Бәраат түні

Қасиетті шағбан айының 15-түні (Ол биыл сəуірдің30-нан мамырдың 1–не қараған түн) – қасиетті Бәраат түні. Бұл түн – періштелер жер бетіне түсетін, дұғалар қабыл болатын, кері қайтарылмайтын берекелі түн. Сондықтан бұл түнде Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) көп салауат, Алладан біліп-білмей істеген күналарымыздың кешірілуін тілеп (истиғфар), дұға, ғибадат, құлшылықпен өткізген абзал.

Өйткені, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шағбан айының жартысы толған түнді құлшылықпен (мағынасы мен маңыздылығына сай) өткізіңдер. Күндіз ораза ұстаңдар. Өйткені, Алла тағала күн ұясына батқан шақта: «Кешірім тілеуші бар ма, кешірейін. Ризық сұраушы бар ма, ризық берейін. Ауру-сырқауға ұшыраған бар ма, шипасын берейін», – деп таң шапағы атқанға дейін рахымын төгеді» дей келе, «Алла тағала шағбан айының он бесінші түні (Бәраат түні) жер бетіне мейірім жаудырып, Өзіне серік қосқандар мен ата-анаға қарсы шыққандардан басқаларды кешіреді», – деп те айтқаны бар. (Сүнән-и Ибн Мажә, Иқамәтус Салат, 191).

Бұл түнді ислам ғұламалары «Мүбәрак», «Кешірім», «Сақ» (кешірім, рахым) деген сияқты әртүрлі атаулармен атайды. Берекелі, рухани, шуақты, құтты түн болғандықтан «Мүбәрак», кешірім тілеген-дерге, рахымы мол Ұлы Жаратушының кешірімі берілетіндіктен «Бараат», сауапты амалдар жасаса, Жаратушы сүйікті құлдарын ерекшелейтіндіктен «Сақ» (кешірімді), есіркеуші, жарыл-қаушы Ұлы Жаратушыға мойынсұнар шақ болғандықтан «Рахым» атаулары берілген. Қай жағынан алып қарасақ та, құттылық пен берекеге толы бұл түнді мұсылман жұртшылығы «Бараат түні» деген атаумен ерекше мереке ретінде атап өтеді.

Қорыта айтқанда, берекеге толы шағбан айын бекерге өткізіп алмай, күндіз ораза ұстап, түнде құлшылық жасаған дұрыс. Бұған қоса, сүйікті Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) сансыз салауат арнаған жөн.

Алла Тағала келесі жылғы шағбанға төрт көзімізді түгел, береке-бірлікте аман-есен жетуді нәсіп еткей! Әумин!

Мазхаб.кз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған