Бақұл бол, Халықтың ұланы!

Ажалдың айтып келмейтіні рас. Бүгін бір ғана Атырау облысы ғана емес, қазақтың дархан даласы арда туған азаматын жоқтап жатыр. 1984 жылдың 19 желтоқсанында Атырау облысы, Махамбет ауданында дүниеге келген Асқар Төребайұлы отыз екі жасында асқақ армандарын, еліне деген махаббатын жұдырықтай жүрегінде өзімен бірге ала кетті. Шет тілдерін жетік меңгеріп, заң саласында да жоғары білім алған ол ұлтының алдындағы қарызын ұмытқан жоқ. Студент кезінен өте белсенді еді деп жанашырлары жоқтап жатыр. Екі күннен бері Атырау облыстық Мәслихатының депутаты,«Жас Отан» жастар қанатының облыстық филиалының басшысы Асқар Бопылдықовтың қазасына сенбей есеңгіреп қалған жұрттың қарасы көп. Бүгін ол өзінің кіндік қаны тамған, еңбек жолының алғашқы жемісін жеген Ақ Жайық ауылында жерленіп, жаназа намазы оқылды. Біз де өз кезегімізде «ЕлАна» қоғамдық-танымдық сайты және оқырмандарымыздың атынан Қазақ еліне, Атырау өңіріндегі Асқардың отбасына, жақындары, ағайын-тумасы мен достарына қайғырып көңіл айтамыз. Асқар ұлдарыңыздың жатқан жері жайлы, барар орны пейіш болғай! Бақұл бол, Халықтың ұланы!