Бақша – баптай білгенге байлық

Көпшілік Бостандықты қарбызы арқылы біледі. Құнарлы топырақта піскен тіл үйірер тәтті өнім тек аймақта ғана емес, көршілес елдерде де үлкен сұранысқа ие. Сондықтан жергілікті диқандар бақша дақылымен айналысуда тәжірибенің қажет екенін жақсы біледі.

Өйткені, өнімнің сапасы мен өтімділігі атқарған еңбекпен өлшенеді.

Білмейтіндерге Бостандық ауылындағы тұрғындардың басым көбі бақша отырғызумен айналысатындай көрінетін болар. Бірақ олай емес. Мұнда жер жағдайына қанық, тәжірибелі диқандар ғана тәуекелге барады. Ойлай дейтініміз, қарбыз – ерекше күтімді, табанды еңбекті қажет ететін өнім.

Қамбарбек Тұрсынбеков бұл салада жиырма бес жылға жуық тәжірибесі бар кәнігі шаруа. Бұйырғанға қанағат таныта білген диқан биыл ерте көктемде 2 гектар алқапқа бақша дақылын отырғызған. Төккен тер мен тынымсыз еңбектің арқасында өнімін жиып, Тараз қаласына жөнелтіп жатыр.

– Сәуір айының басында қарбызды ектік. Жылдағыдай емес, қазір Таластың табанында су бар. Шаруалардың алаңдайтыны алдымен – ағын су. 2 гектарға тек қарбыз отырғыздым. Қазір сабағынан үзіп, саудаға шығардық. Әуелде келісін 50 теңгеден сатып бастағанбыз. Қазір баға біршама жоғарылады. Арасында 25 келіге дейін берген қарбыздар кездеседі. Гектарына 50 тоннадан өнім жинадық. Жылда Тараз қаласына өткіземіз. Өйткені облыс орталығында халық көп, сауда қызу жүреді. Қарбызды жинау жұмысына балаларым және жазғы демалысқа шыққан немерелерім келіп көмектесті.

Бригада болып, 8,5 гектар жерді игеріп отырмыз. Жалпы, бұл аумақ «Мұзаппар» шаруа қожалығына тиесілі. Шаруа иесімен келісіп, қажетті көлемде жер алып, пайдаға жаратып жатырмыз. Шаруа қожалық арқылы төмен бағамен жанар-жағармай алдық, – дейді Қамбарбек Тұрсынбеков.

Жалпы, «Мұзаппар» шаруа қожалығының иелігінде 3 мың гектар жер бар. Жоңышқа егіп, артылған аумақты бақша отырғызуға ниет білдірген бағбандарға жалға береді. Қазір мұнда ауылдың он тұрғыны өзара келісіп, жер алып, қарбыз егуді қолға алған. Осылайша, бірі – бос жерді іс бастауға ықылас білдірген шаруаға ұсынса, енді бірі – қолға кетпен ұстап нәсібін еңбектен тауып отыр. Қос тараптың да көңілі тоқ.

Шаруа қожалық төрағасы Сатыбай Төлегеновтің айтуынша, алдымен диқандармен келісімшартқа отырады. Барлық жұмыс заңға сәйкес жүргізіледі. Есесіне тәуекелге барған шаруалар табысын өздері көреді.

Расымен, өз меншігінде шаруаға айналдыратын жер болмаса да, істің көзін тауып, табысын адал еңбектен ажыратып отырған Қамбарбек Тұрсынбековтың табандылығы өзгеге үлгі.

Нарбол ҚАШАҒАН, журналист. Талас ауданы.