Бұл жобамен келешекте ел мүддесін ойлайтын патриоттар тәрбиелей аламыз ба?

Білім және ғылым министрі Е.К.Сағадиев мырзаға Ашық хат 

Құрметті министр мырза!

Қазір қазақ елі азаматтарының көңілін алаңдатып отырған ең маңызды мәселе Сіздің ұсынып отырған жалпы білім беруге бағытталған платформаны жасау болып отыр. Бұл мәселенің маңызды болуы, келешекте қазақ мемлекетінің аты қалып, заты жоғалатын жағдайға душар болуынан сақтай ала ма деген сұраққа байланысты. Егер Сіздің ұсынысыңыз бойынша барлық жалпы оқыту мектептерінде реформа жүргізілетін болса, қазірдің өзінде қазақ жастарының көпшілігінің өз ана тілін білмейтінін, яғни қазақша ойлаудан ада екенін ескерсек, 15-20 жыл өткен соң, осы мектепті бітірген жастардың барлығының дүбәра, мәңгүртке айналмауына Сіз кепіл бере аласыз ба? Жоқ, әрине, оған сіз де және басқалар да кепіл бере алмайды. Бұл — тіршілік заңдылығы.
Бірінші, ұрпақ тәрбиелеудің ерекшелігі ол жас баланың табиғи, биологиялық қасиетіне қарай мінез-құлықтың қалыптасуы тәуелді екенін, Сіз оқымысты ғалым ретінде түсінесіз. Бұл заңдылықты ескермесе, балалар ержете келе психологиялық ауытқуларға (дебилы) ұшырауынан ешкім арашалай алмайды. Бұл заңдылықты әлемдегі барлық халықтар ежелден біледі. Ұрпақтың денсаулығы — ұлттың денсаулығы. Баланы сәби күнінен 11-12 жасқа дейінгі кезінде өз ана тілінде тәрбиелеп оқытып, басқа тілді үйретуді шектеулі мөлшерде бергенде ғана баланың ойлау мен қабылдау қабілеті дұрыс жетіледі. Халқының рухани мықтылығын ойлаған елде солай болады. Яғни балаларды бастауыш мектептерде, тек өз ана тілінде тәлім-тәрбие беріп оқытуды игеру — ұлтты сақтаудың кепілі. Ұлт пен ұрпақ келешегін ойласақ, осыны ескеру қажет. Біз, әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фарабидің «Ұрпаққа ең алдымен тәлім-тәрбие бермей, ғылым берсең, ол келешекте опатқа әкеледі» дегенін, қазіргі адамзат қауымының рухани дамуы ғылым мен технология даму деңгейінен кенже қалып отырған жағдайда біз ешқашан ұмытпауымыз қажет.
Екінші, әлемдегі ғылым мен техниканың дамуын, өркениет жаңалығын игеру үшін бір типті білім беру жүйесін енгізіп, ағылшын тілінде химия, физика, биология, информатика пәндерін оқытуды енгізудің нәтижесінде қазақ халқының, оның ұлттық мемлекетінің келешегіне зиян болмаса, пайда әкелмейтін қадам екенін ұқпау емес пе. Дүниежүзіндегі қоғамдық даму тәжірибесіне үңілсек, мемлекеттің даму деңгейі, өркендеуі сол елдегі ұлттық ғылымының дамуына тікелей байланысты. Ал мемлекеттік тілде ғылым негізін салатын пәндерді оқымаған ұрпақ, қалай ұлттық ғылымды дамытып, өзінің ұлттық мемлекетін ұстай алады? Ғылым қазақша сөйлемесе, қазақ елінің ұлттық мемлекет болуы мүмкін деп Сіз айта аласыз ба? Қазіргі кезде, кейбір гуманитарлық салада болмаса, біздің барлық ғалымдарымыз ғылымды орыс тілінде игергендіктен, студенттерге білім беру мен ұлттық ғылымды кеңінен дамытудағы кемшіліктерді кім жоққа шығара алады. Сол кемшіліктен арыла алмай жүріп, өз ұлтымыздың болашағын құзға итеруге бола ма? Үшінші, тағы бір мәселе, жаратылыстану пәндері және әлемдік өркениеттен хабар беретін дүниежүзі тарихын қазақша оқытпаудың салдары қазақ жастарының дүбара болып өсуіне әкелетіні, мемлекет құрушы халықты өз мемлекетінен шеттету емес пе деген сұрақ туындайды.
Төртінші, барлық жалпы мектептерде осы бағытта білім берсе, барлық жастар (ауылды жерлерде де) жоғары деңгейде білімді болады деудің қателігі, ауылды жердің әлеуметтік, тұрмыстық және мәдениеттік деңгейі қалалық деңгейге жетпей, олай бола қоймайтыны өмір заңдылығы. Сонымен қатар, адамдардың табиғи қабілеттерімен санаспай, Кеңес дәуіріндегідей жастардың бәрін бір қораға қамап, олардан робот жасау тек рухани тозуға жетелеуі мүмкін екеніне күмәндануға бола ма? Енді бір ескеретін мәселе, әр отбасының әлеуметтік және басқадай жағдайларына байланысты барлық жастар жалпы мектепті уағында оқып тамамдауы мүмкін емес. Яғни тіршілік заңдылығына байланысты көптеген жастар бұл жүйенің шеңберінде өз бетімен табиғи қабілеттеріне байланысты өсе алмай, үлкен дағдарысқа ұшырап, қоғамға өгей болып өмір кешуі мүмкін бе деген сұрақ туады. Өйткені бұл жүйе кейбір қайшылықтарды тереңдете түседі. Еліміздегі халықтың қазіргі санының жетпіс пайызға таяуын қазақтар құрайды және ауылдағы кедейшілікте басымдылықпен өмір сүріп отырған солар десек, болашақта қазақ жастарын маргиналдық тағдыр күтіп тұр ма деген ой қинайды.
Бесінші, ұсынып отырған жүйе келешекте барлық қазақ жастарына жасалатын қамқорлықтан туған дегенді дәлелдеген уәжіңізде Назарбаев университетіне, ҚМЭБИ, ҚБТУ, IT оқу орындарына қазіргі оқыту жүйесінің деңгейінің төмендігінен жастар бара алмайды дегенсіз. Бұл мәселенің жауабы тереңірек жатқан сияқты. Ақиқатқа жүгінсек, жоғары оқу орнына баруға талпынатындардың үлес мөлшері, жалпы жастар санының аз ғана бөлігін құрайды. Оқуға қабылданатындардың көлемі одан әлденеше есе аз болатыны тағы бар. Яғни бұл жүйенің барлық жастарға бірдей әкелетін пайдасы бары күмәнді. Ал жоғарыдағы аталып отырған оқу орындарына түсіп оқитындар тек қалтасы қалың ауқаттылардың балаларының еншісінде екені белгілі. Қарапайым халық ондай оқу орындары мен шетелдерде оқытуды қойып, кейде колледждерде балаларын оқытуға қаржы таппайды. Осыдан туындайтын ақиқат — бұл жүйе халыққа тек дәулеттілердің балалары үшін жасалатын сияқты болып көрінеді. Және де, онсыз да тереңдеген әлеуметтік теңсіздікті жалғастыратын, жастар арасында жік ашып, білім беру саласында ашық заңдастырылған дискриминация пайда бола ма деген күмән тудырады (бағасы қымбат жерде, шетелде, тек байлар мен биліктегінің балалары оқып). Ол әлеуметтік дағдарысқа тірейтіні белгілі.
Таудай сөздің тобықтай түйіні, қазақ елінің мәңгілік тәуелсіз, дамыған ұлттық мемлекет болуы — баршамыздың мақсатымыз. Осы мақсатқа жету жолында кемшіліксіз, қатесіз болмайтыны да белгілі. Қазақ халқының даналығы «дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады» дейді. Сын айтумен қоса «келісіп пішкен тон келте болмайды» дегендей, өзімнің ұсыныс-пікірімді де жеткізіп отырмын. Ұсынылған жүйенің негізгі кемшілігі — біздің қоғамда қалыптасып қалған кемшіліктермен ұштасып жатуы. Білім беру жүйесі кадрлерінің мемлекет деңгейінде мәртебесін көтеру қажет. Оларды ынталандыру деңгейінің төмендігінен мектептер мен жоғары оқу орындарындағы білім берудегі кемшіліктер орын алған. Бұл мәселені шешуге тек арнайы ұлттық бағдарлама негізінде бірталай уақыт қажет (оны айлық еңбекақы өсіру шешпейді) етеді. Ауыл мен қала арасындағы әлеуметтік жағдай мен тұрмыстық, мәдени, байланыс және қатынас қызметінің деңгейінің алшақтығын жоймай, қоғамда ортақ психологиялық орта қалыптаспайды. Оған да уақыт пен ынта қажет. Білім беру жүйесін жетілдіру үшін ең алдымен ұлттық ғылымды дамытып, тек сол ұлттық ғылымның негізінде ғана қоғамның тиімді саяси-экономикалық және мәдени дамуын іске асырып әлеуметтік, азаматтық құқық қайшылықтарды жұмсартуға болады. Осы мәселелер шешілгенде білім беру жүйесін реформалаудың нақты ғылыми негізделген тиімді жолы пайда болады. Ал асығыстық әрқашан әсірелікке (авантюраға) апарады. Оның зияны халыққа қымбатқа түсуі мүмкін.
Қазіргі кезеңдегі бірінші кезектегі шешілетін мәселелер, менің ойымша, мыналар болуға тиіс:
– Оқушылар мен студенттердің табиғи қабілеттерінің бірдей болмайтынына байланысты мүмкіншілігінше әр мектеп пен жоғары оқу орындарында ғылыми салаға ықпалы бар пәндерді арнайы бағдарламамен тереңдете оқытатын арнайы курстарын ашу қажет. Оған тек жастардың шын қабілеті мен өз таңдаулары бойынша күшейтілген талаппен қатынасуы қажет.
– Курстарда оқитын жастардың сол пәнді тереңдете оқуын міндетті түрде мемлекеттік тілмен қатар, ағылшын тілінде жетік меңгеруі міндетті болуын бекіту керек. Ал орыс тілінің қазіргі өктемдігін ескере отырып оны міндеттемей, тек жастардың өз таңдауына ұсыну қажет (олай болмаған күнде ешқашан қазақ тілі мемлекет тілі деңгейіне көтерілмейді және ғылым қазақша сөйлемейді).
– Мектептер мен жоғары оқу орындарында жастардың ғылымға, мәдениетке, шығармашылыққа, өнерге деген қабілеттерін ашып, шыңдау үшін арнайы бағдарламамен ғылыми топтар (кружоктар) жұмыс істеуі қажет.
– Осындай бағытпен жүйелі оқыту бағдарламамен істелген жұмыс өз нәтижесін берері сөзсіз. Ол үшін ең алдымен ғалымдар мен білікті сала мамандардың тәжірибесіне сүйеніп, әлемдік жетістіктердің тиімді жолдарын пайдаланып, әдістемеліктер әзірлеп, содан кейін ұстаздар дайындау жұмысын шешу керек. Бұл мәселеге мұқият көңіл бөлмей, жеңіл қараса, ешқандай нәтиже шықпайды.

