Байқаушыларды аккредиттеу барысымен таныстырды

          Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәр­сем­баев 2016 жылғы 20 наурызға тағай­ын­дал­ған Қазақстан Респуб­ликасы Парламенті Мә­жілі­сінің депутаттарының сайлауы­на халық­аралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқау­шы­ларын аккредиттеудің барысы туралы брифинг өткізді.

М.Сәрсембаев БАҚ өкіл­дерін осы жылғы 11 наурыз­дағы жағдай бойынша Ортсай­лауком Сыртқы істер министр­лігінің ұсынуымен халық­аралық ұйымдар мен шет мем­лекеттердің 454 байқаушысын аккредиттегені жөнінде хабардар етті. «Олардың ішін­де ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның 44 бай­қау­шысы, ЕҚЫҰ Парламент­тік Ассамблеясынан 75 байқау­шы, ТМД миссиясынан 293 байқаушы, Шанхай ын­ты­мақ­тастығы ұйымынан 9 байқаушы, Ислам ынтымақтастығы ұйы­мынан – 3, Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясынан – 7 және 10 шет мемлекеттен 23 байқаушы бар», – деді ол осы жөнінде.

ОСК мүшесінің айтуынша, бұдан басқа Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі 28 мемле­кеттен шетелдік БАҚ-тардың 117 өкі­лін аккредиттеген. Олардың ішінде «Austrian Press Agency», «Франс-Пресс», «Синьхуа», «ТАСС» «Томсон-Рейтер», «European Pressphoto» ақпараттық агент­тіктерінің, сондай-ақ, «The Financial Times», «The Guardian», «Российская газета» газеттерінің және басқа БАҚ-тар­дың өкілдері бар екен. Қазіргі уақытта әлемнің 51 елінен 571 халықаралық бай­қаушы мен шетелдік бұқарлық ақпарат құралдарының өкілі аккредиттеліпті.

Еліміздің сайлау заңнамасының 20-2-бабына сәйкес халықаралық бай­қаушылар мен Сыртқы істер министрлігі аккредиттеген журналистер сайлау үдерісінің барлық кезеңдеріне қатысуға, сайлау комиссияларында сайлау нау­қанының барысы туралы ақпарат алуға, дауыс беруді өткізу және дауыс­тарды санау кезінде сайлау учаскелеріне кіруге, сайлау үдерісіне қатысушылармен кездесу­ге, өздерінің байқағандары, анық­талған заң бұзушылықтар жөнінде сайлау ко­мис­­сияларының мүшелерін хабардар етуге, ұсынымдар енгізуге және жария мәлімдемелер жасауға құқылы.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан».