БАЛА ТӘРБИЕСІНІҢ АКАДЕМИГІ

Өмірдің бел ортасынан ассам да әлі күнге дейін анамды сағынып, аялы алақанын жиі аңсаймын. Анам қазіргі Түркістан облысының Отырар ауданындағы Жамбыл бөлімшесінде дүниеге келген. Есімі – Бекзада. Атына заты сай, жаны да, тәні де бекзат болатын. Анам бидай өңді, әдемі жүзді, жұмсақ мінезді, қолы жомарт, сабырлы жан еді.
Біз бір шаңырақта үш ұл, бес қыз өстік. Өлшеулі өмірі солай болды ма, әкем Қабылбек он жасымда дүниеден өтті. Небәрі 58 жыл өмір сүрді. Аз болса да мәнді өмір сүрді деп айта аламын. Бөген ауданындағы «Степной» кеңшарында бас мал дәрігері болып қызмет етті. Ал анам сол замандағы көпбалалы аналар секілді үй шаруасында болды.
Небәрі он жастағы тұлымы желбіреген қыздың есінде бәрі сақтала бермес. Бірақ көп естелік күні кеше ғана болған секілді, әлі көз алдымда. Әкемнің жұмыстан келе салып бізді еркелеткені, көзінен мейірім төгіліп, айналып-толғанғаны, бәрі-бәрі көңілімде сайрап тұр.
Анам әкемнің атын атамай, «сіз» деп қатты құрметтейтін. Бірде үйге халық тізімін алып жүрген адамдар келіп, анамнан әкемнің аты-жөнін сұрағанда есімін атауға дәті бармай, маған «Мына кісілерге әкеңнің атын айтып жіберші» дегені әлі есімде. Ата-анам мені еркелетіп «Сартай» деп атайтын. Анам жасы үлкенге де, кішіге де тіл қатқанда «сіз» деп сыпайы қалпын бұзбай сызылып тұратын.
Ақ көңілділігі жағынан анам мен әкем бір-біріне қатты ұқсайтын. Табиғаты бір адамдарды Алла Тағала солай лайықтап қосатын сияқты. Әулеттегі жөнді, жолды білетін азамат болғандықтан ағайындарымыз көбіне әр мәселеде әкемнен бәтуа сұрауға жиі келетін. Бірде анамның абысындары әкеммен кеңеспекке үйде күтіп отырғанда жұмыстан шаршап оралғанын көрген олар: «Алдымен доғдыр баланың жағдайын жаса, біз асықпаймыз» деп, күтетіндерін айтты. Анам қоюлатып шайын беріп, шаршағаны басылған соң әкем бөлмеден жадырап шығып, шаруаларын тыңдауға кірісетін. Ата-анам дастарқан басында шүйіркелесіп, қас-қабақпен ұғысып отырғанын бала болсақ та байқайтынбыз. Әкемнің анама риза болғаны сонша, «Бекең бала тәрбиесінің академигі» деп дәл бағалап, анамды марқайтып отыратын.
Әкем үлкен қызмет атқарып, ағайынның ұйытқысы болса, анам оның үйдегі тылы болып, өмірлері бізге өнеге болды. Анамның небәрі төрт-ақ сыныптық білімі болған. Бірақ пайым-парасаты, көңіл көкжиегі өте кең еді. Кітап-газеттерді көп оқитын. Пошташы әкелген газет-журналдарды келген бойда есік алдындағы тапшанда, кезінде көкем отырғызған үлкен қарағайдың көлеңкесінде отырып, бірін қалдырмай оқып тастайтын. Ол кезде «Оңтүстік Қазақстан» деген облыстық газет болатын. Соған шыққан жаңалықтар мен әдеби әңгімелерді тіпті жібермейтін. Классикалық әдебиеттерге де тісі бата беретін. Бірде Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» деген шығармасын оқып, ағыл-тегіл жылағаны әлі есімде. Оқығанын көңіл сүзгісінен өткізіп, оған көңілі босап жылаған анамдыкі не деген ғазиз жүрек десеңші. Шығармадағы кейіпкер мұңына ортақтасу оңай шаруа емес.
