Белсенділік жастарға тән

Аудандағы мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бағыты 2015 жылғы 9 ақпандағы Қазақстан Республикасының «Мемлекеттiк жастар саясаты туралы» Заңы және мемлекеттік жастар саясатын дамытудың 2021-2025 жылға арналған «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасын орындау жөніндегі кешенді жоспары өз деңгейінде жүргізілуде.

Бүгінде аудан бойынша 14-29 жас аралығындағы жастар саны 25720, ал бұл жалпы аудан халқының 21,7 пайызын құрап отыр. 2022 жылға бекітілген межеге сәйкес, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 991 жасты тарту жоспарланса, қазіргі таңда 279 жас жұмыспен қамту шараларына тартылды.

Нақты межелер айқындалған 10 индикаторлық көрсеткіште белгіленді. Оның ішінде, 7 көрсеткіш аудан жастарын жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартуға бағытталған. Индикатордың тағы бір тармағы жастарға кеңес беру. Ағымдағы жылдың жарты жылдығында 5918 жасқа түрлі кеңес беріліп, жастар мәселесін оңтайлы шешу мақсатында тиісті мекемелерге жолданып, шешімін тапты.

Жастар ресурстық орталығы тарапынан жұмыссыздықтың алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілуде. Жұмыссыздықты азайту мақсатында «Жасыл ел» еңбек жасақтарын құру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 30 жас маусымдық жұмыспен қамтылды.

Аудан әкімдігінің бөлімдерімен бірлесіп ауыл және ауылдық округтерде мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау мақсатында «Jastarga kenes», «Jastarga-bilim», «Jastarga-qyzmet», «Jastarga-jumys» жобалары аясында ауылдық округтерде жастарға кәсіпкерлік, жұмыспен қамту, тұрғын үй, құқықтық, психологиялық түрлі бағытта кеңестер беру үшін түрлі сала мамандарын тарта отырып 11 көшпелі кеңес беру алаңдары ұйымдастырылды. Онда Жастар ресурстық орталығы, аудан әкімдігінің кәсіпкерлік, жер қатынастары, Халықты жұмыспен қамту орталығы, денсаулық сақтау бөлімі мен «Отбасы банкі» мамандары кеңес берді.

«Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйытқы болуымен 526 іс-шара өткізіліп, оған 18 826 жас қамтылды. Атап айтар болсақ, «Жастар ресурстық орталығының» отбасы құндылықтары мен ұлттық тәрбиені насихаттау бағытында жұмыс жоспары бекітіліп, жоспар бойынша «Неке және отбасы», «Отбасы құндылығы» және «Отбасы – бақыт мекені», «Ең жақсы отбасы альбомы» атты байқау, кездесулер өткізілді. Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында аудан әкімдігі білім, аудандық полиция бөлімдерімен бірлесіп жайсыз отбасылардың қатысуымен «Бақытты отбасы – бақытты ел» тақырыбында кездесу ұйымдастырылды. Сонымен қатар, жастардың дұрыс мамандық таңдауына ықпал ету мақсатында «Мамандық таңдау», «Жас маман» тақырыптарында 26 кездесу және демотренингтер өтті.

Мемлекеттік білім беру гранты және «Серпін-2050» бағдарламасы аясында жоғарғы сынып оқушыларымен 22 кездесу, сондай-ақ, жастардың бойында жігер, қайрат, төзімділік пен сабыр, адамгершілік қасиеттерін шыңдау мақсатында «Өмірдің ғажайыбы», «Мен жастарға сенемін», «Арманда, іске асыр» тақырыптарында жастармен мотивациялық 11 тренинг, 7 кездесу өткерілген болатын. Құқықбұзушылықтың және қылмыстың алдын алу бойынша өткен 43 іс-шараға 1590 адам қамтылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытында, атап айтсақ, «Қоғам дерті», «Жемқорлыққа жол жоқ» атауымен 7 іс-шара, «Жастар арасындағы құқықтық мәселелерін қалыптастыру» бағытында 5 іс-шара ұйымдастырылды.

Биылғы жылдың бірінші тоқсанында жастар арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу бойынша Түймекент, Суханбаев, Дихан, Сарыкемер ауылдық округтерінде «Қоғам сақшысы», «Түнгі рейд» тақырыбында аудандық полиция бөлімімен бірлескен іс-шаралар өтті. Сондай-ақ ауылдық округтегі білім ошақтарында жоғары сынып оқушыларына «Интернет және құмар ойындардың алдын алу», «Нашақорлыққа жол жоқ» тақырыптарында 4 кездесу өткізіліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында жалпы 4 іс-шара ұйымдастырылып, 50-ден астам құқықбұзушылық туралы дайындалған бүктемелер таратылды. Волонтерлік қозғалыс бойынша 46 іс-шара ұйымдастырылып, оған 1040 жас қамтылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын аудан жастарына насихаттау мақсатында арнайы топ құрылған. Жолдаудың басым бағыттарын жастар арасында түсіндіру жұмыстарына аудан белсенділері қамтылды. Жалпы, өткізілген 9 іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. «Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасының басым бағыттарын жан-жақты түсіндіру және дәстүрлі емес діни ағымдардың алдын алу мақсатында өңірдегі діни ахуалды тұрақтандыру бойынша желілік кестеге сәйкес жастармен 36 іс-шара өткізілді.

Сондай-ақ ағымдағы жылдың сәуір, маусым айларында облыс әкімдігі дін істері басқармасының бас маманы Асылхан Қалмырзаев, облыс әкімдігі дін проблемаларын зерттеу орталығының инспекторы Бексұлтан Бекмолдаевтың қатысуымен «Ұлт болмысы және интернет: Жаһандану үдерісінде», «Діни экстремизм-бейбітшілік пен тұрақтылыққа төнген қауіп» тақырыптарында мазмұнды жиындар ұйымдастырылды. Онда казіргі кездегі салт-дәстүрдің ара қатынасы, ондағы шешімін табуға тиісті мәселелер, сондай-ақ түрлі теріс діни ағымдар, олармен күресу, сақтану жолдары айтылып, өзара пікір алмасылды.

Қиналғанға қол ұшын созып, айналасындағыларға дәйім қамқорлық танытып жүретін еріктілердің орны қашанда ерекше. Еріктілер көктемгі дала жұмыстарына тартылып, тал-дарақтар егу, көгалдандыру акцияларына атсалысты. Экологиялық мәдениет қалыптастыру және көгеріштендіру мақсатында еріктілермен «Таза ауыл», «Экосана», «EkoLiFe» тақырыптарында сенбіліктер ұйымдастырылып, 9 тоннаға жуық күл-қоқыс тазартылды. Одан өзге волонтерлік «Қамқор» бағыттары аясында әлеуметтік аз қамтылған көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты қарттардың үйіне дәрі-дәрмек, 13 отбасыға азық-түлік жеткізіліп, 19 үйге тазалық жұмыстары жүргізілді.

Қорыта айтқанда, біздің мекеме жастары аудан жастарымен бірлесе отырып, алдағы уақыттарда да жүйелі жұмыстар жүргізе беретін болады.

Бағдат АДИЛОВ, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры. Байзақ ауданы.