Азаматтық алатын ағайынның алдында әлі де кедергі бар

Baq.kz – Былтыр қараша айында президент Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды. Аталған Заң жобасы әсіресе, шетелдегі қандастардың атажұртына оралып, Қазақстан азаматтығын алуына жол ашты.  

Содан бері қандастардың елге келіп, азаматтық алуы жеңілдей бастады. Қысқасы, отанына жолы түскен қазаққа 5 күн ішінде «оралман куәлігі» беріледі, тұрақты тіркеуге отырып, ықтияр хат алады. Ары қарай жергілікті ішкі істер мекемелеріне тиісті құжаттарын толық өткізсе, жеңілтетілген тәртіппен 3 ай ішінде, ары кетсе бір жылда азаматтығын алады.

скачанные файлыАслан Қаржаубаев

Ендігі мәселе осы «оралман куәлігінен» шығып тұр. Қазақстанға бұрынырақ Қытай Халық Республикасынан келіп, ықтиярхатпен жүрген Нұргүл Тұрдақынқызы 2011 жылы «оралман куәлігін» алған. Жаңа заң қабылданған соң азаматтық алмақ болған қандасымыздың құжаттарын Ішкі істер министрлігінің Көші-қон полиция департаменті, Азаматтық, эмигарация басқармасы қабылдамайды. Себебі, 1 жылға ғана берілген «оралман куәліктің» уақыты өтіп кеткен. Енді ол Қытайдың азаматтығынан шыққаны туралы анықтама әкелуі қажет екен. Ал, бір жылға ғана жарамды «оралман куәлігі» қайта ұзартылмайды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Аслан Қаржаубаевтан анықтап сұрадық. Аслан Жұмағалиұлы 2010-2102 жылдары оралман мәртебесін растайтын куәліктің тек бір жыл мерзімге ғана берілгенін, уақыты өтіп кеткен жағдайда, оның ары қарай ұзартылмайтынын айтты. Демек, бұндай адамдар енді тек бұрынғы өзі тұрған елінен азаматтықтан шыққаны туралы анықтама әкеліп қана Қазақстан азаматтығын алуға құжат өткізе алады. Ал, бұған қарама-қайшы келетін және бір мәселе бар. Яғни, Қытай үкіметі сұрап барған адамға ол анықтаманы бере салмайды. Олардың да өз талабы бар. Егер, Қытайдың азаматтығынан шыққыңыз келсе, басқа елдің азаматы болғаныңызды анықтайтын анықтаманы қытай тарапына тапсыруыңыз керек. Сонда ғана олар сізге «азаматтықтан шықты» деген анықтама береді. Оның өзін екі жылдан кейін ғана.

скачанные файлы (1)Серік Сайынов

Сонымен, не Қытайдан анықтама ала алмай, не Қазақстанның азаматтығына өте алмай жүрен Нұргүл секілді біраз қандастардың проблемасы әлі шешімін таппаған күйі тұр. Осы мәселені анықтап, келешекте қалай бір жайлы етілетінін білу үшін Ішкі істер министрілігі, Көші-қон полициясы департаментінің басшысы Серік Сайновқа хабарластық. Шенеунік бұл мәселе туралы орынбасары Галина Сәрсановаға сөйлесуді айтты. Галина Ордабайқызы тек баспасөз қызметі арқылы ғана ақпарат беретінін жеткізіп, сауалымызға жауап қайтарғысы келмеді. Себебі, министрдің бұйрығы солай дейді. Ақыры, осы департаменттің Азаматық, эмиграция және босқындар жұмысы басқармасының аға инспекторы Гүлбағда Боранбаевамен тілдесуге орай жаратты. Аға инспектор Қазақстан азаматтығын алғысы келетін адам, Қазақстанның заңы бойынша басқа елдің азаматтығынан шыққаны туралы анықтама әкелуі керектігін айтты. «Біз Қытайдың заңымен жұмыс істемейміз, өз заңымыз бар, сондықтан оның талаптарын сақтаймыз» дейді. Яғни, бір-біріне мүлде қарама-қайшы екі ел заңының арасында азаматтық алуға ниетті қандастарымыз шарасыз қалып отыр деген сөз. Г.Боранбаева бұл мәселені реттеу үшін екі ел үкіметі өзара ұсыныспен шығып, тек үкіметтік келісім деңгейінде ғана шеше алады деген ойын айтты. Ал, қазір ондай келісімге келу туралы әлі әрекет жасалып жатқан жоқ.

скачанные файлы (2)
Ауыт Мұқибек

Екінші бір мәселе, Қазақстанда тұрақты тұруға ықтияр хат алатындар үшін сұралатын «сотталмағандығы туралы» анықтама. Жаңа қабылданған заңда 49 баптың 9 тармақшасындағы сотталмағандығы туралы анықтама әкелу талабы әлі сақталған. Бұл да Қытайдан келетін қазақтар үшін үлкен кедергі келтіріп отырған тармақша болып тұр. Тіпті, Қытайдан келетін қазақтар үшін ол анықтаманың қажеті де жоқ. Себебі, қытай қылмысы болған, сотталған адамын шетелге шығармайды, паспорт бермейді. Оны Қытай заңмен шегелеп тастаған. Шеттегі қазақтардың отанына оралу мәселесінде аянбай күш салып жүрген, Заң жобасын талқылау кезінде Мәжілістің жұмыс тобының отырыстарына қатысқан ақын, қоғам қайраткері Ауыт Мұқибек бұл туралы Қытайдың заңын анық көрсетіп берген болатын. ҚХР Бүкіл мемлекеттік 10-кезекті Халық құрылтайы Тұрақты комитетінің 2007-жыл, 29-көкектегі 21-жоралар мәжілісінде мақұлдаған, ҚХР төрағасының қолы қойылған, 2007-жылғы қаңтар айының 1-күнінен бастап атқарылған №50 бұйрықта былай деп ашық жазылған: «13-тармақ: Шетелге шығуға өтініш білдірген азаматта төмендегі жағдайлардың біреуі жүз берген жағдайда, паспорт үстелі Төлқұжат рәсімдемейді: 1. ҚХР-ның азаматы емес болса; 2. Өзінің кім екендігін дәлелдей алмаса; 3. Құжат алу барысында жалған дәукімет жасап, алаяқтық істесе; 4. Сотталып, жазасын өтеуде болса; 5. Соттың толық шешімі шықпаған істі адамдар болса; 6. Қылмыстық іске қатысы бар деп жауапқа тартылған күмәнді адамдар болса; 7). Мемлекеттік құзырлы мекемелерде қызмет атқарған, шетелге шыққан соң мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіреді, зор залал келтіреді деп есептелсе. «Демек, мұнда келіп жатқандар осы жеті сүзгіден өткендер, қылмысқа қатысы жоқ, судан таза, сүттен ақ қазақтар» дейді Ауыт мырза. Бұл заңның растығын Қытайдың Қазақстандағы елшілігі де дәлелдеп, Қазақстанның құзырлы орындарына жауап беріпті. Ал, осыны білсе де, білместікке салып, қандастарды құр сабылтып отырған Ішкі істер министрлігінің не білген ойы бар?

Иә, бұрын атышулы екі анықтама еді. Ауыт Мұқибектей азаматтардың күш салуында оның біреуі – сол елдің азаматтығынан шыққанын анықтайтын шығу парағы талап етілмейтін болды. Бірақ, атышулы екі анықтаманың біреуі қалып отыр. Иә, 45 баптың 9 тармағы бұрынғысынан қарағанда сәл жұмсарып, қытай заңына бейімделгенімен, бәрібір анықтама әкелу мәселесі қиындық тудыруда. Себебі, қытай тарапы бұл анықтаманы сізге жайдан-жай ұстата салмайды. Бұл туралы Ауыт Мұқибек «соңғы мәліметтерге қарағанда, Қытай Елінің бас газеті «Жэньминь жибао» 2015 жыл, 25 тамыздағы санында ҚХР Қоғам қауіпсіздік министрлігінің осы жылдың 22 тамызындағы бұйрығына сілтеме жасай отырып, «ҚХР Қоғам қауіпсіздік тараулары жағынан берілмейтін 18 түрлі анықтаманың» тізімдігін жариялапты.

Сол «18 анықтаманың» 14-сі «соттылыққа яғни заңға қайшы қылмысының бар немесе жоқтығына» байланысты анықтама екен.

Онда: «Кез-келген жеке тұлғаның қылмысқа қатыстылығы жөніндегі мәлімет қоғамдық қауіпсіздік мекемелерінің ішкі шаруасы. Сол себепті, мемлекеттік әкімшілік және әділет мекемелері жеке тұлғаның саяси толымдылығын тексергісі және де жеке тұлғаға қатысты басқа да мәліметтерді анықтағысы келсе; ал, кәсіп орындар мен қоғамдық мекемелер өз қармағындағы аса маңызды деген лауазымды орындарға тағайындамақшы болған жеке адамдар жайлы толық мағлұмат алғысы келсе; анықтама талап еткен орынның тексеру өкілеттігі бар құзыретті адамы арнайы қызметтік куәлігімен және аталған мекемелердің арнайы қатынас хатымен келген жағдайда ғана мәлімет берілуі мүмкін. Ал, аталған анықтама жеке тұлғаның өз қолына бұдан былайғы жерде ешқашан берілмейді» – делінген!
Және ол бұйрықтың жергілікті жерлерде қатаң атқарылып жатқаны да анықтама сұрап барып жатқан қандастарымыз арқылы мәлім болды» дейді.

Бұдан шығатын қорытынды: «Қазақстанның азаматтығын алу үшін құжат өткізейін деп едім» деп сотталмағандығы туралы анықтама сұрап барған жеке адамға, кез-келген қазақты Қытай жағы есігінен де сығалатпайды. Оны тек, Ішкі істер министрлігінің арнайы хатымен сол мекеменің білдей қызметкері ғана барып ала алады. Ал, оны алуға асығып отырған министрлік те, қызметкер де көрінбейді. Демек, анықтама үшін жүгіретін ағайынның алдында әлі үлкен бөгет бар. Бұл мәселе, жақын уақыттарда қайта қаралатын болар. Егер, назар аударылмай, келген ағайындар қиындыққа ұшырай беретін болса, қоғамдағы белсенді азаматтар мен ұйымдар қарап жатпайтыны анық.скачанные файлы (4)

Ал, жаңа заң бойынша жағымды жаңалықтардың бірін айта кетейік. Яғни, шетелден келетін ағайындар 2014 жылы наурыздың 20 күні қабылданған «Оралмандарды қоныстандыру үшін өңірлерді айқындау туралы» деп аталатын 248 қаулысы бойынша Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарына баратын болса, оларға әлеуметтік жеңілдіктер – жұмыспен қамту, баспанаға көмектесу, жол қаражаттарын төлеу және т.б игіліктер жасалмақ. Бұл жағдайды Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлiгі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің басқарма басшысы Марат Тоқсанбаев та тағы бір рет растады. Бұдан сырт жаңа қабылданған заң жобасының шеттен оралатын қандастар үшін тиімді тұстары аз емес екенін айта кетпекпіз. Жаң заң жобасымен мына сілтеме арқылы оқып, танысуға болады.

Мұрат Алмасбекұлы