«Барсакелмес» ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік биосфералық қорықтарының қатарына енді

АСТАНА. ҚазАқпарат – ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағдарламасының халықаралық үйлестіру кеңесі (ХҮК) биосфералық қорықтардың дүниежүзілік желісін 20 жаңа қорықпен толықтырды. Олардың арасында Арал теңізі бассейнінде орналасқан «Барсакелмес» қорығы бар.

ЮНЕСКО-ның сайтынан хабарлағандай, 1970-шы жылдардың басында құрылған «Адам және биосфера» бағдарламасы адам мен табиғаттың өзара ықпалдастығын жаһандық оңтайландыруға бағытталған ғылыми үкіметаралық жоба болып табылады.

«Биосфералық қорықтардың дүниежүзілік желісі жыл сайын құрамына ЮНЕСКО-ға мүше 34 мемлекеттің өкілі бар бағдарламаның Халықаралық үйлестіру кеңесінің шешімі бойынша толықтырылады», – делінген хабарламада.

Ұйымның атап өтуінше, Барсакелмес биосфералық қорығы (Қазақстан) Сахарадан Гобиге дейін жалғасатын шөлейтті белдеудің қақ ортасында, Арал теңізінің бассейнінде орналасқан.

«Арал теңізінің аймағы шөлді батпақ жүйелері мен жыл құстарының миграциялық бағыттарын сақтап қалу үшін маңызды аймақ болып табылады. Қорық Арал теңізінің биоалуантүрлілігін сақтау ісінде басты рөл атқарады. Атап өткенде, мұнда 2 мыңға жуық омыртқасыздар, сүтқоректілердің 30 түрі, құстардың 178 түрі және рептилиялардың 20 түрі бар. Қорықтың аумағында сондай-ақ қазақ көшпенділерінің көне Жібек жолында орналасқан төрт ортағасырлық орталығы орналасқан», – делінген хабарламада.