«БІЛІМНІҢ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ: ОТАНШЫЛДЫҚ, БІЛІМГЕ ҚҰШТАРЛЫҚ, ЕҢБЕКҚОРЛЫҚ» ТАҚЫРЫБЫНА АРНАЛДЫ

Жыл сайын дәстүрге айналған тамыз кеңесі кеше аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде «Білімнің басты құндылықтары: отаншылдық, білімге құштарлық, еңбекқорлық» тақырыбына арналды.
Тамыз кеңесіне қатысушылар алдымен мәдениет үйінің фойесіне қойылған аудандық білім беру жүйесінің жетістіктерін паш ететін көрмемен танысты.
Әрмен қарай пленарлық кеңестің жұмыс тәртібі бекітілген соң, аудан әкімі Бақыт Қазанбасов білім беру қызметкерлерін жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Жыл өткен сайын білім саласына қомақты қаражат бөлініп жатқандығын айтты. Жаңа оқу жылы қарсаңында Сеңкібай ауылында 100 орындық, ал Көктал ауылында 600 орындық мектеп жыл соңына дейін берілетіндігін жеткізді.

Ұстаздар қауымы алдында тұрған міндеттің ауқымдылығына екпін салып, білім қызметкерлерінің өткен оқу жылындағы қол жеткізген табыстарына ризашылығын білдірді. Өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі еңбектеріне табыс тіледі.

Бұдан кейін сөз алған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасы басшысының орынбасары Ербол Бақтыхожаев жас буынның бойына адалдық, парасаттылық, жемқорлыққа төзбеушілік қасиеттерін сіңіру мақсатында Департамент пен білім басқармасы арасында қолға алынған түрлі форматтағы іс-шараларға тоқталды. Сыбайлас жемқорлық сипатындағы іс-әрекеттерге жол бермеу, білім саласына бөлінген қаражатты тиімді пайдаланудың маңыздылығын егжей-тегжейлі жеткізді.
Мұнан кейін “Білімнің басты құндылықтары: отаншылдық, білімге құштарлық, еңбекқорлық“ тақырыбында Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының Байзақ ауданының білім бөлімінің басшысы Нұрболат Мамырбаев баяндама жасады.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әр адам қандай жетістікке жетсе де, білім берген ұстаздарын ерекше қадірлейді» деген сөзіне сүйене отырып Нұрболат Серікұлы соңғы 3 жылда білім беру саласында оқу-тәрбие жұмысының құрылымы мен мазмұны, оқыту әдістемесі өзгергендігін атап өтті.

-Жаңа оқу жылында білім беру саласына көптеген жаңалықтар енгізілді. Оқу жылының ұзақтығы 1-сыныптарда 35 оқу аптасы, 2-11-сыныптарда 36 оқу аптасы. Балаларды ерте кәсіби бағдарлау мақсатында 1-сыныпта “көркем еңбек” екі пәнге бөлінген “еңбекке баулу” және “бейнелеу өнері”. Сондай-ақ, мектептерде 5 күндік жұмыс аптасы сақталады. Қазақ тілінде жүргізілетін мектептердің 1-сыныбында “Әліппе” және “Ана тілі” пәндері оқытылады. Білім алушылардың білім жетістіктеріне (4-9-сыныптар) мониторинг жүргізіледі.
2022-2023 оқу жылына аудан мектептеріне 1-сыныпқа 2183 оқушы келуі жоспарлануда. Білім мен тәрбиенің бастауы болып табылатын мектепке дейінгі біліммен 3 пен 6 жас аралықтағы балалардың 100 пайызы қамтылған,-дей отырып, Нұрболат Серікұлы өткен оқу жылында аудан мектептерін 22004 оқушы бітіргендігін, ҰБТ қорытындысы бойынша аудан мектептері 84,2 орташа балл көрсеткендігін айтты.

— ҰБТ бойынша республикада жоғары 139 баллды Жамбыл атындағы орта мектептің оқушысы Айгерім Қапалбаева жинады. Сондай-ақ, ҰБТ қорытындысы бойынша №5, Амангелді, Берікқара, Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназия, Көктал, Ғ.Мұратбаев атындағы гимназия, Сарыкемер мектеп- гимназиясы, №1, Үлгілі мектептері үздік 10 мектептің қатарына енді,-деді Н.Мамырбаев.

Сонымен қатар баяндамашы мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, жалпы білім беру, білім сапасы, педагогикалық кадрлар, жас мамандарды жұмыспен қамту, өскелең ұрпақты отаншылдыққа, білімге құштарлық пен еңбекқорлыққа тәрбиелеу бағытындағы жұмыстарға екпін салды. Аудан, облыс, республика көлемінде өткен білім, өнер сайыстарында аудан намысын қорғап, жүлделі орындардан көрінген мектеп ұжымдарын атады. Бүгінгі ұстаздар қауымы алдында тұрған ауқымды міндеттерге тоқталып, келешекте ескерілуге тиіс жайттарды алға тартты.

Баяндамадан кейін Ғ.Мұратбаев атындағы гимназияның директоры Мұхит Нәметқұлов “Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытудағы цифрлық трансформациялау тәжірибе және жүзеге асыру жолдары”, ”Астана” бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Ләйлә Жарылқапова “Мектепке дейінгі жастағы балаларға білімдік қызмет көрсетуді кеңейту тәжірибесі”, “Өнер”мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бахтияр Абдиханов “Балаларға қосымша білім беру жүйесінің жеке тұлға қабілеттерінің дамуы мен жеке-дара білім алу жолын қамтамасыз етудегі орны” тақырыптарында жарыссөзге шықты.

Бұдан соң өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүрген ұстаздардың бір тобына Қазақстан Республикасы оқу-ағарту министрлігінің, облыс әкімінің, облыс әкімдігі білім басқармасының, аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың Құрмет грамоталары, Грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды.
Сондай-ақ, білім беру мекемелерінің қызметтерінің тиімділігін бағалау және дамыту, білім сапасын арттыруға бағытталған негізгі көрсеткіштер бойынша мектептегі оқушы саны ескеріліп шығарылған рейтинг нәтижесі бойынша алдыңғы қатарлы Н. Киікбаев атындағы, Сарыкемер мектеп-гимназиясы, Абай атындағы орта, Дихан тірек, Қосақ негізгі, Еңбек бастауыш мектептерінің басшыларына сертификаттар табыс етілді.
Тамыз кеңесін аудан әкімі Бақыт Алпысбайұлы қорытындылаған соң, тамыз кеңесінің ұсынымдары қабылданды.

Байзақ ауданы