Мектепті бітірген соң Мәскеу қаласына оқуға түстім. Шыны керек, анасының бауырында өскен ауылдың қаршадай қызына бұл ауыр сынақ болды. Оқу қиындығы емес, анамның қасынан ұзау. Бірінші курстан кейінгі демалыста ауылда болып, оқуға қайта оралуым керек болды. Туған ауылымды, бауырларымды қимай көзімде мөлтілдеп жас тұрғанын көріп: «Қызым, сен қазір үлкен білім алатын, өнер мен білімнің ордасы Мәскеуде оқып жатырсың. Мен емес, сен маған ақыл айтуың керек. Дүниенің бар жақсылығы өнер-білімде. Жасыңды тыйып, жолға қамдан», деді. Сол сөзі мені жігерлендіріп, қомдап тұрған бала қанаттарымды бірден қатайтып жіберді.
Анамның бойындағы ерекше қасиеттерінің бірі бағбандық болатын. Есік алдындағы кішкентай жерімізде жеміс егілмеген бос жер қалмайтын. Дәмі тіл үйіретін түрлі тәтті жемістер біздің бау-бақшада өсетін. Оның шөбін жұлып, суарып, баптауға да бізді салатын кейде. Әкем көзі тірісінде екі тапшан жасаған еді. Жаздыгүні бәріміз қатар-қатар сол сәкілерде бөлініп жатып, таңда құстардың даусымен оянатынбыз. Көзімізді аша сала қолына шелегін алып, шөптің шығын кешіп, қызанақ, қияр теріп жүрген анамызды көретінбіз. Сосын бәріміз иісі бұрқыраған жеміс-жидектер тұрған дастарқан басында таңғы шайымызды ішеміз. Әсіресе қызанақтарын айтсаңызшы. Қалың етті, шырыны бойына сыймайтын. Бір қызанақтың салмағы бір келіден асып жығылатын. Оның әдемі тұқымдарын сұрыптап, баптап, келесі жылы егуге сақтап та қоятын.
Мәуесі салбыраған жүзімдігіміз болатын. Неше түрлі сұрыпты жүзімдер өсетін жүзімдік әжептәуір ұзын еді. Біз сол жүзімдіктің көлеңкесінде оңтүстіктің аптабын сезбей, жазды жақсы өткізетінбіз.
Кейін анам бақиға аттанған соң аға-жеңгем қанша күтіп баптаса да баяғыдай болмады. Жеңгем «Бәрібір жүзімнің дәмі де, сәні де апам бардағыдай емес» деп жатады.
Күнделікті қарым-қатынаста анам көршілерімен тату тіршілік кешті. Бір көрші апа адуын мінезді еркек секілді дүлей кісі болатын. Кейде бірдеңеге ашуланып, айқайға басқандағы дауысы біздің үйге жетіп тұратын. Сол апа кейде үйге келіп, «Жер қимылдаса да қозғалмайтын Бекзада! Отырсың ба?» деп кететін. Ал анам болса қанша ашу қысса да дауысын қатты шығармайтын. Біз балалықпен бірдеңені бүлдіріп алсақ, «Өйтуге болмайды ғой» деп, тіпті шектен шығып кетсек, «Қой деймін енді» деп қана қысқа қайыратын.
Анамның жасайтын жұқпа нанының дәмі таңдайымнан кетпейді. Қазанға жұп-жұқа қылып салып, қатырлатып пісіреді. Бірде суықтап қалғанымда сол жұқпаны жеп жазылғаным есімде. Қабат-қабат болып қатталып тұрған жұқпа әлі көз алдымда.
Өткен жылы анамның 100 жылдығына орай бауырларымыз жиналып ауылымызға, қарашаңыраққа барып, Құран оқытып, үлкендерден батасын алып қайттық.
Анам қайтқанда да жас едім. Қайтарына аз уақыт қалғанда дүкеннен әдемі қамзол апарып кигіздім. Жап-жаңа қамзол анама жарасып-ақ қалды. Тағы да біраз жасағанда анама ондай қамзолдың талайын кигізер едім деймін кейде. Таныстарым анамызды 8 наурызбен құттықтаймыз деп айтып жатса, менің де анам болғанда деп қынжылып қаламын. Дегенмен тағдырдың ісіне шара жоқ. Анам қайтса да ол кісінің айтқан өсиет-өнегесі мәңгі жүрегімде!

Сара МӘДИЕВА, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары: