Бір ауылда екі жүз балуан

Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Жыңғылды ауылында дзюдо мен самбо күресінің секциялары ашылды. Сәду Нұрниязұлы атындағы мектеп-интернаты жанынан ашылған дзюдо секциясына бүгінде 200-ге жуық ұл мен қыз қатысып, жаттығып жүр.  

        IMG_3316 Ауыл спортын көтеріп, балалардың спортпен айналысып, бос уақыттарын тиімді пайдаланып, салауатты өмір салтын сақтауды мақсат тұтқан секцияның болашағынан бапкерлер қауымы үлкен үміт күтеді.    Қазіргі таңда дзюдо мен самбо күресінің секцияларынан жас балуандарды ҚР еңбек сіңірген бапкері Берік Жұмағалиев, облыстың дзюдодан аға бапкері Талғат Есекенов және бірінші санатты бапкер Ерлан Байысбай дайындап, жаттықтыруда, дейді Маңғыстау облыстық балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінің басшысы Манарбек Бисекенов.

-Нағыз мықты палуандар ауылдан шығады. Өйткені, ауылдың палуандары физикалық тұрғыдан мықты. Жыңғылды ауылындағы секция Ақтаудағы «Жастар» спорт мектебінің филиалы десе де болады. Бүгінде ауыл тұрғындары бізге өз алғысын айтуда, дейді М.Бисекенов.

         IMG_3228Болашағын спортпен байланыстыратын жеткіншектер де ауылда дзюдо мен самбо күресінің секциялары ашылғанына дән риза. Енді оқудан тыс уақытта балалар салауатты өмір салтын сақтап, спортпен шұғылданып, уақыттарын тиімді өткізетін болады. Дзюдо секциясының жеткіншектері Шетпеде өткен облыстық ҚР чемпионатынды топ жарып, бапкерлер сенімін ақтады. Аталған жарыстан 3 алтын, 2 күміс және 5 қола медальдарды иеленіп, ауылдың мерейін өсірді. Сондай-ақ, Талдықорган қаласында самбо күресінен КСРО-ның спорт шебері Нұржан Жармұхамбетовты еске алуға арналған турнирде жыңғылдылық жас балуан Бекзат Бергенқұл 50 келі салмақта белдесіп, қола медальді иеленді.

Айман Оңғарбайқызы,

Маңғыстау облысы