Ауруға ем болған «жұмақ» көлі

Табиғаттың өзі адамдар үшін әдейі сары майдай сақтап қалған бұл қасиетті «жұмақ» көлі туралы талай-талай қызықты әңгімелер неше жылдардан бері үздіксіз айтылып келеді. Осы бір аңыз болған қасиетті көлге бару үшін қанша жиналсақ та, реті келмей, биылғы жылдың шілде айында ғана жолымыз түсті. Балқаш өңірінің құм, жоталы, сексеуіл тобылғы, жусан өскен кең даласындағы Матайға баратын тас жолмен ұзақ жүріп отырып, біз мінген көлік сол жаққа бұрылып, құм-жоталы ирелеңдеген дала жолына түсті. Биылғы дүркін-дүркін нөсерлетіп тұрған жаңбырлы жаз мына кең даланың тарбиып өскен ағаш-талы мен көк шөбін мезгілінен бұрын қуратпай, жан-жағымыз жасыл желек — қурай, қамыс, жусан және тағы басқа өсімдіктерге тұнып тұрғанын көріп, қатты сүйсіндік. Ата-бабамыз мирас қылып тастап кеткен ен байтақ жеріміздің жұпар ауасы мен қарасаң көз жетпейтін, аспанмен астасып жататын қиыр шығысы адамның көңіліне ерекше бір сезім әкеледі.

Жол азабының қиыны-ай!

Төбе-ойлы құмдауыт жолмен тоқтамай зымыраған көлігімізде үрейлене алға қарап отырдық. Алайда жүргізуші жігіт ағасы үйреніп алған ғой деймін, бейне бір тас төселген жолда келе жатқандай жылдамдығын төмендетпей-ақ қойды. Оның мәнісін кейіннен білдік, егер тежегішті басып, жылдамдығын төмендетсе, мына сары құмды жолда шаңқай түсте тығылып тұрып қалады екенбіз. Онда бізге көмекке келер жуық маңда көлік табыла қоюы неғайбыл. Жалғыз ғана жеңіл мәшине әрең сиятын жолмен жүретін көліктердің де қарасы шамалы.

Сонымен, қарап отырмай, өзіміз бет алған Балқаш өңірінің Райхан ана көлі немесе ««жұмақ» көлі» деп атап кеткен жер астынан ыстық суы бұрқылдап бір ғасырдан бері толассыз шығып жатқан табиғаттың бір қасиетті су көзі туралы естігенімізді өзара әңгіме жасап, бөлісіп отырдық.

Аңыз да ақиқаттан туады

Бұл аңыз сияқты әңгіменің астарында ақиқат жатқанына күмәніміз жоқ. Өткен ғасырдың 35-40 жылдары аралығында бір шағын ауылда Райхан есімді әйелдің үсті-басына жазылмайтын жара қаптап кеткен екен. Ол кезде дәрігерлік көмек деген шет жатқан ауылдарда мүлде болмаған ғой. Осы әйелдің ауруы меңдеп, түріне қараған адамдар тұра қашатын болған. Ақыры өзінің отбасы да жарасын жұқтырып алудан қорқып, әйелден бас тартыпты. Әбден қынжылып, жылаған Райхан ауылынан шығып, басы ауған жағына құм-жотаны жағалап кете берген екен. Қанша жүргені белгісіз, аштықтан әйел әлсіреп, құлауға айналады. Оның үстіне күні-түні соққан даланың ыстық желі мен үздіксіз көшіп отыратын сары құмы Райханның тынысын тарылтып, ажал құшуға айналады. Осылайша тәлтіректеп келе жатқанда бір төбенің баурайында жарқырап жатқан айнадай мөлдір көлді көреді. Өмірден күдер үзген әйел енді осы бір сұлу көлге түсіп, батып кетуді ойлайды.

Көл жағасына келіп, жаратушы Алла Тағалаға жалбарынған әйел соңғы дұғасын оқып, суға бойлап барып, сүңгіп кеткен екен. Алайда көлдің мөлдір суы әйелді жеп-жеңіл іліп алып, жағаға шығарып тастайды. «Мен дұрыс батпаған екенмін», — деп, ол қайта көлдің ортасына шейін барып, суға сүңгіп кетсе, қайта жағаға шығып қалады. Осындай әрекетін төрт-бес рет қайталаса да Райхан ана суға батпай қояды. Содан қалжырап, жағадағы қара батпақты жастанып жатып, ұйықтап кеткен екен. Таң қылаң бергенде оянып, қол-аяғына, денесіне қараса, жараларының аузы қарақотырланып қалғанын көріп, таң қалады. Райхан ана бұл көл суының қасиетті емі бар екенін бірден сезіп, қайтадан суға шомылады. Арада бір жетіге жетпей жатып, бүкіл денесіндегі тұтасқан жаралардың аузы кеуіп, орындары жазыла бастайды.

Содан бұл әйел бұл емді Жаратушы жіберді деген ұғыммен көл басында ұзақ күн отырып, дұғаларын оқитын болған. Сол төбе, жоталарда өсіп, тұнып тұрған жабайы жеміс-жидекпен қатар қол созым жердегі басқа шағын көлде тулап жатқан балықтарды ұстап талшық етіпті. Осылайша басы-көзіне шейін қаптап кеткен жаралары жазылып, адам қалпына келген Райхан көлге ««жұмақ»» деп өзінше атау берген. Күн ұзақ қалың қамыс өскен көл жағасында отырып, тұп-тұнық сумен сөйлесіп, сырласатын, мұңдасатын болыпты.

Жаралы жандарды емдеген әйел

Содан әбден ауруынан айыққанда ғана ол ауылына оралса, соғыс басталған екен. Ауруынан қалай жазылғаны жөнінде ешкімге тіс жармаған ол соғыстан аяқ-қолы жоқ және басқадай жараларынан қанды ірің аққан жас жігіттердің оралғанын көріп, жаны қатты ашыған. Содан ол кезде көлік дегеннен көтерем ат пен арбаны жегіп, ауылдағы жарасы жазылмай жатқан соғыстан қайтқан солдаттарды осы көлге өзі алып келіп, емдей бастаған. Жаралары жазылып кеткен адамдардың санында есеп болмапты. Осылайша емші әйелдің есімі ел аузына тарай бастайды. Ол ешқашанда жасаған жақсылығы үшін ақы алмаған екен. Онымен қоймай, Райхан ана аяқ-қолы сырқырап ауырған адамдарды да өзі көлге әкеліп, сумен емдей бастапты. Ауруды жеңген Райхан ананың әрбір жылы сөзі адамдардың жанына шипа болғандай әсер етіпті деген аңыз айтылады. Осылайша ел арасында «Райхан ана «жұмақ» көлі» деген атау тарап кетіпті. Өмірден көшкенінше Райхан ана осы қасиетті көлді көзінің қарашығындай күзетіп, кез келген көк аттыны жүргізбеген екен. Жасы келіп қартайған шағында: «Мені осы көл маңына жерлеңдер, алыстан қарап жатайын», — деген өтініш білдіріпті. Ол өтініші орындалған екен.

жұмақ көлі

Емші ананың қабірі

Сонымен, 25 шақырымды ой-шұңқырлы, төбе-белді ирелеңдеген жолмен жүріп отырып, біраз жерге ұзадық. Жолай кездескен бес-алты айнадай жарқырап жатқан көлдерді көріп, жеттік па деп қуанып қалсақ, жол басшымыз:

— Бұл «жұмақ» көлі емес, кәдімгі балығы тулап жатқан тұщы көлдер ғой, — деп, мойнын да бұрған жоқ.
— Ойпырмай, мына жол 25 шақырым емес, тура 40 шақырымға татиды ғой, — дейді көлге барып ем аламын деп келе жатқан Райхан апамыз өз күдігін білдіріп, мазасызданып. Сонымен аптап ыстық желмен, бұрқыраған қызыл құмның арасымен бір биік төбеге көтерілгенімізде, дәл қарсы алдымыздан темірмен қоршалған өзгеше бір көне бейіт көрінді. Өзгеше дейтініміз, теміріне жүздеген байланған орамалдар желмен желбіреп тұр екен. Біз де төбеге көтеріліп, әлгі орамалдар желмен желбіреген және даланың сексеуілдері қойылған марқұм ананың бейітіне дізе бүгіп, құран бағыштадық. Содан кейін ғана етекке түсіп, жиырма метрдей жерде жарқырап жатқан көл басына келдік. Айнадай ғана шағын көлдің жағасында жиырма шақты көлік қаңтарылып, кішігірім үйшіктер тігулі тұр екен. Үлкен-кіші адамдардың қарасы жетерлік. Мұнда ем алуға келген адамдар ешкімді жатырқамай, амандасып, ежелгі таныстай бізді жақсы қарсы алды.

«Біссіміллә» деп шомылатын көл

Біз де өзіміз алып келген қонуға арналған шағын үйшіктерімізді орналастыратын жерді ыңғайлап, киімімізді шешіп, көлге беттедік. Бұл көлге де «біссімілләмізді» айтып шомылу керектігін ескерткен. Адам бойына жетер-жетпес суды кешіп жүре бергенімізде табанымыз ыстық батпаққа тиді. Көл астынан ыстық су бұрқылдап шығып жатқанын сездік. Бір өзгешелігі — аяқтарыңызды жинап алсаңыз да қорқудың ешбір себебі жоқ, су сені батырмай бір қалыпты ұстап тұрады екен.

— Судың түбіндегі батпақтың ыстығы + 70 градусқа шейін көтеріледі. Байқаңыздар, табандарыңыз күйіп қалмасын, — дейді бауырын емдеуге Ескелді ауданынан келген Асқар есімді жігіт.
Шынымды айтсам, көл түбінен шымырлап шығып жатқан ыстық сулы батпақтың адам ағзасына бірден беретін қуатын сөзбен жеткізе алмаймын. «Жұмақ» деген сөз осыдан шыққан шығар. Аяғыңды көтеріп әртүрлі қимылдар жасасаң да, денеңді тұзды су толқыны ұстап, қалықтап, батпай тұрасың. Жоғарғы жағы салқын да түбі ыстық көл тек екі жерде ғана бар дейді. Бірі Израильде болса, екіншісі осы Балқаш өңіріндегі табиғаттың өзі адамға сый жасаған «Райхан ананың жұмақ көлі» екен. Мұны орыс тілінде айтып түсіндірсек, «мертвое море» дейміз. Өйткені бұл аса тұзды көлде балықтар, бақа-шаян деген мүлде жоқ. Ал еврей халқының өздеріндегі ерекше көлден туристерді шомылдырып, қанша пайда тауып жатқанын айтпай-ақ қояйын.

Тек қана бірінші рет 15-20 минут шомылуға болатынын жан-жағымызда ем алып жүрген адамдар ескертіп үлгерді. Алайда өзімізді сиқырлап қойғандай көлден шыққымыз келмейді. Тіпті менімен бірге келген Құралай есімді әйел көлдің ортасына шейін екі қолын қанат қылып жайып, аяғы жерге тимей жүріп барып келді. Теңіздің толқынымен жүгіріп жүрген адам туралы жазған Александр Грин деген фантас жазушының аңыз шығармасы есіме түсті. Ол кезде аңыз деп ұқсақ, өзіміздің Жетісудай шырайлы жерімізде толқынымен жалаңаяқ жүруге болатын көлді көріп, ақиқат екеніне сендік.

+47 градусты батпақ

Бұл көлдің тағы бір қасиеті күкіртті сутегі мол қап-қара батпағы екен. Көл түбінен шелекпен шығарып, емделуге келгендер аяқ-қолына, бүкіл денелеріне жағып жатыр. Батпақтың +47 градус екенін өзіміз ем алғанда білдік. Бастапқыда ыстығына әрең шыдасаң да, салқын самал желмен денеңе жаққан батпақ тез суып кетеді. Қол-аяғы, белі сырқырап келген және денелерінде әртүрлі тері аурулары бар адамдар барлығы жабылып ем алып жатыр. Әңгімелерін тыңдасам, адамдар еміне шипа іздеп, жер түбіндегі көлге жылма-жыл келіп тұрады екен. Мұнда айтылатын аңызға бергісіз әңгімелер жетерлік. Негізінен дәрігерге емделсе де ем қонбаған адамдардың келетін «жұмақ» көлі екен.

Соңғы жылдары адамдардың арасында буын ауруларының етек алғаны құпия емес. Екінің бірі, әсіресе жастары келген қарттар артроз, артрит, полиартрит, подагра, псориаз және тағы басқа аурулармен ауырады. Бұған қоса аяқ астынан апатқа түсіп, тірек-қозғалысы шектеліп қалғандар бар. Ауа райы салдарынан ба, себебін анықтау мүмкін емес, әртүрлі тері ауруларымен де адамдар жиі ауыратын болды.

Бір жігіт буын ауруына ұшырап, жүре алмай қол арбаға отырып қалған екен. Осы «жұмақ» көліне үш күн келіп ем алған соң, өздігінен жүретін халге жетіпті. Екінші бір жас жігіт жол апатына түсіп, аяқ сүйектері шытынап, бітпей, төсекке таңылған екен. Үш рет келіп көлде емделіп, енді доп теуіп жүр дейді. Ал денесіндегі жаралары жазылып кеткен адамдар туралы аңыз-әңгімелер жетерлік. Оны екінің бірі жарысып айтып береді. Тіпті бұл көл адамдардың қан қысымын да емдейді екен. Қатты күйзеліске түскен жандарға шипа беретін көрінеді. Әр күн сайын көліктермен келіп, ем алып жатқан адамдардың арасында Семей, Өскемен, Алматы, Астана және Талдықорған қалаларынан келген адамдардың қарасы жетерлік. Әрине, дәрігерлердің бақылауынсыз ем алып жатқан адамдардың «Осы Райхан ана жұмақ көлі ауруыма шипа болады» деген сенімдері өте жоғары. Онда адамдар бір-біріне бір-ақ ауыз сөз «Ем болсын!» деп айтады. Жалпы, бұл емделуге келген адамдардың барлығы жаман сөздер айтпайды, бір-бірін ренжітпеуге тырысады екен. Өйткені Райхан ананың рухы кейіп қалады деген ұғым да қалыптасқан.

Түйін сөз:
Бәрі дұрыс, табиғат-анамыздың өзі адамдардың ауруына шипа болатын осы көлді пұшпағын бұзбай сақтаған екен. Біріншіден, бұл көлдің суын да, батпағын да аса мұқият зерттеу қажет. Өйткені сан түрлі аурулардың жазылуы кездейсоқтық емес қой. Екінші айтпауға болмайтын келеңсіз жағдай — дертіне ем іздеп барған адамдардың көлдің айналасын ластап жатқанын көзімізбен көрдік. Мұнда қоқыс жәшігі, әжетхана деген атауымен жоқ. Әрине, айдалада жатқан көлге баратын адамдарға толық жағдай жасау керек деген ойдан мүлде аулақпыз. Бірақ облыстың Ақсу ауданына қарайтын бұл жерді, көлді күзететін қорықшы бар екен. Неге келіп-кеткендерден заңдастырып, аз болсын тиын-тебен алып, адамдарға қажетті нәрселерді қоюға болмайды. Екінші бір айтпағымыз — көліктер, көлдің суын ғана емес, бөшке-бөшкені толтырып қара батпағын да тасып алып кетіп жатыр. Осылайша жалғаса берсе, бір күні табиғаттың бергені де, берері де таусылатынын бәріміз жақсы білеміз ғой.

Табиғат бар байлығымыз деп ұрандатып жатамыз. Ал осы табиғаттың бергенін сақтау үшін қол ұшымызды жыбырлатпайтын кездеріміз бар. Ал жердің қорықшысы болса «жұмақ» көлдің қасиетін естіген адамдар топ-тобымен қаптап келсе, бұл жерге сыйдыру мүмкін емес деген өзінің қорқынышын айтты. Келушілерге ешбір жағдай жасалмаған ««жұмақ» көл шын мәнісінде қорғауды қажет етеді. Бұл жөнінде облыстық табиғатты қорғау мекемелері уақыт ұзатпай тиісті шара қолдануы аса қажет.

Нұрила Бектемірова