Бүгінгі күннің әдемі келіншегі кім?

Өткен жылдың қараша айында «Қазақ әдебиеті» газетінің №45 санында Өмірзақ Мұқайдың «Ең әдемі келіншек» атты мақаласы жарық көрді. Мақалада таксист келіншектің бір қолымен көлік жүргізіп, екінші қолымен қасындағы арбаға таңылған бөпесін тербетіп, нәпақа тауып жүргендігі айтылады. Осындай батыл қадамға барған әйелдің бұл әрекетін оның көлігіне мінген жолаушылар білмек болыпты. Сөйтсе, келіншек күйеуінен ажырасқан екен. Бір сәбиі бар, өзі пәтер жалдап тұрады. Күнкөрісі қиындаған соң, осындай кәсіппен айналысқанды жөн көріпті.

Сондай-ақ, автор бұл мақаласында тоқсаныншы жылдары Алматыдағы «Арасан» моншасының алдында қазақтың бір сұлу келіншегі өткен-кеткендердің аяқкиімін тазалап, кремдеп, адалынан еңбекақы тапқандығын жазады. Келіншек бұл қадамға неге барған? Мұғалім отбасында тәрбиеленген жалғыз қыздың әке-шешесі қайтыс болған екен. Күйеуінен ажырасқан соң, көмектесетін ешкім болмаған. Баласын асырау үшін аяқкиім тазалауды кәсіп еткен көрінеді.

Міне, қазіргі заманның «ең әдемі келіншегі» де осылар! «Жөргектегі баласымен такси айдап, біреудің аяқкиімін тазалап, арын таптатпай жүрген нағыз арулар», дейді автор.

Бүгінгі заманда жеңіл жолмен ақша тауып жүргендердің әрекеттері ешкімге де құпия емес. Ардан аттап, пайда тауып, табысқа кенелгендер жайлы аз айтылып жүрген жоқ.

Қазіргі кезде аяқкиім тазалайтын емес, адамның денесін тазалайтын кәсіп пайда болды. Ол қандай кәсіп дейсіз ғой, айтайын. Адам болған соң апта сайын моншаға барамыз. Кейінгі жылдары Тараздағы көпшілік моншаларда ер адамдардың арқасын езіп, кірден тазалап, сол қызметі үшін ақысын алып жүрген әйелдерді көретін болдық. Басқа ұлттың өкілдері емес, өзіміздің қаракөздер. Жасымыз ұлғайған біздер бұл көрініске жатырқай қарадық. Мұсылмандыққа мүлде ерсі екендігіне көзіміз жетсе де, амалсыз күй кештік.

Бұл амалсыздық па, жоқшылық па? Әлгі келіншектердің туған-туыстары, жақындары, дос-жарандары жоқ па? Оқушы балалар, бозбала жігіттер не ойлайды?

Бұлардан массаж жасайтын әйелдер де қалысар емес. Моншаның бір бұрышынан кабинет ашып алған. Сол жерден-ақ күн көруде.

Осы орайда белгілі актер Бекжан Тұрыстың мына сөздері ойға оралады. «Мен мың қазақтың ішінен шын қазақ іздеп жүрмін. Өйткені, қазір біздің бойымыздан қазақы қасиеттер жоғалып бара жатыр. Кез келген ұлттың дәстүрлі мәдениеті мен діни танымы болады. Академик Семеновтың (бүркеншік аты –Тянь-Шяньский) «Қазақтарды оқытудың қажеті жоқ, қазақтардың дәстүрі, әдет-ғұрпы тұнып тұрған білім», деген сөзі бар. Шындығында солай едік қой. Ал, қазір сол өзіміздің дәстүрімізден алшақтап бара жатырмыз. Сақтан қалған салт, ғұннан қалған ғұрып жетпей жатса, сол дәстүрден айну деген адам шошитын нәрсе. Кешегі Алаш зиялысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының да керемет сөзі бар. «Құдайдан кейін қорқатын нәрсе, ол – дәстүр бұзушылық». Міне, мен қазір сол дәстүр бұзғандардан қорқамын. Қазақтың өзінің болмысы бөлек еді ғой, ашты тоқ қылған, кедейді бай қылған. Кезінде аналарымыз нанның қоқымын жерге тастатқызбайтын, ал қазір нанның қоқымы емес, балаларын қоқысқа тастап кетіп жатқан қоғамда өмір сүріп келеміз. Бұл қандай қасірет?! Әйтпесе, қазақ әйелінің болмысы қандай еді? Мұхтар Әуезов әдемілеп суреттейді ғой, «қазақ әйелі еріне серік болған, уәдесіне берік болған. Ерді ойлаған, елді ойлаған, нарды ойлаған, жарды ойлаған» деп. Бұған қоса «Ел болам десең, бесігіңді түзе!» деген де сөзі бар. Ал, сол бесіктен бұрын әйелдің халін түзе дейді. Сол бекер айтылмаған». («Қазақстан дәуірі» газеті, №3, 19 қаңтар 2023жыл.)

Әлемнің бірнеше елінде, атап айтқанда Түркия, Малайзия және Өзбекстан секілді мұсылман елдерінде болудың сәті түсті. Сонда нені көрдік, нені байқадық? Біріншіден, экономикалық және әлеуметтік жағынан дамыған қуатты мемлекеттер екендігіне көз жеткіздік. Мәдениет саласындағы жетістіктеріне де куә болдық. Адамдары да жайдары, көңілді. Қонақтарды құшақ жайып қарсы алып, жылы шыраймен шығарып салады. Әл-ауқаттарының жоғары екендігін, өмір сүру сапасының айтарлықтай өскендігін байқау қиын емес. Менің айтпағым басқа.

Осы елдерде болған кезімізде әйелдердің қоғамдағы орнын байқап, риза болдық. Кафелер мен мейрамханаларда, асхана мен дәмханаларда әйел баласының төбесін көрмедік. Ас дайындап, тамақ пісіріп жүргендердің дені ер адамдар. Әйел баласы оқта-текте көмекші қызметін атқарғаны болмаса, көбінесе ел көзіне көрінбейді. Міне, әйел болудың үлгісін көрсетіп, әйелдің орнын белгілеп, отбасында бала тәрбиелеп, ошақтың отын маздатып, үйдің түтінін түзу шығарып, дені сау ұлағатты ұрпақ өсіріп, ұлтына адал қызмет етіп, ерлерінің мерейін үстем етіп отырған әйелдердің имандылығына, өздерінің әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін қалтқысыз сақтаған қасиеттеріне қарап, ерекше сүйсіндім.

Бүгінгі күннің әдемі келіншегі кім болуы мүмкін? Мен үшін әлемдегі әдемі әйел, ол – жүкті немесе бөпе құшақтаған келіншек дер едім. Қоғамда бала көтеріп, оны жақсы тәрбиелеген келіншектер, ұлтты тәрбиелейтін аналар көбейе берсін!

Мақұлбек БІЛӘЛБЕКҰЛЫ,

ардагер журналист.