Биыл өрттен көз жұмғандар саны көбейді

Шығыс Қазақстан облысында биылғы жылыту маусымында өрттен көз жұмғандар саны 27 пайызға артты. ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы жылыту маусымында өңір бойынша өрт саны 11,1%-ға төмендеген. Алайда қызыл жалыннан көз жұмғандар керісінше көбейіп отыр. Нақты айтқанда, 11 адамды құрап, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 27,2%-ға артқан. «Жылыту маусымы басталғалы тілсіз жаудан зардап шеккендер саны 37%-ға артты. Жазатайым оқиғалардың негізгі себептері – өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау, пештегі жарық және пеш мұржасының тазаланбауы. Өрт көбінесе жер үйлерден шығады (54,2%). Құтқарушылар өрттің алдын алу үшін 190 000-нан астам ауланы аралап шықты. Нәтижесінде, үйлерде қауіпсіздік талаптарын бұзудың 44 689 фактісі тіркелді», – дейді облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов. Жалпы облыс аумағында пеш жағып отырған әлеуметтік осал санаттағы 3174 отбасы бар. Департамент мамандары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, сол үйлерді екі рет аралап шыққан. Барлығы 2357 бұзушылық анықталды. Қазіргі уақытта 440 бұзушылық жойылған. Жылыту маусымы басталғалы бері демеушілердің көмегімен әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың үйлеріне улы газды анықтайтын 2476 датчик орнатылды.

turkystan.kz.