жүргізуіміз керек. Басты мақсатымыз – мемлекетіміздің тыныштығы үшін қандай теріс пиғылды орта болса да ортақ ойға, бірлікке тартуды үйрену. Өйткені түрлі түсініктермен діни ағымдардың болуы табиғи құбылыс. Ол үшін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүние салысымен-ақ түрлі ағымдардың пайда болғанын еске түсірсек жеткілікті. Тек бұл мәселені шешудің сауатты жолдарын табуымыз ләзім.

Бұл орайда қасиетті Құраннан және Пайғам­бары­мыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өмірінен көптеген мы­сал­дар келтіруге болады. Мәселен, Құранда Алла тағала: «Біз сендерді үнемі орта жолды ұстанатын қауым еттік», – дейді. Ал, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ақиқатында дін – жеңілдік. Ендеше, дінге қатысты қарысып қалмаңыз, онда оған деген сеніміңіз суыйды. Адамдарды дұрыс бағытқа бастаңыз, оларды жақындастырыңыз және соған қуанатын болыңыз», – деп бауырмалдыққа, бірлікке шақыруды үндеп, ел тыныштығын әр мұсылманға аманат еткен.

«Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады». Бұл – тарихи заңдылық. Сондықтан, қазақ елінің бірлігі – мемлекетіміздің кілті. Қандай мемлекет болмасын оны  еш уақытта сырттан жау алмайды. Қазақ әлсіресе, алауыздықтан әлсіреген. Қуатты, іргелі ел болса, бірліктің арқасында «мойындыны идіріп, тізеліні бүктірді». Ең  алдымен ел арасында бірлік, ынтымақ, сабыр мен парасат, байсалдылық керек. Отбасының берекесі шаңырағының тыныштығымен және отбасындағы татулықпен келген. Мем­лекет те сол сияқты. Ендеше, жастың да, қайсыбір жасамыстың да дінге қатысты байсалды да өміршең ұстанымда болуына көп болып ықпал еткеніміз абзал.

Елін жанындай сүйген Ақтамберді жырау кейінгі ұрпағын «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға» шақырып тереңнен толғайды.
«Балаларыма өсиет:
Қылмаңыздар кепиет,
Бірлігіңнен айрылма,
Бірлікте бар қасиет», – дейді.

«Айнала алмай ат өлетін, айыра алмай жат өлетін» жұртқа айналу – ата-бабаларымыздың асыл арманы болатын. Бұл ұлтымның ұланымын деген әр қазақтың қол қайратымен, жүрек қуатымен келетін, көз тіккен асыл межеміз болса керекті.