«Біреуге ор қазба…»

Бұл оқиға 1994 жылдың 23 наурызында болған. Бір қарағанда бұл оқиғаға адам сенгісіз, бірақ оны растайтын құжаттар Американың сот медицинасы академиясында сақтаулы.

Әбден өмірден түңілген америкалық Рональд Опус өз-өзіне қол жұмсамақшы болады. Өз-өзіне қол жұмсау алдында қаржыға мұқтаж екенін, әке-шешесінің оны түсінбейтіні туралы хат жазады. Содан соң оныншы қабаттағы пәтерінің терезесінен секіріп кетеді.

Осыдан бірнеше сағат бұрын, яғни Опус терезеден секірер алдында терезе жуғыштар жетінші қабатта сақтандыру торын керіп қойған екен. Кім біледі, мүмкін Опус оны біліп, әдейі әке-шешесін қорқытқысы келді ме екен? Бірақ тағдыр басқаша шешті. Рональд Опус тоғызыншы қабаттан құлап бара жатқан сәтте терезеден оқ атылып, бейшараның басының жартысын жұлып кетеді. Ал сақтандыру торына оның жансыз денесі гүрс етіп құлайды.
Полицейлер үйді қоршауға алып, адам өлтірген қанішерді іздестіре бастайды. Олар мылтықтың сегізінші қабаттан атылғанын анықтайды. Пәтердің есігін бойын үрей билеген, қорқыныштан дір-дір етіп, әрең тұрған егде адам ашады. Қасында әйелі бар екен. Өз-өзіне әрең келген шал мылтықты өз әйеліне атқанын айтады, бірақ оқ оған тимей, құлап бара жатқан Опусқа тиеді.
Адам өлтірді және өз әйелін өлтіргісі келді деген айып тағылады. Бірақ бұл іс тұйыққа тірелді, себебі әйелі де, туыстары да бірауыздан шалдың адамды қасақана өлтіруі мүмкін еместігін айтады. Өйткені шал ашуланған кезінде қабырғада ілулі тұрған мылтықты алып, кемпірін «қорқытып» қояды екен. Әрине, мылтықтың ішінде оғы жоқ екенін бәрі біледі. Бұл жолы белгісіз біреу мылтықты оқтап, орнына іліп қойған. Бұл кім екен?
Заң бойынша мылтықты кім оқтаса, сол кінәлі. Полицейлер әдейі мылтықты оқтап қойған адамды іздестіре бастайды. Қылмыскерді алыстан іздеп әуре болған жоқ, өйткені үйге кіріп-шығатын олардың ұлы Рональд Опус қана екен.
Полиция қызметкерлері Опустың әке-шешесімен қарым-қатынасы жаман болғанын, араларында жиі түсініспеушілік болғанын анықтайды. Әкесінің мылтықты алып, кемпірін жиі «қорқытып» отыратынын біліп, мылтықты әдейі оқтап іліп қояды. Оның ойынша әкесі әдеттегідей мылтықты алып басып қалады. Кемпір өледі, ал шалды түрмеге қамайды, міне, осындай ойды жүзеге асырғысы келген. Пәтер, әке-шешесінің бар жиған-тергені баласына қалады. Ал енді сол баланы қайдан іздемек? Сөйтсе, олардың баласы әлгі терезеден ұшып бара жатып басына оқ тиген Рональд Опус екен. Ол тура әке-шешесі тұратын пәтердің оныншы қабатында тұрады екен.
Опус терезе жуғыш жұмысшылардың торды құрып қойғанын біліп, әке-шешесін ұрыстыру үшін терезеден секіреді, ал әкесі мылтықты ала салып, кемпіріне кезейді, кемпір өледі деп жоспарлаған болу керек. Нәтижесінде өз оғынан өзі қайтыс болды. Біреуге ор қазба, өзің түсесің деген осы болу керек.

Мақсат Рсалин,

ҚР мәдениет қайраткері,

Журналистер одағы сыйлығының лауреаты