Бас прокурор «Басқа планетадан келген сияқтымыз» деді. Неге?

Бас прокуратураның кеңейтілген алқа мәжілісінде Бас прокурор Жақып Асанов әріптестерін ерік-жігермен, ынта-ықыласпен жұмыс жасауға шақырды. Әйтпесе ел алдындағы беделдерінің көк тиынға бағаланатынын қатаң ескертті. Бұған дейінгі былық-шылыққа төзіп келгенімен, алдағы уақытта «ақырын жүріп, анық бас-пай» сүрініп кеткендерге еш аяу-шылық болмайтынын да жасырмады. «Жылына 30 мың заңгер оқытылып жатыр. «100 нақты қадам» жоғары оқу орындарынан сапалы маман сұрайды. Біздің қатарымызға қосылу немесе сотқа жұмысқа тұру білімсіз мүмкін емес. Ол күн таяу. Ол кезде таныс іздеудің де қисыны келмейді» деп, бүгінгі қоғамдағы қатып қалған «тоңды» жібітуге тырысты.

Сондай-ақ, тамыр-таныстықтың кең етек алуынан прокурордың асқақ абыройына нұқсан келтіріп жүргендер туралы да әңгіме қозғалды. «Кім болса, соны алып жатырмыз, жақында бұрынғы прокурор Саметов өзінің ескі формасын киіп алып, бизнесменді 3,5 миллион теңгеге «лақтырып» кетті. Осындай адам прокуратурада 7 жыл қызмет еткен. Сонда біз кімді қызметке алып жатырмыз? Меніңше, бас-ты себеп — іріктеу жүйесінің солқылдақтығы. Ол бойынша үміткерлерді бағалау мүмкін емес, оның жеке қасиеттері қандай, ол да белгісіз күйде назардан тыс қала береді», — деді күйінген Жақып Асанов.

Көпшілік білер, бәлкім білмес, соңғы жылдары проку-ратураға жұмысқа қабылдаудың жаңа жүйесі енгізілген болатын. Алайда «көз жұма қарау», «белден басып» қызметке алу жалғасып келеді. Бірақ осы жолы Бас прокурордың сөз саптасынан жаңа бір серпін сезілді. Енді қызметтен үміткерлер өздерінің өмірлік тәжірибелері жайында және конкурстық комиссия ұсынған тақырыпта екі эссе жазып, бірқатар тапсырмалар орындайды, психологиялық сынақтан өтеді. Нәтижесінде, олардың IQ деңгейлері анықталмақ. Сонымен қатар, үздік 30 проку-рордың пулы құрылмақ. Қызметтегі мемлекеттік айыптаушыларға да талаптар күшейтілмек.

Әсіресе Бас прокурор Асановтың мына бір кекесін сөзі көпшіліктің көңілінен шыққан тәрізді. «Қиын сөздер, құрғақ сілтемелер, тым қатал болғандықтан, адамдар біздің жауаптарымызды түсінбейді. Біз басқа бір планетадан келген сияқтымыз. Олар жауапты таба алмай, БАҚ-қа, ҮЕҰ-ға және халықаралық ұйымдарға жүгінеді. Арыздардың көп болып кеткені де осыдан», — деп, зал толы әріптестерін асықпай бір шолып шықты бас прокурор. Сосын іле-шала: «Оны қалай түзей аламыз? Берілетін жауапты адамша жеткізуді сұраймын! Білімі жоқ азаматтардың өзі бізді жете түсінуі керек. Арызданушының барлық дәлелдемелері мен дауларын жіктеп отыру қажет және оларға нақты дәлел-айғақтармен жауап қайыру керек. Арыздың мәнін ұғыну — біздің міндет!»

Осылай деген Асанов кенет жалт берді. «Адамның арызын оқып отырған кезде, кейде оның не айтқысы келгенін түсіну қиын. Иә, кейде эмоция көп те, арызданушының айтайын деген шағымы жоқ болады», — деп, «сап-сап көңілім, сап көңілімге» басты. Ақырында Бас прокурор арыздардың түсінікті болуы үшін, азаматтарға оңай болу үшін арыз-шағымдардың шаблондары дайындалатынын жеткізді. Тарқатып айтсақ, шаблонда нендей мәселелер болуы керектігі, арызданушы өз талаптарын қалай жеткізу қажеттігі көрсетіледі.
Қоғамда жер мәселесінің ушығып тұрғаны рас. Заңсыз жер иеленгендердің аты аталмаса да көптеген былықтардың бар екенін қалың жұрт біледі. Кеңейтілген алқа мәжілісінде бас прокурор бұған да ат шалдырып өтті. «Жалпы құны 14 млрд. теңгені құрайтын заңсыз бөлінген жер телімдері мемлекетке қайтарылды», — деді Ж.Асанов халықтың дегбірін қашырғысы келмей. Бұдан кейін еңсесін тіктеген Бас прокурор жеткен жетістіктерін тізбелеп шықты. «Әлеуметтік-экономикалық салада прокурорлар 360 мың адамның құқықтарын қорғады. Олардың жартысы — балалар. Қадағалау органдарының ықпал етуімен 40 мың жұмысшы мерзімі өтіп кеткен 4 млрд. теңге жалақыларын алды. Сондай-ақ, 2,5 мың мүгедек жұмысқа орналастырылды, 154 мүгедек мемлекеттік баспанамен қамтамасыз етілді. 25 млрд. теңгені құрайтын 720 заңсыз мемлекеттік сатып алудың күші жойылды. Ұлттық қорға 12 млрд. теңге қайтарылды. Республикалық бюджетке 45 млрд. теңге түсті. Сондай-ақ, азаматтардың пайдасына 1 млрд. 700 млн. теңгені құрайтын сот шешімдерінің орындалуына қол жеткізілді», — деді Бас прокурор.

Нағашыбай Қабылбек