Бөрікті бөксеге кигізбейді

Естеріңізге сала кетейік, 2012 жылдың 7 мамырында Астананың туристік нышанына үздік нобай жасауға арналған ашық шығармашылық байқау жарияланған еді. «Байқау материалдарын қабылдау 2012 жылдың 7 мамырынан 25 маусымына дейін жүргізіледі. Жеңімпаздар 2012 жылдың 6 шілдесіне дейін (І-ІІ және ІІІ орындар) анықталады. Бас жүлде иеленген жеңімпаздың жоба-эскизіне макет дайындалып, автор туралы жарнамалық буклет шығарылады. Жеңімпаздардың барлығына дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталады» деп байқаудың ұйымдастырушылары «Бәйтерек» халықаралық медиа орталығы жаһанға жар салған болатын. Көзі қарақты оқырманның есінде болса ұйымдастырушылардың мына бір жарнамалары қандай еді? «Астана 14 жыл ішінде көркейіп, гүлденді. Реңсіз, жабық қаладан, көркімен көз жауын алатын әлемдік шаһарлардың біріне айналды. Енді, «Біз туристерді тағы қандай қызықтармен таңғалдыра аламыз?» – дегенді де ойлау қажет. Мысалға, Лондонға барған туристер шынайы өмірде болмаған Шерли Холмстың мұражайына қарай ағылып жатады. Ғұлама Конфуцийдің: «Әлемді таңбалар мен нышандар басқарады…» деген нақыл сөзі бекер айтылмаса керек. Аталған заңдылықты, маркетинг пен жарнама саласының мамандары әлдеқашан сайлап алған, туризм саласы үшін де – айқын мысал», – делінген жалынды, жаныңды тебірентер сөздерден май тамшылап тұрғанын кім ұмыта қойды дейсіз? Байқауға жеке және заңды тұлғалар қатыса алатыны, сондай-ақ жас шамасына байланысты, кәсіби және басқа да шектеулер қойылмайтыны тайға таңба басқандай көрсетіліп еді-ау бәйге шартында.

«Бақсам бақа екен» демекші, бақсақ бәйге мәресіне жететін шілде түгілі, сары күзді бұғаулаған қазан айы есік қағып тұр. Медиа орталық жақтан «сүйіншілеген» дауыс естілмейді. Үнсіздік. Сөйтсек, Астана күніне орайластыра басталған байқау діттеген жеріне әлі жетпегенге ұқсайды. Әлі де шынайы символ іздестірілуде. Бірқатар оңтайлы деген символдар байқау барысында көңілге жаққанымен, олардың ешқайсысы лайықты бағасын ала алмапты. Аталмыш медиа орталықтың басшысы Жанар Колбачаеваның айтуынша, байқау мақсатты түрде ең мықты символ ұсынылғанша жалғасын таппақ. Қызығушылық танытқан көпшіліктің ұсынған жобалары арасында арқардың, бауырсақтың, күннің, ұшқан құстың, аңның, пілдің т.б толып жатқан шығармашылық ізденістердің «жемістері» кездесіпті. Еріккен жұрт не істемесін, кәдімгі картоп пен қарды да бас шаһардың туристік эмблемасына ұсыныпты. Әсіресе жол қараған баланың суреті тартымды шығып, елең еткізгенімен, елорданың сипатын толық ашпайды деп өкініп отырған жайлары бар сарапшылардың. Жол қараған бала демекші, Астананың айшықты келбетін танытатын символдардың ішінде туристерге ұялмай көрсетуге тұратын белгілердің қатарында үшеуі ерекше аталуда. Оның алғашқысы қошқардың басы. Екіншісі қазақы ырыммен жасалған, есі кіре қоймаған жас баланың тоңқайып жол қарауы. (Баласының мұндай қылығын көрген ата-ананың қонақ шақырып жатыр деп мәз болатыны рас). Әйтсе де, тоңқайған жас баланың «құйрығына» қазақша оюы бар қалпақ кигізіп қойғаны ыңғайсыздау әрине. Себебі бас киімнің астында «тұрғанды» шетелдік қонаққа не деп түсіндіреміз? Бас киімді жұлып алса, шошып кетеді ғой қадірменді мырзалар? Осыны да ескерген дұрыс секілді? Үшіншісі, қазақы тақия киген бауырсақ. Жарайды, қара қазанның майына шыжғырылып піскен қызыл-күрең бауырсақ болса бір жөн. Өкініштісі сол, қазақы тақияны «киіп» алған бауырсақ, иі қанбаған қамырдай былжырап, одан қалса бір клеткалы амебаға ұқсап кетіпті. Жалпы бауырсаққа, ас атасына тақия кигізіп «әспеттеу» көзге оғаш көрініп тұрғынын жасырмаймыз. Шетелдіктер көрсе нанмен ойнаған бұларға болмас деп сынап кетпесіне кім кепіл! «Нан болса ән болады» деген Брежневтің сөзіне салсақ, бізді «құтыртып» отырған осы нан!!!

«Қорыққан бірінші жұдырықтайды» дегендей, ұлтымыздың мақтанышы Астананың бет бейнесін әйгілейін символикада, ұлттық нақышымыздың, салт-дәстүріміздің ескерілгені өте дұрыс. Бірақ, таң қалдырамыз деп, таңымыз айырылып кетпесе екен дейміз. Елдігімізді танытқанның жөні осы екен деп, біресе қалпағымызды, біресе тақиямызды, реті келсе бөркімізді насихаттаған болып, (жерге қоймай жоғарыға ұстайтын бас киімдерді), жанды-жансызға кигізіп әуреге түсе берсек, анайылыққа салынып ұлттық болмысымызды масқаралап алуымыз бек мүмкін!!! Келешекте сарапшылар осыған назар аударса дегіміз келеді.

 

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК