Бүгінгі қазақ өмірінің түркілік қырлары

С.Демирел атындағы университет ректорының кеңесшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақұлымен бүгінгі қазақ өмірінің түркілік қырлары төңірегінде әңгімелескен едік.

Сөз жүзінде бәрі жақсы, ал іс жүзінде…

 — Аға, соңғы он жылдан астам уақытыңызды түркі әлемін зерттеуге арнапсыз. Бұл салаға қалай бет бұрдыңыз, не себеп болды?

сду— Бұған менің 2004 жылы  С. Демирел атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне ауысып, түріктермен жақынырақ араласа бастауым басты себеп. Екінші себеп, біз тәуелсіз ел болдық. Сол тәуелсіздік бізге не берді деген мәселелер төңірегінде ойлана бастадық.   Қазақ   (Қазақстан) мемлекеті,   ұлттық   мемлекет   бола   тұра   біздің   тіліміз, мәдениетіміз, ұлттық құндылықтарымыз елімізде әлі күнге дейін өзінің лайықты орнын, бағасын ала алмай келе жатыр. Бізде сөз жүзінде бәрі жақсы, іс жүзінде басқаша.  «Біз  барыспыз,  арыстанбыз,  біз  көктүріктердің ұрпағымыз» деген сөздерді жиі айтқанымызбен, ісәрекетімізде кеңестік отарлық жүйедегідей тіліміз, ұлттық рухымыз  еркін самғай алмауда. Сонда осының бәрінің себептері не деген сауалдарға  жауап іздеген кезде, әлемдік ауқымда біздің алатын орнымыз, жағдайымыз  қандай деген сұрақтар  өзіненөзі келіп туындайды екен. Түркі әлемінде, әлемдік деңгейде қандай орынға иеміз, беделіміз қаншалықты деген сауалдарға  жауаптар іздей бастадым. Сонымен, алдымен, түркі тілдері, яғни түркі әлемі мәселесімен, жалпы ұлттық мәселелермен, одан қалды жаһандану дегеніміз не, әлемдік ауқымда тілдік, ұлттық дамуда қандай өзгерістер, жаңалықтар болып жатыр деген сияқты мәселелерге үңілуге тура келді.

Мынадай мәліметтерді келтіре кетейік. Жалпы түркі халықтарының саны әртүрлі деректерде әртүрлі; бір санақтарда 49, кейбіреулерінде 50-ден асады. Олардың ішінде  тәуелсіздігін алған алты ел: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркия. Көпшілігі әлі күнге дейін бодандық күйін кешуде. Ресейде, Қытайда, Иранда, Ауғанстанда көптеген түркі тектес халықтар өмір сүріп жатыр. Олардың болашағы бұлыңғыр. Ұлттық тілде мектеп, газет-журнал т.б. ештеңе жоқ; бұл — ұлттық даму мүмкіндіктерінен айырылған деген сөз. Мұндағы ең басты мәселе — бұлардың ұлтты сақтайтын ұлттық мемлекеттігі жоқ болғандықтан. Сондықтан да қазір бұлардың ұлттық тағдыры  қыл үстінде тұр деуге болады. Мұның барлығын  айтып жатқандағы негізгі ой: тәуелсіздігіміздің қадірін біліп, оны көзіміздің қарашығындай сақтайық; ұлттық дамуымыздың кепіліне, қорғанына айналдыра білейік.

Біздің жаһанданудың жойқын шабуылдарынан аман қалуымыздың екі ғана жолы бар.  Оның біріншісі — ана тілімізде жазылған рухани құндылықтарымызды насихаттау арқылы ұлттық сана-сезімімізді мемлекеттік деңгейге көтеру, екіншісі — туысқан түркі тектес   халықтармен   аралас-құраластықты   арттыра түсіп,   ағайынды-туысқан халықтар бір болсақ, бізді ешқандай дұшпан ала алмайды. Демек, түркі халықтарының болашағы түркілік бірлікте екенін ұмытпайық.

