Берік Мейірманұлы: Мейірман әкеммен мақтанамын

Төле би мен Достық көшесінің қиылысындағы екі бөлмелі үйіміз берекелі еді. Туған-туыстардан басқа  ақындар, өнер адамдары, журналистер мен  лауазымды кісілер көп келетін. «Тамаша» ойын-сауық отауының енді  басталған кезі болатын. Жолдасым фототілші болғандықтан, газетке деп суретке түсірген адамдардың бәрімен дос болып кететін. Сондай адамдардың бірі Құдайберген Сұлтанбаев еді. Ол өзімен бірге үлкен әпкесінің қыздарын, өзінің қызы Айнұрды алып келді.  Барлығымыз сол екі бөлмелі  үйде үлкен отбасы болып тұрып жаттық. «Тамаша»  басталады дегеннен үйде біз танымайтын адамдар толып кететін. Мейірман Нұрекеев, Тоқсын Құлыбеков, Әнуар Боранбаев, Уәйс Сұлтанғазиндер біздің үйге жиі келетін. Мейірман аға өте ақ көңіл, қолы ашық, барын шашып, кім көрінгенге көмектесіп жүретін жан екен.  Ол Пушкин көшесіндегі «Ресей» дүкеніне қарама-қарсы екі бөлмелі үйде тұратын. Айман қазақ теледидары мен радиосында диктор. Үйде Ләйлә мен Темірлан. Сол көшенің төменгі жағында  Әнуар Боранбаев  тұратын. Оның әйелі скрипкада ойнайды. Жастық шақтың бір қызық кезі сол шығар. Күн-түн демей көшені бойлап, үй-үйді аралап жүре беретінбіз. Сондай күндердің бірінде Мейірман аға бізді қонаққа шақырды. Үйге келсек, Айман батареяның түбінде жиналмалы төсекте жатыр. Қонақ күтетіндей халі көрінбейді. Бәріміз аңтарылып Мейірман ағаға қарадық. Ол кісі төбені көрсетіп: «Мынаны жуайық дегенім ғой», — деді. Сөйтсек,  қонақ бөлмеге кішкентай ғана хрусталь люстра  сатып алыпты.

 Иә, сол дәуірде  ешқайсысымыз  дүние жинауды білмейтінбіз. Барымызды бөлісіп ішіп, қуаныш пен қайғымызды бөлісіп, бәріміз бір үйдің баласындай тату-тәтті ғұмыр кешуші едік. Айман үнемі Мейірманның артық қылықтарын жасырып отыратын. Бірде М. Әуезов театрындағы Жұмағали бар, біраз әртістер Ташкентке барып келген екен. Таңғы сағат  4-те «Рахымбай, Рахымбай!» деген дауыстан ояндық. Таң атпай айғай сап тұрған Мейірман екен. Футбол добын тебетін  43  размерлі аяқ киім алып келіпті. Біздің үйде ондай өлшемде аяқ киім киетін ешкім жоқ. «Жуамыз»  деген соң, амал не, таңға дейін «жудық».

 Қонаққа барғанда Мейірман мен Құдайберген  қарттардың сөзін, қылықтарын, қимылдарын  аңдып отыратын. «Тамашадан» шыққан соң шетелдерден келген қонақтарды күтетінбіз. Бір күні марқұм ақын Тұрсынай Оразбаева үйге Асылай деген әдемі келіншекті ертіп келіп, Мейірман Нұрекеевтің әйелі деп таныстырды.  Екі-үш күн үйде болды. Мейірман ағамыз Мәскеуге оқуға кеткенде үйде қалған екен. Ерік, Берік деген екі ұлымыз бар.

 Қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУдың биология факультетін бітіріпті. Олар студент кезінде танысып, үйленген.   Мейірман үлкен шешесінің тәрбиесінде болды. Өз әке-шешесіне деген көңілі басқаша болатын. Өте ерке, сері еді. Балалар  жазда демалыста әкесіне келіп тұрады. Екі баланы жатсынбай қабылдап, төрт баланы бірдей қылып ұстайтын Айманға алғысын айтты.

 Ол кездің  «Тамашасы» басқа еді ғой.  Сол кездерді еске ала отырып, Мейірман ағаның Берік деген баласын тауып алдым. Берік «Қазкоммерцбанкте» қызмет жасайды екен. Үйленбепті.  «Мейірманның анасы Гүлсара  қолымда болды, сол кісіні өле өлгенше бақтым, өз қолыммен жерледім», — дейді. Екеуміз көп нәрсені еске алдық.  Ерік те, Темірлан да қайтыс болыпты.  «Бауырым Еріктен қалған  Нұрсұлтан атты студент інім бар», — дейді. Анасы Асылайды Ташкент қаласында  жерлегенін айтты. «Өнер» баспасының  редакторы, жазушы Әшірбек Көпішов жинақтаған «Мейірман Нұрекеев» деген кітап-альбом шыққан екен.  Әшірбек ағамызға шын жүректен алғысымды  айттым.

— Әкемнің аты осы «Тамашамен» халыққа кең тарады.  1967 жылы Мәскеудегі М.Щепкин атындағы театр училищесіне  түсіп, оны 1972 жылы бітіріп, Арқалық қаласындағы музыкалық драма театрына жолдама алады. Оған дейін атам Рахмет әкемді  мал дәрігерлік оқуға түсіреді. Өзі үлкен қызметте, жалғыз ұл. Ол да  өзі тәрізді елді басқарып, үлкен қызметкер болғанын қалаған болуы керек. Одан кейін Ғ.Мүсірепов атындағы жасөспірімдер мен балалар театрында еңбек етсе, кейін Әзербайжан Мәмбетов ағамыздың шақыртуымен М.Әуезов атындағы қазақ драма театрына ауысады. Театрда ойнаған спектакльдерін көргенім жоқ. Бірақ «Тамашаны» талай тамашаладым. Әрине, халықты жылату оңай, күлдіру қиын. Атам алғашқыда  «Тамашаны» қарамайтын. Кейін ел-жұрт «Мейірманды көрдік, теледидардан халықтың мұң-мұқтажын  күлдіріп болса  да айтты», — деген соң, ол кісі көретін болды. Әкем ауылға (Қызылорда облысы)  келгенде біздің үйде кішігірім той болатын. Әкем ән салатын. Әсіресе «Ауылым» әнін нақышына келтіре шырқайтын.  Әнуар Боранбаевпен  өте жақын дос болды. «Тамашаның»  әртістерінің барлығымен жақын араласты. Кейін «Тамаша» тарқап кеткен соң,  Бауыржан Ибрагимовпен жұмыс істеді. Елуге келген тойын өткізді. Содан бір жылдан кейін  күзде қайтыс болды. Жер үй саламын деп жүрді, бірақ ауруы меңдеп, сала алмады. Киноға да түсті. Кейінгі түскен фильмі —  «Сұрапыл Сұржекей». Осы фильмді, неге екенін білмеймін, теледидардан да, экраннан да көрсетпеді. Әкеміз бізден ештеңені аямайтын. Айтқанымызды орындауға тырысты. Айман апамыз да бізді шеттетпеді. Қазіргі Ақмола  облысының тумасы болатын.

 Әкем ойнаған «Тамаша» да жоқ қой қазір. Қалжыңмен аралас қанша мәселе айтылатын. Атам «бұлар халыққа ой салып жатыр» деп, арасында мақтап қоятын. Әкемнің «Балам, тек өзіңе ғана сен! Басқа ешкімге сенбе!» деген ақылын өміріме арқау етіп келемін. Әкемнің соңғы бейнесін «Күлкі керуенінде» көрдім. Қолын халыққа ұзақ бұлғады. Өлетін адам дүниеден кетерін сезеді дейді ғой. Халықпен де, менімен де осылай мәңгі қоштасты. Әкемнің аты осы кезге дейін «азық» маған. Мен өз әкеммен мақтанамын, — деді Берік тебіреніп.

Африза Айтбаева