БАЙЗАҚТА МӘДЕНИЕТ ҮЙІНІҢ ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНДЫ

Соңғы уақытта аудан көлемінде мәдениет ошақтары біртіндеп бой көтеріп келеді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында, Бурыл ауылында 180 орындық, Көкбастау мен Жетібай ауылдарында 90 орындық мәдениет ошақтары ел игілігіне ұсынылғаны белгілі. Осындай игі істің жалғасы үстіміздегі жылы өз жалғасын тауып отыр.

Аудан орталығынан шалғай орналасқан Тегістік ауылында 90 орындық мәдениет үйінің іргетасы қаланды. Мердігер «ТаразпромСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (директоры Т.Тұрсынбеков) бастаған құрылыстың сметалық құны 153343,0 мың теңгені құраса, оның 103343,0 мыңтеңге қаражаты сметалық құрылыс жұмыстарына жұмсалмақ. Аталған құрылысқа техникалық қадағалауды Н.Көшербаев жетекшілік ететін «ЮЖНадзорПром» ЖШС-і міндетіне алған. Аудан әкімінің орынбасары Талғат Жамалов пен тапсырыс беруші мекеме басшысы Ербол Садыров жалпы ауданы 255,4 шаршы метрді құрайтын нысанда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.

– Мұндай мәдениет ордасының ашылуы ауылдың ажарын кіргізіп, өнерге серпіліс береді деп білемін. Енді ауыл азаматтарының рухани демалып, мәдени шаралар ұйымдастыруына барлық жағдай жасалатын болады. Тек, соны тиімді пайдаланып, рухани құндылықтарымызды арттыруға атсалысуларыңыз қажет,- дейді бізге берген сұхбатында аудан әкімінің орынбасары Талғат Жамалов.

Енді, бірер айда заманауи үлгідегі жаңа мәдениет үйі бой көтеріп, ел игілігіне ұсынылар күн де алыс емес.