БАЙЗАҚТА БОЗДАҚТАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Кеше аудан орталығындағы әл-Фараби атындағы Мәдениет үйі алдына Қайнар әскери бөлімшесінде болған жарылыста қаза тапқан жерлестерімізге арналған мемориалдық ескерткіш тақтаның ашылуы болды. Оған аудан әкімі Бақыт Қазанбасов бастаған аудан тұрғындары, жарылыстан қаза болған боздақтардың ата-аналары, ағайын-туыстары қатысты.
Ескерткіш тақтаның жамылғысын ашу құрметіне Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсінбаев, №28349 әскери бөлімі басшысының орынбасары Орынбек Керімханов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Серік Ермеков, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Болат Әмірәлиевтер ие болды.Ақ жамылғы жерге сусып түскен бетте оқыстан болған жарылыс кезінде ерлікпен қаза тапқан 8 жерлесіміздің қызыл гранит тасқа қашалып жазылған есімдері мен суреттері анық көрінді.
Ел мүддесі жолында өмірлерін қиған жауынгерлерге арнап орнатылған тас тақтаның ашылуына байланысты алғашқы сөз Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсінбаевқа берілді.

-Қазақ ертеде «Ердің ісі — ерлік» деп, сын сағатта тәуекелге баруды сондай ерлікке санап, оларды нағыз жаужүрекке балаған. Мәселен 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында жерлесіміз Ақәділ Суханбаев Польша жерінде көзсіз ерлік жасап, Кеңес Одағының Батыры, ал 2011 жылы жерлесіміз, полиция капитаны Ғазиз Байтасов қауіпті қылмыскерлерді құрықтаудағы ерлігі үшін «Халық қаһарманы» атанды.

Осындай батыр ағаларының ерлігінен өнеге алған бір топ әскери қызметкерлердің өшпес ерлігіне өткен жылғы жарылыс кезінде куә болдық. Олардың алапат өртті өшірудегі ерен ерліктері мемлекеттік марапаттармен аталып өтті. Енді міне қызметтік міндеттерін соңына дейін абыроймен, ерлікпен атқарып кеткен 8 жауынгердің құрметіне мемориалдық тақта орнатылып отыр. Олардың ерліктері мәңгі жасайды, кейінгі өсіп келе жатқан жас ұрпақ батыл да қайсар ағаларының ерлігінен үлгі алып, бой түзейді. Мұндай тосын апаттар елімізде енді болмасын,- деді облыс әкімінің орынбасары Еркін Құлымбайұлы.

Бұдан кейін сөйлеген аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Қыдырхан Оралов, №28349 әскери бөлімі басшысының орынбасары Орынбек Керімханов, марқұм жауынгер жерлесіміз Марат Мешінбайдың ағасы Есен Кенебаевтар сол бір ауыр кездегі азаматтарымыздың ерліктерін еске алып, оларға осындай құрмет жасалып жатқанына аудан, облыс басшыларына алғыстарын айтты.
Қаза тапқан жерлестерімізді 1 минуттық еске алу үнсіздігінен кейін, олардың алдына гүл шоқтары қойылды.

Ескерткіш тақтаның ашылуы Ақәділ Суханбаев атындағы саябақта марқұм жауынгерлерді еске алуға арналған спорттық жарыстарға жалғасты.

* * *

Осы күні жарылыс болған Қайнар ауылындағы биік төбе басына орнатылған жарылыс кезінде ерлікпен қаза тапқан 17 жауынгерге арналған «Ер ерлігі – ел есінде» атты мемориалдық ескерткіш тақтаның да ашылуы болды. Оған облыс, аудан әкімінің орынбасарлары Е.Үйсінбаев, Б.Сағынбеков, запастағы әскери қызметкерлер,отан қорғаушылар мен жарылыс кезінде қайтыс болған боздақтардың ата-аналары, туыстары қатысты.
Ескерткіш тақтаның ашылу жамылғысын өмірден өткен әскери қызметшілердің туыстары түсірді. Тақтатасқа қайтыс болған азаматтардың аты- жөндері, алған мемлекеттік марапаттары қашалып жазылған екен. Осы жерде жиналғандар оларды 1 минут үнсіздікпен еске алып, гүл шоқтары қойылды.

Мұнда облыс әкімінің орынбасары Е.Үйсінбаев, запастағы генералдар Ғ.Қарақұлов, Ә.Ерниязов, әскери прокурор А.Байсалбаев, өмірден өткен боздақ Марат Мешінбайдың анасы Қымбаткүл Әлібаева, ерлікпен қайтыс болған майор Саят Әлімбековтің жұбайы Жанна Айтқожиевалар сөйлеп, осыдан бір жыл бұрын болған жарылыстағы азаматтарымыздың ерлігін атап өтті. Енді оларға осындай құрмет көрсетіп, ескерткіш тақта орнатып отырған Оңтүстік әскери қолбасшылығына алғыстарын айтты.
Екі жерде қойылған ескерткіш тақтаның ашылуында да қасіретті оқиға кезінде тілсіз жаумен тіресу үстінде өмірден өткен азаматтар ешқашанда ескерусіз қалмайтыны айтылды.