Балаға байланысты жәрдемақылар бір-ақ өтінішпен рәсімделмек

Енді бала тууына байланысты берiлетін жәрдемақыны бір ғана өтінішпен рәсімдеуге болады. Бұл туралы «Азаматтарға арналған» мемлекеттік корпорациясы мәлімдеді.

zhardemakhu

Бала өмірге келген сәттен бастап ата-анасының бір жолғы жәрдемақы алуына және бір жасқа толғанға дейінгі бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдер алуға құқы бар. Енді бұл жәрдемақыларды «Азаматтарға арналған» мемлекеттік корпорациясының фронт-офистерінде электрондық үкімет порталы арқылы бір ғана өтініш беріп ресімдеуге болады.

«Азаматтарға арналған» мемлекеттік корпорациясының филиалы – ЗТМО директорының орынбасары Серікхан Сабыржановтың айтуынша, ата-ананың электрондық цифрлық қолтаңбасы болған жағдайда, «Connection point» өз-өзіне қызмет көрсету секторларында немесе үйде отырып-ақ аталған жәрдемақыларға өтініш беруге болады. Электрондық үкімет порталы арқылы берілген өтініш жәрдемақы тағайындау туралы шешім қабылдайтын Зейнетақы төлеу жөніндегі орталыққа автоматты түрде жіберіледі. Бұрын бұл қызметті алу үшін азаматтар аталмыш жәрдемақыларды тағайындауға қатысатын барлық мемлекеттік органдарға өзі баруы қажет болатын.

Айтпақшы, бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдерді өз бетінше формула  арқылы есептеуге де болады. Ай сайынғы төлем көлемі соңғы 24 айдағы орташа айлық кірісті 0,4 — кірісті алмастыру коэффициентіне көбейту арқылы анықталады. Мысалы, соңғы екі жылдағы орташа айлық табысыңыз 60 мың теңгені құраса, онда ай сайынғы төлем көлемі 24 мың теңгені құрайды. Ал жұмыссыз аналарға төленетін ай сайынғы әлеуметтік төлем мөлшері бірінші бала үшін 5,76 АЭК, екінші бала үшін 6,81 АЕК, үшінші бала үшін 7,85 АЕК және төртінші бала үшін 8,90 АЕК-ті құрайды. 2016 жылы біржолғы жәрдемақы көлемі бірінші, екінші және үшінші балалар үшін  31,41 АЕК және төртінші бала үшін 52,35 АЕК-ті құрайды.

Жыл басынан бері мемлекеттік корпорация арқылы 116 мың балаға тууына берілетін жәрдемақы және бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемақы тағайындалған, оның ішіндегі 656 жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдер электрондық портал арқылы тағайындалған.

Ләззат КЕМЕЛБАЕВА