«Биссмиллаһ» және «Әлхамдулиллаһ»

Ғаламтор беттерінде «сөйлейтін кружканың» сатылымға шыққаны туралы бейнебаяндар жүр. Әрине, мұндай заманауи игіліктер үшін Алладан береке тілеуден өзге ойымыз жоқ. Десе де, сөйлейтін «ғажайыптың» негізі сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын!) сүннетінде жатқанын ескеру қажет. Бәлкім, бұл ыдысты енді ғана есі кіріп келе жатқан жас балаларға тамақтану кезінде де Алланы ұмыттырмау, Оны еске алдыруда таптырмас дүние деп қабылдармыз.

https://www.youtube.com/watch?v=rvy974KGJvY

Ертеде бір ғұлама ел аралап жүріп қызық жағдайға тап болады. Аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермейтін орақ тілді данышпанның да кішкентай нәрсені білмей қалған кезі ел аузында былай сақталған. Ғұлама игі жақсылардың дастарқанында отырғанда оған бір жас қыз өз қолымен бөлек ыдыста тамақ ұсынып:

-Тақсыр, осы тамақтың ақысы неде?,-деп сұрайды. Сұраққа тосылып қалған ойшыл не айтарын білмей қобалжып кетеді. Ойына ештеңе келмеген соң өзіне қолқа салады. Сонда әлгі қыз:

-Соны да білмейсіз бе, тамақтың басы – «Биссмиллаһ», ақыры – «Әлхамдулиллаһ» қой,-деген екен.

Иә, тамақ жеуді білсек те оның қарапайым әдептерін білмей жататынымыз, білсек те ұмытып жүргеніміз белгілі. Адамзаттың асылы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у)-нің хадистерінің бірінде «Астың берекеті – әуелінде және ақырында қолды жууда. Биссмиллаһ айтып бастаған асқа Шайтан лағнетолла жоламайды және соңында Аллаға мадақтар айтқан мұсылманға Алланың рақымы бар» делінген. Ендеше, сіз де бүгіннен бастап тамақ алдында және соңында қол жуып, асты «Биссмиллаһ» сөзімен бастап, соңында «Әлхамдулиллаһ» деп Аллаға мақтаулар айтыңыз.

Ермұрат ШОПАН