Құрметті министр мырза!

Кеңес дәуірінде білім алған Сіз бен біз сияқты замандастарымыздың қазақша ойлау қабілетінің жойылғаны анық. Тіпті өздерін зиялы санайтын шығармашылық маңайында жүргендердің тіл шұбарлығы солардың ойлау шұбарлығынан екенін түсінбей келеді. Ұлы бабамыз Әбу Насыр әл-Фарабидің «тіл адамның ойлау қабілетін дамытады» деп, тіл меңгеруге мұқият болуды барша адамзатқа ескертіп кеткені белгілі. Адамның ойлау, қабылдау қабілетін мұхитқа теңеп, сол мұхитқа салмағына қарай үш затты тастасақ, ауыр салмақтардың батып, жеңіл салмақтың бетінде қалқитынына күмән келтіресіз бе? Әрине, жоқ дейсіз. Қазіргі кезеңде қазақ тілін орыс пен ағылшын тілдерімен салыстырудың өзі артық. Ал баланы жасынан үш тілді тең үйрету үшін, осы үш тілдің салмағы бірдей болғанның өзінде әр бала еліктеумен өзіне не ұнаса соның соңында кететінін ескерсек, біз келешекте қазақ елінің мүддесін ойлайтын азаматтар тәрбиелей аламыз ба деген сұрақ туады. Сондықтан да, балаларды балабақшадан, бастауыш сыныптардан үш тілге үйрету келешек ұрпақты дүбәра (недоросл) деңгейіне апарудың түбі қайда апаратынын ұғу қиын емес. Әр адамның табиғи парызы — ұрпақ тағдырын ойлау. Сондықтанда, әрқашанда «Жұрт алғысына бөленген ісіңнің мәңгі жұрнағы қалады, қарғысқа қалған кісінің ұрпағы өшіп, солады» деген даналықты бәріміз де есімізге сақтап, әр қадамды парасаттылықпен бастағанымыз артық болмас.

Болат Дүйсембі,
Республикалық «Ұлт тағдыры»
қозғалысы Орталық кеңес мүшесі