Бақытты болуың — тек имандылығыңа байланысты!

fgjhngfjhОйлап қарасаңыз адамдарды ұшып шыққан ұясынан, яғни отбасынан бөліп жарып қарауға болмайтыны белгілі жәйт. Біздің ұрпақ бала-шағаларымызды ізгілік жолына салып инабатты ұрпақ етіп тәрбиелеп өсіру дегеніміз, жай бір ағаш пен гүлді өсірумен мүлде ұқсамайды. Өмірден байқағанымыздай жалпы ізгі ниетті әрі көргенді адамдар, ізгі әрі көргенді ата-аналардың қолынан тәрбиеленіп шығатындығын аңғарамыз. Олай болса бала тәрбиесі жанұя тәрбиесімен, әрі ерлі зайыптылардың арасындағы қарым-қатынастармен тығыз байланысты болатындығын түсіне білу қиын емес. Осы жерде тәрбиенің басы жанұя болғандықтан, әуелгі жанұя мәселесіне кеңірек тоқталып көрелік. Жанұя дегеніміз аты айтып тұрғандай өте ауқымды әрі маңызды ұғым. Яғни, жанұя құру дегеніміз дүниедегі ең маңызды ұйымды құру деген сөз. Ұя — дегеніміз, аспанда қалықтап ұшқан құстан бастап, жер бетіндегі жыбырлаған жан жануар, жәндіктердің ұрпақтарын өсіріп өрбітетін мекені. Дәл осы сияқты адам баласының ұрпағы да өздерінің жанұясында өсіп өнеді. Бұл ұғым сол ұядағы жандардың бір-бірлеріне деген жанашырлығы, мейірімі мен бауырмалдығы, бір-бірлеріне қол ұшын беріп көмектесіп жәрдемдесуімен ерекшеленедігін білдіреді. Сондықтан да, ата-аналардың өзара қарым-қатынастары, жүріс-тұрыстары, мінез-құлықтары мен ұстанымдары, міндетті түрде жанұяға әсерін тигізетіндігін біз әрдайым ұмытпай, әр қадамымызда ескеріп жүруіміз қажет. Біз сонда ғана ұрпақтарымызды дұрыс тәрбиелеп, бақытты жанұя бола аламыз. Ал адамдардың өзге адамдармен қарым-қатынасы, өзіне деген қарым-қатынасымен тығыз байланысты болмақ. Қазақта: «Өз-өзіңді силасаң, жат жанынан түңіледі», немесе «Өзгені сыйлағаның — өзіңді сыйлағаның» деп бекер айтылмаған болса керек. Сол сияқты ерлі-зайыптылардың бір-бірлерімен қарым-қатынастары, өз-өздерінің ара байланыстарының қандай екендігімен өлшенеді. Тұлғалық қасиеттері нашар ата-аналар өз-өздерін шынайы қалпында көрсете алмайды. Олар әрдайым қиял әлеміне сеніп, өздерін ерекше бір дара адам етіп көрсетіп көрінгілері келеді. Сондықтан да олардың ой сезімі, тіпті іс әрекеттерінен де нағыз шынайылықтың емес, жасандылықтың жағымпаз иісі мүңкіп тұрады. Ондай адамдар өз бойларындағы кемшіліктерін өзгелерге сездірмеу үшін, ашық айқан нәрселердің де бетін бүркемелеп көрсетпей жасырып, сездірмей қалуға тырысып бағады, әрі әрдайым солай етуге жандары бейім тұрады. Осылайша тұңғиыққа қарай тағы бір қадам басып жатқандарын қаперлеріне де алмайды. Мұндай адамдар өздерінің тұлғалық қасиеттерін толықтырып, тұлғалы адам болудың орнына, кері тартпалықты жөн көреді. Ал тұлғалы ерлі-зайыптылар болса, оларға қарағанда өздерінің періште емес пенде екендіктерін әрдайым ұмытпайды. Осылайша олар өз кемшіліктерін білетіндіктен тұлғалы адамдар қатарына жатады. Бұрынғы ата-бабаларымыз: «Кемшілігін білген адам – кемел адам» деп тауып айтқан болса керек. Мұндай адамдар өздерінің мінін мойындауды, бойларында кемшіліктердің бар екендігін білуді, әрі өз-өздерін сынауға алуды, кемшіліктері болса түзетіп «Тәубаға» келуді жөн санайды. Сондықтан да олар, кемшіліксіз дос, тал бойында бір міні жоқ асыл жар, немесе қателеспейтін перзент іздеп әуреге түспейді. Себебі, олар адам періште емес пенде болған соң кемшіліктер де, қателіктер де ьолуы ықтимал екендігін жақсы түсінеді. Сондай-ақ олар адамдардың қателіктерін көргенде, өзі де олардай қателеспейтіндей жағдайды күні бұрын ойластырады. Олар осылайша өздерін жақсы тани білетіндіктен, өзге адамдарды да жақсы тани білетін болады. Әрі өз жағдайларын жақсы түсіне білетіндіктен, өзгелердің де жағдайын жақсы түсіне біледі. Яғни, жұбайына, жанұясына, бала-шағаларына біреулердің жетегіндегі адам сияқты «Пұл болмасаң — күл бол» дегендей сыңаймен қарамайды. Мұндай тұлғалар бақытты немесе бақытсыздықтарына өзгелер емес тек өздерінің ғана жауапты екендіктерін жақсы біледі. Бұрынғы дуалы ауыз аталарымыздың сөйлеген сөздері мен істеген амалдарынан имандылықтың желі есіп тұратын. Осы имандылықтың аясында сенім мағынасымен қатар, барлық асыл қасиеттер ар-намыс, сабырлық, жомарттық, шыншылдық, адалдық, мейірімділік, кішіпейілділік, ұят, -дегендей адамзат баласының бойында болмақ бүкіл асыл қасиеттері тоғысып жататыны белгілі. Халықта «ұят кімде болса, иман сонда», -деген мақал да бар. Қазақ балаларын «ұят болады», -деген бір-ақ сөзбен ұятсыздықтан тиып, имандылыққа тәрбиелеген. Қазірде осы сөздің мәні қалмай бара жатқан секілді. Ұят болады деген сөзді ұқпайтын жастар пайда бола бастады. Отбасы дегеніміз шағын мемлекет дейтін болсақ, әрбір отбасы құралып қоғамды, сол арқылы іргесі берік елдің негізін құрайды. Бұрындары бір отбасындағы тәрбиесіздік бір рулы елдің сүйегіне түскен таңба болған. Бүгінде бір ел түгілі, қарақан басын күйіттей алмай, балаларына дұрыс тәрбие бере алмай жүрген адамдар саны жетерлік. Отбасындағы тәрбие маңызды рөл атқарады. Себебі, әрбір отбасындағы адам өз қоғамының мүшесі. Қоғамының жақсы болуы, әр адамның қоғамға мүше болғанға дейінгі алған тәлім-тәрбиесіне байланысты. Иманды ұрпақ тәрбиелеп, оны қоғамға қосу — әр ата-ананың міндеті. Жеке жүріп адам өмір сүре алмасы анық. Бақытты, бейбіт елде өмір сүруді қалаған жан өз отбасының тәрбиесіне, әсіресе ұрпағының имани тәрбиесіне көңіл бөлуі керек. «Иманды бол» деп үлкендер бата беріп жатады. Бірақ сол имандылықтың жолын үлкендер жастарға, ата-ана балаларына көрсете алып отыр ма? Тәрбиеміздегі солқылдақтық, ата-ананың бала алдындағы қадірінің болмауы имандылықтан, бабаларымыздың ақиқат деп таныған ислам дінімізден алыстап кеткендігімізден болып отыр. Бақыттың бастауы имани тәрбиеде екендігін ұмытпауымыз керек.

АДАМҒА БАҚ ҚАЛАЙ ОРНАЙДЫ?

gyj

    

Қазақта: «Баталы құл арымас — Батасыз құл жарымас», немесе «Батаменен ер көгерер — Жаңбырменен жер көгерер», -дегендей батаға қатысты көптеген мақалдар баршылық. Сондай-ақ, қазақ халқы ықылас ризашылығын білдіріп бата бергенде, көбінесе «Басыңа бақ дәулет қонсын» немесе «Басыңнан бағың таймасын», -деп жататыны бар. Енді осы жайлы бір данагөй кейуананың кезінде Д.А.Қонаев атамызға айтқан ақылын назарларыңызға ұсынайын. «Ақылды ұққанға айт, Үгітті жұққанға айт», -деген ғой дана  халқымыз!

— «Бақ әуелі адамның аяғына ілінеді. Аяғына келген бақты көтере алмаған аяғын шалыс басып, жүрісінен жаңылады. Егер аяғына келген бақты көтере алса, бақ өрлеп белге келеді. Белге жеткен бақты көтере алмаған не ұрпақсыз қалады, не өзінен тараған ұрпағына кесірі тиеді. Егер беліне келген бақты көтере алса, бақ өрлеп кеудеге келеді. Кеудеге келген бақты көтере алмағанның кеудесіне нан піседі. Өзгеден гөрі өзін жоғары санағыш болып, менмен, ұркеуде болады. Ондайдан бақ кетіп қалады. Егер кеудеге келген бақты көтере алсаң, бақ өрлеп аузыңа келеді. Бұл кезде айтқаныңа ел ұйыйды. Аузындағы бақты ұстағанның ендігі кезегі — көзінде. Көзіне келген бақты көтере алмағанның көзін шел басып, бар мен жоқты, жақсы мен жаманды айыра алмайтын халге жетеді. Көздегі бақты көтере алсаң, бақ жоғарылап басыңа орнайды. Кетпес бақ деп соны айтады. Басына бақ орнаған адам — дана адам. Өйткені аяққа ілінген бақты жоғалтпай, басына шығару — тек ақылдының ісі», -деген екен!

Бағдал Ақынұлы

ҚР Журналистер одағының мүшесі