БАҒЫНАН БАБЫ БАСЫМ МАҢҒЫСТАУЛЫҚ БАЛУАНДАР

СЛОВЕНИЯДА ЕЛДІҢ АТЫН ШЫҒАРҒАН БАЛУАНДАР

Словенияның Градек қаласында Турпал-Али Кадыровты еске алуға арналған дзюдодан халықаралық турнир мәресіне жетті. Байрақты бәсекеден маңғыстаулық балуандар, облыстық «Жастар» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері Нұрсұлтан Манарбекұлы мен Нұрбек Қуанышұлы алтыннан алқа тағып, тұғырдың ең биік сатысынан көрінді.

Халықаралық жарысқа 33 мемлекеттен келген 1000-нан астам балуан қатысып, боз кілемнің көркін қыздырған. Жарыстың бірінші күні елімізге алғашқы алтынды маңғыстаулық балуан Нұрсұлтан Манарбекұлы сыйлаған. 34 келі салмақта белдескен балуанымыз әзірбайжандық, венгриялық, италияндық қарсыластарын таза жеңіп, финалға жолдама алған. Шешуші сәтте тағы бір венгриялық балуанның 10 секундта жауырынын жер иіскетіп, қоржынға алтын медаль салған.

— Өткен жылы Словенияның Градек қаласында өткен Еуропа кубогінде күміс жүлдегер атанып, ендігі жарыста алтыннан алқа тағамын деп іштей өзіме уәде беріп кеткенмін. Бүгін міне, сол тілегім орындалып, алтын медальдің иесі атандым. Барлық қарсыластарым да мықты болды, олардың арасынан суырылып шығу үшін барымды салып, күрестім. Бүгінде дзюдо, самбо күрестерінен «спорт шеберіне үміткер» атанып, күрестің екі түрінен де облыс чемпионы және жасөспірімдер арасында республикалық, халықаралық жарыстардың жеңімпазы атағын иелендім. Дзюдодан Маңғыстау облысының және ҚР-ның жасөспірімдер Ұлттық құрама командасының мүшесімін. Спорттан бөлек, мектепте де белсенді оқушымын, әсіресе тарих пен математика пәндерін ұнатып оқимын. Бүгінде Ақтау қаласындағы №28 мектептің 8 «ә» сыныбында білім аламын. Барлық оқушыларды салауатты өмір салтын сақтап, дзюдо, самбо күресімен айналысуға шақырамын, — дейді спортшы Нұрсұлтан Манарбекұлы. Жарыстың екінші күні 60 келі салмақта боз кілемге маңғыстаулық балуан Нұрбек Қуанышұлы шыққан. Бірінші кезеңде Нұрбек словениялық, хорватиялық балуандарды жеңіп, келесі кезеңге жолдама аған. Одан кейінгі латвиялық, венгриялық, австриялық балуандармен өткен кездесулерін сәтті аяқтап, алтыннан алқа тағынған.

— Жарыс Словенияның Градек қаласында 12-13 қараша күндері өтті. Аталмыш жарыстан қос балуанымның топ жарып, жерлестерімізге жеңіс сыйлағанымызға өте қуаныштымыз. Қос шәкіртім де бабында болатын. Алтын медальдан бөлек, жарыстың қорытындысында шәкіртім Нұрсұлтан белдесуде үздік тәсіл қолданғаны үшін арнайы Алғыс хатпен марапатталды. Жалпы, жарысқа облыстан үш балуанды дайындап апарған болатынмын. Өкінішке орай, 50 келі салмақта белдескен тағы бір шәкіртім Төрекен австриялық, әзірбайжандық балуандарды жеңіп, шешуші сәтте италияндық балуанға есесін жіберіп, 7-орынға тұрақтады, — дейді облыстық «Жастар» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бапкері Жомарт Қобыланов.

Екі күндік жарыстың қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 15 медальмен үшінші орынға тұрақтаған. Айта кетсек, балуандарымыз ел қоржынын 4 алтын, 6 күміс және 5 қола медальдармен толықтырды.

ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 25 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ЖАРЫС 

Ақтауда тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай дзюдо күресінен 2000-2009 жылы туған жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында облыстық «Жастар» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жүлдесіне арналған ашық өңірлік турнир өтті. Оған мұнайлы аймақтың түкпір-түкпірінен келген 290 балуан қатысты. Спорттық шараның ашылу салтанатында облыстық спорт басқармасы басшысының орынбасары Қазбек Иманғалиев, «Жастар» БЖСМ басшысы Манарбек Бисекенов, жарыстың бас төрешісі, самбо күресінен ҚР спорт шебері Ерлан Серіков, жарыстың хатшысы Ғайса Қалмұханов сөз сөйлеп, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.

— Бұл жарыс — алдағы желтоқсан айында КСРО спорт шеберлігіне үміткер Баламұрат Ақшабаевтың жүлдесіне арналған республикалық турнирге дайындық есебінде де ұйымдастырылып отыр. Бүгінгі жарыстан жеңімпаз атанып, үштікке кірген балуандар сол жарысқа қатысатын болады. Сонымен қатар жарыстан бірінші, екінші орын алған балуандар ҚР-ның «Спорт шеберіне үміткер» деген атақ алады. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, мықтылардың топ жаруына тілекшімін. Жарысты ұйымдастыруға қолдау көрсеткен облыстық спорт басқармасының және облыстық дзюдо федерациясының басшылығына ризашылығымды білдіремін, — деді облыстық «Жастар» БЖСМ басшысы Манарбек Бисекенов.

