БАҚЫТЖАН ОРТАЛЫҚ МУЗЕЙДЕ

Өткен жексенбі күні елімізде Спорт күні кеңінен аталып өтті. Айтулы мерекеге орай, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, бокстан халықаралық дәрежедегі 3-жұлдызды АIBA төрешісі, Әлем, Азия, Еуропа, Африка чемпионаттарының, XXXII олимпиада ойындарының төрешісі Бақытжан Бекпенбетов аудандық тарихи өлкетану музейінде қонақта болды.
“Спорт-менің өмірім” атты тақырыпта өткен кездесуге №10 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жасөспірімдері қатысқан шарада Бақытжан Жолдасбекұлы өзінің өмірбаяны, жетістіктері жайлы баяндап, спортсүйер жастарға ақыл — кеңесін берді. Өз кезегінде жас спортшылар сауалдарын қойды, еркін пікір алмасты.
Сонымен қатар музейдің мәдениет, өнер және спорт залынан Бақытжан Жолдасбекұлына арнайы бұрыш ашылды. Аталған бұрышқа жаттықтырушының спортта жеткен жетістіктерін паш ететін марапаттары мен қолданған бұйымдары қойылды.
Шара соңында музей директоры Өсер Нұрбаев құттықтау сөз сөйлеп, Бақытжанға Алғыс хат пен сыйлық табыс етті.

Айнагуль МАМЫТБЕКОВА, аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері