БАЛА БАСТАУЫШ МЕКТЕПТЕ БАР ПӘНДІ АНА ТІЛІНДЕ ҒАНА ОҚУ КЕРЕК.

150 жылдық мерей тойы.
Егер туған даласында лаулап өрт боп жатпағанда, дүркіреп той боп жатар еді…

Ұлтқа еңбек етудің ғажап үлгісін көрсетіп кеткен ұлт ұстазының әр сөзі, әр қадамы әр қазаққа үлгі болары сөзсіз!

Ахаң өмірі, еңбегі біздің ұстаздардың мәңгілік бағыт бағдарымыз болуы керек!

✔️Балаларға көп үйретем деп, асығып шала-шарпы үйретуден, аз да болса, анықтап нық үйрету абзал.

✔️Бала бастауыш мектепте бар пәнді тек ана тілінде ғана оқуы керек.

✔️Білім – бір құрал. Білімі көп адам құралы сай ұста сықылды, не істесе де келістіріп істейді.

✔️ Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек. Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді.

✔️ Тіл білімі ереже жаттату түрде үйретілмей, сөздің тұлға, мағына, қисын жағын тану түрде үйрету керек. Сөздің тұлға, мағына жағын тануға керегі жоқ нәрселер тіл білімінің сабағына кірмеске тиіс.

✔️ Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген, ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Қазақ сөздерін алып, орыс я ноғай жүйесімен тізсе, әрине, ол нағыз қазақша болып шықпайды. Сондай кемшілік болмас үшін әр жұрт баласын әуелінде өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі ана тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқытуға тиіспіз.

✔️ Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек.

✔️Оқу құралының ең ұлығы – бала оқытатұғын кітап.

✔️Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады, өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады.

✔️ Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды.

✔️ Адамға тіл, құлақ қандай керек болса… білім де сондай керек.

✔️ Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек.

✔️ Сауатты адам жазғанда қол дағдысымен жазады.

✔️ “Біреу жұмыс қылайын десем, тұрған жерім жаман дейді, біреу маңайымдағы елім жаман дейді. Бұлардың бәрі де бос сөз. Абақтыдан жайсыз орын жоқ, онда да отырып жұмыс істеуге болады”

✔️Әркім өзі жақсы білетін нәрсесін сынауы керек.

✔️Күнелту үшін – ас керек, ас істеуге – күш керек, күшті жұмсауға – ес керек.

✔️Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім.

✔️ Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл, құлша тәрбиелесең – құл болмақшы.

✔️ Жұрт керегін білетіндер – көп, істейтіндер – аз.
✔️ Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады.

✔️ Балам деген жұрт болмаса – жұртым дейтін бала қайдан шықсын!

✔️Той деп шашылды, ас деп шашылды, ар, білім деп дәулет шашарға қай қазақтың қайраты жетеді?!

✔️Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса, ұқпасын жабықпаймын,
Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін.

Ахмет Байтұрсынұлы.