Турнирдің шымылдығын ашып, түндігін түрген 2000-2003 жылы туған балуандардың арасынан А. Рембаев («Жастар» с/м), Д. Төлегенов (Жыңғылды спорт интернаты), Т. Еңсегенов (Жыңғылды спорт интернаты), А.Бердіханов (Жаңаөзен қаласы), Н. Қуанышұлы («Жастар» с/м), С.Хасан (Қарақия ауданы), Ж.Қаспаев (Жыңғылды спорт интернаты), М.Зұлқарнаев (Маңғыстау ауданы), Н.Манарбекұлы («Жастар» с/м), Д.Жолболдин (Маңғыстау ауданы), Е.Рамазанов (Жаңаөзен қаласы), А.Ақылбаев (Маңғыстау ауданы), М.Әділ (Жаңаөзен қаласы), Н.Қыдырбай («Жастар» с/м), Е.Тұрақбаев (Шебір ауылы), А.Қойбағар («Жастар» с/м), С.Тоқсанов (Жыңғылды спорт интернаты) жеңіс тұғырынан көрініп, алтын алды.

— Бүгін жарыста 42 келі салмақта белдестім. Жеңімпаз атанғаныма өте қуаныштымын. Жалпы, бұған дейін Ақтөбе қаласында самбодан өткен турнирде топ жарып, түбекке жеңіспен оралдым. Сондай-ақ, Ақтауда биыл сегізінші рет дзюдодан халық батыры Ер Қосай Құдайкеұлы атындағы халықаралық турнирінде және самбодан өткен Ақтау кубогінде алтын медальдарды иелендім. Енді алдағы желтоқсан айында өтетін республикалық турнирде жеңімпаз атану үшін барымды салып, дайындалатын боламын, — дейді Данияр Жолболдин.

Боз кілемнің шаңын қаққан 2004-2009 жылы туған жасөспірімдер арасында Р.Нұрмаммед («Жастар» с/м), Ж. Мұхаммедияр (Жыңғылды спорт интернаты), Г.Бектұрған (Жыңғылды спорт интернаты), К. Көмеков (Жыңғылды спорт интернаты), К. Ізтұрған (Маңғыстау ауданы), К. Абитұлы (Маңғыстау ауданы), Н. Қанатбай (Маңғыстау ауданы), Н. Түгелбай (Жыңғылды спорт интернаты), М. Алдаберген («Жастар» с/м), Ж. Сағынғалиев («Жастар» с/м), Б. Жантілеков (Жыңғылды спорт интернаты), Е. Бұхар (Жыңғылды спорт интернаты), А. Қыдырғалиұлы («Жастар» с/м), А. Қонысбай (Маңғыстау ауданы), Ы. Саламат (Жыңғылды спорт интернаты), С. Кенжебек (Жыңғылды спорт интернаты), Р. Жексенбай (Қарақия ауданы) алтын медальдің иесі атанды. Жүректілер мен білектілердің айқасында қыздар арасында Б. Мнажаддин («Жастар» с/м), Ж. Аманғалиева («Жастар» с/м), Г. Жолдасбаева («Жастар» с/м), Н. Сапарбай («Жастар» с/м), А. Рахметова (Маңғыстау ауданы), И. Асан («Жастар» с/м) да алтыннан алқа тағынды.

— Бұған дейін дзюдодан өткен «Жастар» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жүлдесіне арналған топаралық біріншілікте де алтын медальді иеленіп, өз салмағымда жеңімпаз атанған болатынмын. Сол жеңісімді бүгінгі облыстық жарыста қайталап, бапкерлерімнің үмітін ақтағаныма өте қуаныштымын. Болашақта Азия, Әлем чемпионы атанып, Олимпиада шыңын бағындырғым келеді, — дейді 34 келі салмақта белдескен балуан Ботагөз Мнажаддин.

КҮМІС АЛҒАН ҚАЗБЕК

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Оралда А.Шайхиевті еске алуға арналған самбо және әскери самбодан халықаралық турнир мәресіне жетті. Байрақты бәсекеден Ақтаудағы «Жастар» спорт мектебінің шәкірті Қазбек Айболатов күміс медальді қанжығасына байлады. Халықаралық дəрежедегі спорт шебері, КСРО чемпионы, əлем чемпионы және əлем кубогының иегері Асқар Шайхиевті еске алуға арналған турнирге Армения, Қырғызстан, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан мемлекеттерімен қатар еліміздің Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы және Батыс Қазақстан облыстарынан 300-ден астам балуан қатысқан. Жарыста 62 келі салмақта боз кілемге шыққан жерлесіміз Қазбек Айболатов екі қарсыласының жауырынын жер иіскетіп, шешуші сәтте оралдық қарсыласына есе жіберіп, күміс медальді иемденген.

image-31-10-16-05-41-1

— Жарысқа Маңғыстау облысынан 4 балуан бардық. Бұл жолы маған бұйырғаны күміс медаль болды. Бұған дейін Атырауда ересектер арасында спорттық және жауынгерлік самбодан өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында қоланы иеленген болатынмын. Жалпы, жарысқа дайындаған бапкерлерім Сергей Волобуев пен Асхат Хапановқа алғыс айтамын, — дейді Қазбек Айболатов. Айта кетсек, маңғыстаулықтарға күміс медальді сыйлаған Қазбек Айболатовтың спортты жанына серік еткеніне биыл 18 жыл болды.

Дайындаған — Айман Оңғарбайқызы