Бибәтіш апа Халифа Алтайдың асылы еді…

«Негізінде, әр сәт жаныңның бір бөлігі өлім халінде. Әр сәт — жан беру уақыты және әрбір сәт — өміріңнің бітуі».

Хазіреті Мәуләнә

Құран кәрімнің тұңғыш қазақша мағынасын ұсынған дінтанушы, этнограф, ғұлама ғалым Халифа Алтайды білмейтін қазақ кемде-кем шығар.
Халқымыздың басына түскен ауыртпашылықтарға толы өткен ХХ ғасырдың ортасындағы Қытайдағы қазақтардың жер-суын тастап, белгісіз бағытқа үдере көшу барысында тағдыр тауқыметін тартқан қандастарымыздың бірі ғалым Халифа Алтайдың «Алтайдан ауған ел» атты кітабында азапқа толы қатерлі көш жайында ащы шындықтар айтылған. Айтулы оқиғаға қалам тартқан жазушылардың еңбектері баршылық. 
Мен Халифа Алтай атамыздың өзімен және жары Бибәтіш Жүнісқызы апамызбен дәмдес-тұздас болдым.

«Өлгеніміз жоқ, өлгеннен басқаның бәрін де көрдік…», біздің халықтың басынан не өтпеді дейсің?!. Көңілді билеген күдік адамдарды үйінен бездіруге дейін апарды. «Қилы-қилы заман болар, қарағай басын шортан шалар» деген осы болды, — деді апамыз бір әңгімесінде. Бибәтіш апамыз Халифа атамыздың ел біле бермейтін үлкен қолөнер шебері екені жайлы бөлісе келіп, атамыздың қолынан шыққан небір өрнек, ою үлгілерін көрсеткен еді.
Өрнек шебері Бибәтіш апамыздан үйренер тәлім жетерлік еді. Табиғатынан салмақты, өте мейірбан, көпшіл апамыз біз барғанда қуана қарсы алып, қанша тыңдасаң да жалықтырмайтын әңгімелерімен, Абай Құнанбайұлының өлеңдерімен және ою-өрнек жасаудың қыр-сырларымен қуана бөлісіп отыратын дархан жан еді. Соңғы рет апамызбен өмірден озардан жиырма күн бұрын сұхбаттасқан едік. (Алдағы уақытта апамыздың тағылымға толы өмірі жайлы арнайы әңгімелей жатармын).
Халифа Алтай атамыздай бірегей тұлғаның тамаша жары бола білген, үлкен-кішіге айтары, берер тәлім-тәрбиесі бар, асқан қолөнер шебері Бибәтіш апамыз 87-ге қараған жасында өткен жылдың 13 желтоқсанында дүниеден озды. Апамыз «Жаназамда көп адам болсын» деп тілеген екен, ол кісінің тілегі қабыл болып, жұма күні орталық мешітте жаназасына он бес мың мұсылман қатысып, атамыздың жанына, Кеңсайға жерленді.
Артына өшпес із қалдырған, осындай аяулы жандарымыздың өмірі ұрпақтарына, баршамызға өнеге, ағайын!
Мына төмендегі апамыздың қолынан шыққан өнер туындыларымен бөлісе отырып, келер ұрпақтарымыз ұлттық құндылықтарымызды қастерлеп, ары қарай жалғастырса деген тілек бар.
Алла апамыздың топырағы торқа, алды пейіш, арты кеніш болуды жазсын!
 

Фарида Мерхамитқызының естелігінен