Азаматтың өзін бағалауы

Ер азаматты түсінгіңіз келсе, оның әйеліне қараңыз. Оның таңдаған, жаулап алған, бірге тұратын әйеліне қараңыз. Басқалар маңызды емес. Тек бір шаңырақ астында кіммен тұратыны маңызды.
Мықты, жігерлі, сымбатты әйел – яғни, бұл азамат өзін құрметтей біледі, өмірде қол жеткізген жетістігі аз емес. Ол әлі де талайға қол жеткізеді. Себебі, бас жүлдеге ол қол жеткізген. Осындай әйелдің махаббатына ие.
Адал, үй тірлігіне бейім, отбасылық құндылықтарды құнттайтын әйел азаматын табысты етеді. Отбасылық бақытты сезінсе азаматтың өзі де табысты болуға талпына береді.
Ақылды әйел – яғни, азаматтың өзі де ақылды. Екі ақылды адам жұптасса, ең күрделі жоспарды жүзеге асырып, ғаламат жетістікке қол жеткізеді.
Мейірімді әрі кеңпейіл әйел – яғни, азаматтың өзінде де осы қасиеттер бар деген сөз. Ол осы қасиеттерді жетілдіре береді. Әзірге ақылы анық көрінбеуі ықтимал, бірақ ол өте ақылды таңдау жасаған.
Бақытты әрі еркін, мықты әрі ақылды, адал әйел – тек жеңімпаз азаматтың жары. Мұндай жігіт өмір жолын әп дегеннен дұрыс бастамаса да, кедейлікпен күресіп, көп қателік жасаса да, ол түбі бақытқа кенеледі.
Әйел – азаматтың жетістігі мен марапаты. Еркектің деңгейін көрсететін таразы. Еркектің жан-жүрегі таңдаған әйелінің қылығынан бірден көрінеді.
Бір қарағанға өте ақылды азаматтың жанында «санасыз сайқал» жүрсе, ондай азаматтың келешегі күмәнді. Қазір өзін бақытты сезініп, мүмкіндігі көп болып көрінсе де, ертеңгі күні не болары белгісіз. Біраз уақыттан соң ол бәрінен айырылып қалады. Себебі, жүрек түкпірінде ол өзін құрметтемейді. Жетістіктің баянды болатындығына сенбейді. Жеңімпаздың алтын жүлдесін таңдаудың орнына жылтырақ ойыншықпен өзін алдарқатқаны.
Егер әйел долы болса, онда еркек те жүрек түкпірінде залым болғаны. Сырт әлпеті мейірімді көрінгенмен, шын мәнінде өзінен айнымайтын адамды таңдаған.
Жетістікке жеткен, мықты азаматтың жанында жасық, әбден қалжыраған әйел болса, бұл өте қайғылы. Ендеше ол жасық адамның менін таптау арқылы өзін жетілдіріп отырған. Әйелін күңге айналдырған. Яғни, ол жүрек түкпірінде құл. Ол түбі біреудің құлы болып өмір сүрмек.
Әйел – жеңімпаздың ең бағалы марапаты. Азаматтың таңдауы. Азаматтың өмірдегі басты жеңісі. Азаматтың кім екенін бағалау үшін, ол өзі туралы қандай ойда екенін анықтау үшін оның әйеліне қарасаңыз жеткілікті. Әйел – еркектің жаны мен жүрегінің айнасы.
Азаматтың өзі туралы ойы. Азаматтың өмірлік деңгейін көрсететін көрсеткіш.
Анна Кирьянова

Аударған Шынар Әбілда