— Біз қазақ деген ұлтпыз деп жүрсек, қазір «түркі халықтары бір ұлтпыз» деген сыңайда пікірлер айтылып жүр. Бұған не дейсіз?

— Жалпы біз, осы уақытқа дейін қазақ, өзбек, қырғыз деп, жеке-жеке ұлтпыз деп келдік. Ал халықаралық тәжірибеге сүйенсек, біз бір ұлт екенбіз. Бұл сөзімді мынадай мысалмен жаңғыртайын. Мен Қытайда бірнеше рет болдым. Оларды біз 1,5 миллиард деп жүрміз. Сонда біздің қытай деп жүргеніміздің өзі, біздің ұғымымызша, үлкен-үлкен 7 ұлттан тұрады екен. Олардың барлығын бір ұлт етіп біріктіріп тұрған — тіл, нақтылай айтқанда, тілдің жазуы-иероглиф.  Бір қызығы, Пекиннің қытайы мен Шанхайдың қытайы әңгімелескенде, бірін-бірі түсінбейді де, бәрін бір ұлт қылып біріктіріп отырған иероглиф арқылы ұғынысады. Сол себептен де Қытайдың телеарналарынан хабарлар бергенде, барлық қытайға түсінікті болуы үшін оның астына міндетті түрде жазу — иероглиф  жазады. Сонда үлкен-үлкен 7 этностан  тұратын  бір жарым миллиард қытай жазу арқылы бір ұлт болып ұйып отыр.  Міне, жазудың, бізше айтқанда, әліпбидің құдіреті деген. Әліпбидің ұлт өміріндегі осы сияқты аса маңызды рөл атқаратындығы себепті де қазір елімізде жаңа әліпби қабылдау мәселесі көтеріліп, қызу талқылану үстінде. Демек, ұлттық тіліміздің табиғатына сай келетін әліпби қабылдау ұлт өмірінің болашағы үшін аса маңызды.

Сонымен, біз — түрік атты алып бәйтеректің өркен жайған бұтақтарымыз; басқаша айтсақ, түрік атты қасиетті атадан тарап, жеке-жеке отау тігіп, өсіп-өнген, сөйтіп, ұлттық деңгейге дейін дамыған халықтармыз.  Шын мәніне келгенде, біз — қолдан бөлшектенген ұлтпыз, қолдан бөлшектенген халықпыз. Жаһанданудан аман қалуымыздың бірден-бір  жолы  — ортақ әліпби жасау, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы бірге жүріп жасаған ортақ құндылықтарды бір жүйеге келтіріп, пайдалану, ата-бабаларымыз ат ойнатып, еркін өмір сүрген, қанымен суғарылып, кейінгі ұрпақтарға мирас етіп қалдырған атамекенімізді көздің қарашығындай сақтап қалу. Әйтпесе, жаһандану дәуірінде жеке-жеке өмір сүру аса қиын.

Назарбаев университетінің 50 пайыздайы лицейліктер

— Аға, тәуелсіздіктен соң қазақ жерінде қазақ-түрік лицейлері жаппай ашылып, олардың білім берумен айналысқанына жиырма жылдан асып барады. Соңғы бірер жылда қазақ-түрік лицейлері туралы қоғамда әртүрлі пікірлер айтылып қалып жүр.  Қазақ-түрік лицейлері бізге не берді?

назарбаев ун— Тәуелсіздігімізді алғанда бізді алғаш мойындаған түріктер болды. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, түріктер тәуелсіздік алған түркітілдес елдерге рухани көмектерін беруде алғашқы боп келгенін ешкім жоққа шығара алмайды. Қазақстанда қазақ-түрік лицейлерін, университет ашты. Еліміз бойынша қазір  30-дан астам қазақ-түрік лицейі жұмыс істейді. Бұларда ұлттық, түркілік тәрбие дәстүрлерін заманауи талаптармен  шебер ұштастырушылықтың үлгісі бар; қазіргі заманның  білімі мен тәрбие жұмыстары біртұтас күйінде барынша жолға қойылған. Қазақ-түрік лицейін бітіргендер қазақ тілін жақсы біліп шығады. Оның үстіне замана талабына сәйкес ағылшын, түрік, орыс тілдерін де меңгереді. Ал білім сапасына келсек, жыл сайын республика бойынша өтетін пәндік олимпиадаларда  жүлделі орындардың  60-70 пайыздайын  осы қазақтүрік лицейлерінің түлектері алып жүр. Элиталық оқу орны саналатын Назарбаев университетінде оқитындардың  50 пайыздайы осы қазақ-түрік лицейлерінің түлектері.  Мұның өзі қазақ-түрік лицейлерінде білім сапасының жоғарылығын көрсетеді. Бұдан артық бізге не керек?!

Еліміздегі лицейлерді, Сүлеймен Демирел атындағы университетті ашқан —  «Қазақ-түрік білім қоры» (КАТЕВ).  Қазақстанда Түркияның бизнес, білім саласында жүрген азаматтары бірігіп қор құрған. Сол қор барлық лицейлерге қамқорлық жасайды. Қазір қазақ-түрік лицейлерінің барлығы мемлекеттің қарамағында. Білім саласындағы түріктердің заманауи озық тәжірибелерінің  қолданылуы арқылы Қазақстанның білім беру жүйесі жоғарыда айтып өткен жоғары деңгейге көтеріліп отыр.

—   Енді Ф.Гүлен туралы бір-екі ауыз сөз айтып берсеңіз.

—   Қазір Ф. Гүлен туралы әртүрлі әңгімелер бар. Бізге белгілісі, ол — Түркияның белгілі діни, қоғам  қайраткері. Ол — имандылық пен зайырлылықтың озық үлгілерінің басын қосып, қазіргі заманға лайықты тұтас бір ағым, ілім жасаған озық ойлы білімпаз.  Ф. Гүленнің еңбектерінде қазіргі заманның зәру мәселелерін ғылыми, діни тұрғыдан жан-жақты терең талдап, түсіндірушілік, мәдениетке, өнерге, әдебиетке қатысты пайдалы пікірлер баршылық.  Ол, сонымен қатар, қазіргі заманға лайықты білім берудің озық үлгісін жасаған жаңашыл ағартушы да. Халықтар арасындағы достық қарым-қатынастардың ұраншысы —  Ф.Гүленнің идеялары кеңінен тарап, оның қолдаушылары әлемнің түкпір-түкпірінде көптеп кездеседі. «ДА» («Диалог-Еуразия») қоғамдық ұйымы жер бетінде бейбітшілікті, халықтар арасындағы достықты  нығайту бағытында жемісті жұмыстар  жасап келеді.

— Аға, сөзіңізді бөлейін. Бізде осы оқу орындарын кім қаржыландырады? Жалпы, бұлардың    түпкі мақсаты  түркі әлеміне қызмет ету ме?

катев— Бұрын орыстардың боданы болдық, енді түріктерге тәуелді боламыз ба деген сияқты  сөздер де естіліп қалып жүр. Түріктер бізге  отарлау үшін емес, біз туысқан бір халықпыз  деген сеніммен, сезіммен келді. Біздің бодандық санадан оянуымыз, түркі тектес халықтардың бір бұтағы екендігімізге көз жеткізіп, туысқан халықтар ретінде бауырластығымыздың арта беруі, түркі әлемінің  әлемдік өркениеттен өзіне лайықты орнын алуы бағытында бірлескен қыруар жұмыстар атқарылып жатыр. Сонда қазақ-түрік лицейлерінің, жоғары оқу орындарының түпкі мақсаты түркі әлемінің болашағына қызмет ету екендігі өзінен-өзі  түсінікті болса керек. Бұл оқу орындарының барлығы Қазақстанның білім стандарттарына, заңдарына сәйкес жұмыс жасайды; сол себепті де шетелдік қаржыландыру көздері жоқ. Кей жағдайларда ғана «Қазақ-түрік білім қоры» (КАТЕВ) демеушілік жасап, қамқорлық көрсетіп отырады.

— Әңгімеңізге көп-көп рақмет!

Сұхбаттасқан  — Сержан Тоқтасынұлы